Бүгінгі қоғамымызда бұрыш-бұрышта
құшақтасып тұрған жастарды көріп, жасы үлкен аға-әпкелеріміздің жастардың
тәрбиесіне талай сын айтып, мін тағып жататындығын білеміз. Олардың аузынан
«Осылардың махаббаты шынайы болып, шаңырақ көтерсе жақсы ғой, текке әуреленбей.
Қыздар да, бар қадір қасиетін кетіріп, әркіммен бір жабысып... Жігіттерді қойшы
сол, сүйген қызын сыйлап болашақ жары етіп
қараса болғаны» деген сөздерді айтады. Десек те, бұл жастардың санасында
үйреншікті әдетке айналып кеткен секілді. Қазақ қыздары мен жігіттері еш
қымсынбастан бір-бірлерімен кездесіп, ұнатқандары жүріп кете береді. Бұл жерде
әрине, оларға кінә тақпау керек шығар. Өзінің екінші жартысын іздеп, махаббатын
табуға әркімнің ұмтылатыны анық. Дегенмен, осы махаббаттың да қадірі кетті ме деген ойға
қаласың. Айталық, жігіттер қыздарға жеңіл оймен қарап, уақытты қызықты өткізсем
дейді. Қыздар болса, жігіттерді оның адами қасиеттеріне қарап емес, материалдық
жағдайына, кәсібіне, тіпті көлігіне қарап таңдауды шығарған. Көпке топырақ
шашпаймын, сонда да осылай ойлайтындары толып жатыр. Осыдан болар, жастардың
бірін-бірі түсінісуі қиындап кеткендігі.
Бірақ, барлық
қыздардың арасынан «жігітпен жүрмеген» қыздар туралы айта қалсаңыз болды,
жігіттердің барлығы дерлік таң қалып, «Қалайша, осы уақытқа дейін ешқандай жігітті ұнатпаған. Бұл мүмкін емес
жағдай ғой. Болса да, қыздың өзі тым тәкаппар, өркөкірек болғаны болар» десіп
жатады. Айналып келгенде, әрқайсысы да өз идеалдарын іздеп, босқа бас қатырып
жүргендер ме сонда? Не де болса, осы толғандырған сұрақтардың төңірегінде
қыз-жігіттеріміздің өздері жауап берсін деген оймен сауалнама жүргізген едім.
Жауаптарын толықтай назарларыңызға ұсынамын.
Ұлдарға қойылған сұрақтар:
1. Қазіргі таңда қыз балалардың
арасынан «жігітпен жүрмеген» қыздарды (22 жасқа дейін) кездестірдіңіз бе?
2. «Жігітпен жүрмеген» қыздарға
ер азаматтарымыздың көзқарасы қандай?
3.Жүріп жүрген қызыңыз болса,
оған болашақ жарым деп қарайсыз ба? Немесе арманыңыздағы болашақ жарыңыз қандай
болуы керек?
Дидар Ауғанбай, 25 жаста:
1) Қызбен, не болмаса жігітпен жүрмеген
жасөспірімдер, жастар жетерлік. Оның себептері де жетерлік. Біріншіден,
жастардың ұялшақтығы, тұйықтығы, сенімсіздігі. Екіншіден, жауапкершілікке бара
бермеуі, яғни шынайы жақсы көру деген сезімге берілмеуі. Үшіншіден, жігіттердің
материалдық жағдайының жеткіліксіздігі немесе қыз бен жігіттің арасындағы
материалдық деңгейінің де сәйкес келмеуі де болады. 2) Жігітпен жүрмеген
қыздарға басқаларын қайдам, өзім оң көзқарастамын. Өйткені, бәрі тең ғой. Адам
баласының жаманы жоқ,оның мінез-құлық басқа да қасиеттері бойынша жүрмесе, әлде
басқа жәйттар әсер етсе, ол болмашы нәрсе шығар. Болашаққа деген көзқарасы
емен-жарқын болса, әр жанның теңін табарына сенемін. 3) Әрине, жүріп жүрген
қызым болса, оған болашақ жарым деп қарар
едім. Өйткені, ата-анадан, үлкендерден алған тәлім-тәрбиеміз қызды алдау емес,
оны аялау болып табылады. Қыз нәзік келеді, қызға болашақ жарым деп қарамай,
тек уақыт өткізумен жүрсем, ол менің қыздың тағдырына, сонымен бірге өз туған әпке-қарындастарымның
да тағдырына балта шапқаным болар еді. Ал жар мәселесіне келер болсақ, арине,
кейін сенімен қуанышта да, қиындық пен қайғыда да қасыңнан табылатын жарың
болатыны сөзсіз. Сондықтан, жарымның көркем мінезді, текті, инабатты да ибалы,
қайырымды, ақыл-парасатты, адал, қарапайым және ісіне жауапты болғанын
қалаймын.
Олжас Заманбек, 22 жаста:
1. Осы уақытқа дейін
кездестіргенім жоқ. Бірақ, ондай қыздардың бар екеніне күмәнім жоқ. 2. Менің
көзқарасым бойынша, қыз сондай болуы
керек. 3. Менің болашақ жарым да сондай- ер жігіттермен жүрмеген, асыл,
инабатты болуын қалаймын. Жақсы отбасын құру үшін де сондай қыздарды алу қажет
деп білемін.
Амангелді Сейтхан, 20 жаста: 1.Өзімнің
жасым жиырмада болған соң тек өзімнің құрбы-құрдастарыма ғана жауап бере
аламын. Олардың арасында «жігітпен жүрмеген қыздар» өте көп. 2. Өзім араласып
жүрген қыздарды «жігітпен жүрген» немесе «жүрмеген» деп бөле жарып қарамаймын.
Барлығына да көзқарасым бірдей. Әр адам өзінің теңін іздейді ғой. Сол себепті
де «жігітпен жүрмеген» қыздарды да түсінуге болады. 3. Менің арманымдағы қыз да
өзгелердің ойындағыдай жақсы, пысық қыз ғой.
Ермұрат Шопан, 19 жаста: 1.
Қыздардың өз ауыздарынан естігеніме қарағанда, кездестірдім. «Жігітпен
жүрмегенмін» деді. Өз басым бұндайды естіп қуанбасам, таң қалмаймын. 2. Қазіргі
таңдағы ойын-сауықтан жалыққан жігіттердің көпшілігі «жігітпен жүрмеген»
қыздарды іздейді. Мүмкін болашақ жарының адал, инабатты болғанын қалағандықтан
болар. Соған қарағанда, «жігітпен жүрмеген қыздарға» ер азаматтардың көзқарасы
жақсы сияқты. Бұл жерде, айта кететінім, қыздарды екіге бөліп, «жігітпен
жүрмегендер»-ақылды, тәрбиелі немесе «жігітпен жүргендер»-ақылсыз, тәрбиесіз
деп айтуға болмайтын шығар. Қыздардың барлығына бірдей қараймын. 3. Қызым жоқ.
Бірақ, болашақ жарым иманды, текті, сұлу, және дәулетті болса деймін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиетінде айтылғандай сипаттағы қызды кезіктірсем деп
армандаймын.
Қыздарға қойылған сұрақтар:
1.Осы уақытқа дейін өз
көңіліңізден шығатын жігіттерді кездестірдіңіздер ме?
2. Ер жігіттеріміз қазіргі
таңда қыз балалар туралы қандай пікірде деп ойлайсыз?
3. Өзіңнің жігіттерге деген
көзқарасың.
Қожақова Аида, 19 жаста: Өмірімде көңілімнен шыққан, ұнатқан бір ғана жігіт болды.
Ол өркөкірек болатын. Салмақты, білімді, тәрбиелі, ойлы деген қасиеттерді мен
тек сол жігіттің бойынан көрдім. Яғни, ол кезде мектеп табылдырығында жүрген
шағым. Анам мектеп жасында жігітпен жүргенді құп көрмегендіктен болса керек
ғашық болсамда сол жігіттің сөзін алмадым. Менің ойымша, жігіттеріміздің
қыздарға деген ойы бір жақты болып кеткен сияқты. Неге десеңіз, жігіттердің
басым көпшілігі қыздарға сенімсіздікпен қарайды. Яғни, қыздарымыздың жігіттер
алдында қадірі кеткен бе деп қаласыз. Жігіттердің айтатыны қазіргі қыздар
темекі, ішімдік секілді жиіркенішті дүниелерге әуес деп айтатынын жиі естиміз.
Жоққа шығаруға амалымыз жоқ. Дегенменде көпке топырақ шашудан аулақ болған жөн.
Қазіргі жігіттеріміз, сөздің шыны керек жалпы айтқанда тәрбиелі, келешегін
ойлатын, білімді ер азаматтарымыз жетерлік. Бұған шүкіршілік дейміз. Бірақ
бұлар ақыл тоқтатқан жаста. Яғни, 21-22 жастан жоғары болып тұр. Ал бұдан төмен
жастағылардың көбісінен жоғарыда аталған қасиеттерді көре алмаймыз. Әрине
бәрінен емес, бірақ көпшілігінен.
Амангельдиева
Жұлдыз, 19 жаста: Шынымды
айтсам нағыз ер жігітті осы уақытқа дейін кездестірмедім, барлығы әйтеуір бір
пайдасы үшін ған жүргендер. Көбіне қыздар жігіттердің байлығына, сұлулығына
қызығып жатады. Қазіргі таңда көркіне ақылы сай жігіттерді табу қиынға соғады.
Күнделікті өмірде жігіттерді көрген кезде, жандарынан өздеріне лайық емес,
қыздарды көреміз. Әрине, жүрегің ауырады. Ол жігіттердің санасыздығы деп
ойлаймын. Қазіргі, яғни ХХІ ғасырдың жігіттері деп айтсақ көбіне қысқа юбка
киген, қолында қымбат темекісі бар, жалпақ тілмен айтқанда «гламур» қыздарға
қарайды. Бірақ, бес саусақ бірдей емес, кейбір бозбалаларымыз өзінің
әпке-қарындасы бар дегендей, бойжеткендерімізді ата-анасындай аялап, сыйлап
жатады. Алысқа бармай-ақ, өз інімнен сұрасам қандай қыздар ұнайды деп: «маған
фигурасы ат(қазіргі тілмен айтқанда), жынды киінетін, түрі базар жоқ қыздар
ұнайды» - дейді. Осындай сөзді естігеннен кейін басқаларынан не үміт, не қайыр?
Қазіргі таңда жігіт табу үлкен әлемдік проблемаға айналған секілді. Менің
ойымдағы жігіт ақбозат үстіндегі сұлу бозбала емес, саналы, білімді, намысты,
аруды сыйлай білетін жігіт болса нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтанда, барлық
алтын жігіттердің құлағына алтын сырға!
Әбенова Балқыз, 20 жаста: Жігіт атаулының ішінен өз көңілімнен шығатын азаматты
кездестірмедім. Себебі, қазіргі кезде жігіттердің ойы жеңіл болып кеткен.
Барлығы бірдей шынайы махаббат мүлдем жоқ деп ойлайды. Бірақ сол махаббатты жоқ
қылған да жастардың өздері. Бірде досымның маған айтқан сөздері есіме түсіп
отыр. Ол қазіргі қыздарды тану қиын. Олармен қанша жыл жүрсең де, тани
алмайсың. Шынайы бейнесін үйленгеннен кейін ғана бір-ақ білесің, ал қыздар
болса, бір кездескеннен-ақ жігіттің қандай екенін біліп қояды. Сол себепті, көп
жүрмей, бір-екі кездесуден кейін үйленген дұрыс деген еді. Мен бұл сөздеріне
келіспедім әрине. Осыдан ақ жігіттердің қыздарға деген ойы айқын білініп тұр
ғой. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес қой. Болашақта өзімнің арманымдағы
ақылына көркі сай, салмақты, қыз атаулыны сыйлай білетін жігітті кездестірсем
деймін.
P/S: Жоғарыда көрсетілгендей,
жастардың пікірлері сан түрлі. Менің
ойым біреуін жақтап, екіншісін даттау емес, керісінше, қыз-жігіттердің
бірін-бірі түсінісуіне ықпал ету. Әркімнің түсінігі өзіне, бірақ жастар өз
сөздеріне, сезімдеріне адал болса деп тілеймін.
Ең бастысы-махаббаттың бағасын биік ұстайық!