Жаңа ғана таксиде келе жатсам қазақ радиосынан "Маралдым" әнін біреу шырқап жатыр, ортасына өзбектің ритмикасын қосып қойған, опшым биге икемдеп аранжировка жасаған. Ол әншінің кім екенін даусынан тани алмадым, жаңадан шыққан біреу сияқты. Сосын тағы бір топ тағы бір ретро әнді айтты. Осы қазақ әншілерінің ретродан басқа ән шығаруға бастары жетпей ме? Кім оларға ретро әндердің әуенін бұзып, қайта жасауға рұқсат берді? Жалпы соны бақылайтын адамдар бар ма?
Жаңа шыққан топ, әнші - бәрі дайын дүние: халық әні, ретро әндерді алады да аранжировка жасап, шығара салады. Сахнаға жол тартты екен, неге бір жаңалығымен келмейді? Не үшін келді жалпы?
Жарайды, тойда ретро әндерді сұрайды делік, тойында айта берсін, бірақ оны дүйім жұртқа неге шығарады?
"Сағындым сені... Сағындым, еркем..." деген әнді Шахизада күшті айтып жүрген, енді мұны Нұржан Қалжановтың айтып жүргенін естідім. Сол Нұржан Қалжан ретро ән айтқаннан басқа не біледі? Репертуарын саралай ма өзі?
Жалпы, мәселе ретро әнде ғана емес, біздің қазақ әншілерінің ізденісінің жоқтығында. Оларды тыңдап, ішім ашиды. Өздерінің керемет репертуарларымен неге қуанта алмайды? Неге ізденбейді? Құдай бере салған әйтеуір бұларға ретро әндерді!