Жезкиік

Кәкімбек Салықовтың «Жезкиік» кітабы жетпісінші жылдардың басында «Жазушы» баспасынан жарық көріпті. Жас ақынның жыр жинағын «Қазақфильмде» түсірілген жаңа фильмді талқылап отырған Нұрғиса Тілендиевке бір інісі «мына өлеңді оқып көріңізші» деп қолына ұстата салады. Композитор бір көз жүгіртіп шығады да, қасында отырған зайыбы Дариғаға «жүр, кеттік» деп, ай-шайға қарамастан, асығыс орнынан тұра жөнеледі. Кейіннен белгілі болғандай, қайталанбас талант иесіне:

– Сұлуды адам жаны қимайды екен, 
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен. 
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде, 
Мен мынау кең далаға сыймай кетем, – 
деген өлең жолдары қатты әсер еткен көрінеді. Не керек, композитор үйіне келгеннен кейін дала еркесіне арнап ән шығарады. Композитордың айналасында жүрген жігіттер ақынға телефон шалып, «Жезкиікке» ән туғанын айтып, сүйінші сұрайды. 
– Мен сияқты жас ақынның өлеңіне Нұрағаң сияқты нар тұлғаның ән шығаруы үлкен қуаныш еді. Төбем көкке жеткендей болды. Кейіннен екеуміз кездесіп, ол кісі «Өлеңің ұзақ. Төрт шумақ етіп, қысқартып бер» деді. Мен «Ойбай-ау, өзіңізге ұнаған шумағыңызды алып, айта берсеңізші» деп едім, «Жоқ, болмайды, Сен ойыңды бүгінгі өмірмен байланыстыр. Алматыға келіп-кетіп жүрсің, көзіңе түскен арулар бар шығар. Қайта оралып келгенше, сол «Жезкиіктерді» сағынбайсың ба?» деп қалжыңдап күлді. Сосын: 
– Асықпа, көрейінші жөндеп қана, 
Кетпесін жаңа тиген меңдеп жара. 
Ет кесіп өз етімнен берсем-дағы, 
Жөніңе жіберейін емдеп қана – деген шумағын: 
– Асықпа, көрейінші жөндеп қана, 
Қалайын өзімді-өзім емдеп қана. 
Тез өткен кездесуді жалғастырып, 
Көп күндер ән салармын сен деп қана – 
деп қолма-қол өзгертіп жазып бердім. Жеті-сегіз шумақ өлеңнің төртеуін ғана қалдырдық, – дейді Кәкімбек Салықов. 
Сонымен, Нұрғиса Тілендиев жазған «Жезкиік» әні бір-екі жылдай орындалып жүреді. Бірақ ән жақсы болғанымен, оны екінің бірі шырқауға шамасы келмейді. Әуен өте жоғары дауысты талап ететіндіктен, кәсіби әнші болмаса, қарапайым елге айту қиындау тиеді. Сөйтіп жүргенде, Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестрімен Жезқазған қаласына гастрольдік сапармен барады. Концертте «Жезкиік» әні де тыңдармандар назарына ұсынылады. Сонда залда отырған Жақсыкелді Сейілов: «Япырым-ай, екі ағам бірін-бірі түсінбепті-ау» деген ойда қалады. Содан түнімен отырып ән шығарады. Таңертең алматылық өнерпаздар жатқан қонақүйге келіп, «Нұр-аға, сіздің әніңіз – жақсы ән. Бірақ өлеңнің мағынасы басқаша дүние сияқты. Менің әнімді тыңдап көріңізші» дейді. Әнді мұқият тыңдаған композитор: «Сенің әнің бастапқы мәтінге сай келіп тұр. Сен толық күйінде айта бер. Менікі төрт шумақ болып қала берсін. Алдағы уақытта ән жинағыңды шығарсаң, міндетті түрде маған кел. Алғы сөзін өзім жазып беремін» деп жас сазгерді құттықтап, ағалық батасын беріпті. 
«Жезкиікке» жаңа ән шыққанын Мәскеуде қызмет істеп жүрген Кәкімбек Салықов Нұрғиса Тілендиевтен естиді. Ән бірден халыққа жетеді. Әр облыстың әншілері өз мақамына сай таратады. Солардың ішінде дара дарын атыраулық Нариман Үлкенбаев ерекше орындапты. Кейбір тұстарын Ықыластың «Жезкиік» күйінің сарынына салып, түрлендіре түскен көрінеді. 
Ал ақын мен сазгер Мәскеуде танысыпты. Жақсыкелді Сейілов Мәскеуде өткен ән байқауына қатысып, «Алтын жұлдыз» аталымын жеңіп алады. Сол уақытта Кәкімбек Салықов ән авторын үйіне шақырып, қонақ етеді. 
– Алпыс жасқа толғанымда, елге келіп, ауылдастарыммен кездесу өткіздім. Сахнада сөйлеп тұр едім, кешігіңкіреп келген бір құрдасым есік жақта тұрып «Сөзді қой. «Жезкиікті» Сарашқа арнап жаздың ба, Марашқа арнап жаздың ба?» деп қалжыңдап қойып қалды. Қызық болғанда, кезінде бірге өскен екі қыздың да ағасы төрде отырған. Біреуі – басқарма бастығы, екіншісі – мектеп директоры. Мен де қалыспай «Әркімнің ішінде айта алмайтын бір «Жезкиігі» болады. Мен әттең, ақын болып айтып қойдым. Сендер жасырып жүрсіңдер. Сенің «Жезкиігіңнің кім екенін мен де айтайын ба?» деп қарсы күүлдім. Залда әйел-баласы отырған, сасып қалған құрдасым «Қой ары, мен ойнап айтамын. Кімге шығарсаң, оған шығар» деп құтылған еді. Сол айтпақшы, әрине, бәрімізде де жүрек түкпірімізде бір «Жезкиік» бар. Дегенмен мен жезкиіктің жанары арқылы, махаббатты мысалға ала отырып, ұлтымыздың бодан болған өмірін, халықтың көкірегіндегі мұң-зарын жеткізгім келді. Ол кезде тікелей айтуға болмайтын заман еді ғой. Айналайын, Жақсыкелді менің ойымды дөп баса білді. Кейіннен «Жезкиік» поэмасын жазып, осы атпен ән жинағымды да шығардым. Әннің халыққа таралғанына үнемі іштей қуанып жүремін. Өмірімнің, тағдырымның, поэзиямның діңгегі – «Жезкиік». Шіркін, Жезқазғанда Жақсыкелдіге арнап, қолына қара баянын ұстатып, қасына жезкиікті орнатып, бір ескерткіш тұрғызар ма еді, – дейді қазір Астана қаласында тұратын ақын. 
«Жезкиік» әні Қарақалпақстан, Қырғызстан, Өзбекстанға да кең тарайды. Украин, орыс ақындары бірнеше нұсқамен аударыпты. Туындыны ұзақ жылдардан бері Қайрат Байбосынов репертуарынан тастамай айтып келеді. 
Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне осы уақытқа дейін алпыс композитор бес жүзге жуық ән жазыпты. Солардың ішінде ақын үшін қашанда «Жезкиіктің» шоқтығы биік.

Жезкиік
Өлеңі: Кәкімбек Салықов
Әні: Жақсыкелді Сейілов
Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,
Дәруі сол ма дерсің күйік-шердің.
Жез марал жүреді екен арасында,
Қаптаған Бетпақтағы киіктердің.
Жез киік, біздің жаққа қалай келдің?
Жолымды тіке кесіп жанай бердің.
Адамның көздеріндей екі көзің,
Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім?
Дәл саған құрмап еді торды ешкім,
Ғайыптан душар болдың, сорды кештің.
Мен-дағы сертшіл адам далады өскен,
Сен-дағы жалтармадың, жолды кестің.
Асықпа, көрейінші жөндеп қана,
Кетпесін жаңа тиген меңдеп жара.
Ет кесіп өз етімнен берсем-дағы,
Жөніңе жіберейін емдеп қана.
Дедім де қоя бердім, ұстамадым,
Қасымда қал демедім, қыстамадым.
Тілеймін суық жақтан есен қайтып,
Жылы құм мекеніне қыстағанын.
Түс тербеп, жаздың мөлдір қысқа таңын,
Тұзақтап жез киікті ұстатамын.
Баяғы қызыл ішік киген қызға,
Жез камзол, сол киікті ұқсатамын.
Құмарым қайта көріп қанар ма екен,
Әл бітіп салқын жүрек жанар ма екен.
Болмаса, суық қолды бір сұр мерген,
Дәл көздеп әлде атып алар ма екен?
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жез киік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далаға сыймай кетем.



Бөлісу: