Бүгінде түсті металлургияның орталығы саналатын Сарыарқа даласында кең етек жайған Жезқазған қаласының жәйі мүшкіл. Мүшкіл деуімнің себебі, тоқсан мың тұрғыны бар мысты қаламыздың тұрғындары қала экологиясына көңілдері толмайды. Қарағанды облысы – Қазақстандағы экологиялық жағынан ең ластанған, өнеркәсіптік өндіріс орындары көп шоғырланған ірі өнеркәсіп орталығы. Бұл өңірдегі өндіргіш күштердің даму барысы көптеген жылдардан бері экологиялық зардаптар ескерілмей іске асырылды. Соның салдарынан облыстың атмосфералық ауасы бұзылды. Мәселен, тұрақты көздерден атмосфераға тарайтын ластанған заттар жылына бір миллион тоннадан асады. Ал бұл жалпы республикадағы барлық қалдықтардың үштен бірі деген сөз. Жезқазғандағы негізгі ластаушы көзі, “Қазақмыс” АҚ (жылына 138,4 мың тонна ластандыратын қоспа таратады.)
Тұрғындардың айтуынша, “ зауыттың фильтр – тазартқыш қондырғысы дұрыс істемейді, тазартпайды. Зауыттан шыққан лас түтінді көзбен көріп, ауадан иісін байқаймыз”- дейді.
2021 жылдың 20 қазан күні мемлекет басшысы “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС-нің жоспарымен танысты. Дәлірек айтсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары бойынша өңіріміздің әлеуметтік дамуы мен минералды-шикізат базасын кеңейту жөніндегі мәселелерді қарастырды. Іс-шара барысында экологияға және ірі кәсіпорындардың шығаратын қалдықтарына қатысты мәселеге ерекше назар аударылды.
- – Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жарияладық. Экономикамыздың ерекшелігін және оның құрылымын ескеруіміз қажет. Энергиялық теңгерімнің 70 пайызы көмірге тиесілі екені белгілі. Біз ертең бәрін жауып тастап, көміртегінен арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорындарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегінен арылу бағыты бойынша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көшінен қалып қоямыз. Бұл негізгі кәсіпорындардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүктелген аса жауапты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент зауыт жұмысшыларымен әңгімелесу барысында ел игілігі үшін сіңірген зор еңбектері үшін оларға ризашылық білдіріп, мемлекет тарапынан өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру шаралары жалғаса беретінін атап өтті.