Жетісу қолдобы мектебі – қазақ спортының болашағы
блог
Қолдобы спорты дененің барлық мүшесін ширатып, қыздыратын, тартысты тамаша бір спорттың төре түрі. Қазақстанда қазіргі таңда айтулы спорт түрі әсіресе қыздар арасында ерекше дамып келеді. Жуырда Испанияда қолдобынан өткен әлем чемпионатына Қазақстан қыздар құрама командасы барып қатысқанын жақсы білеміз. Бүгінгі күні, қолдобы спорты еліміздің қай өңірінде ерекше дамып келеді деген сұраққа жауап іздеп көргенде, Қызылорда мен Алматы облысын ерекше бөліп айта кетер едім. Ал,егер нақтырақ айтсақ, өз басым Алматы облысындағы дамуды назарға ала отырып, қазақстандағы қолдобы спортының келешегін көргендей боламын.
Жетісу өңірінде бүгінгі таңда гандбол мектептері көптеп ашылып, жастар қызығушылық таныта бастады. Оған дәлел Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері білікті басшы, білгір маман Нұрбақыт Теңізбаевтың спортты соның ішінде қолдобын насихаттау аясында дұрыс жолға қойған жарқын бағдарламасының арқасында бұл спорт айырықша даму үстінде. Қай жерде жағдай мен қолдау сабақтасып келген кезде нәтиже де күттірмейтіні анық. Сол секілді Жетісу аймағының дарынды спортшылары спорттың қай түрін алып қарасақ та қамшы салдырмай алда келеді. Ал, Қолдобына келсек, бүгінгі таңда облыстың әр ауданында бөлімшелер ашылып, сол залдарда жаттығып жатқан ұл-қыздар Алматы облысының абыройын ел чемпионаттарында табысты қорғауда. Ал, енді Жетсу өңірінде қолдобының дамуы Алматы маңындағы Өтеген батыр кентінде орналасқан Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тікелей байланысты десек жаңылыс айтылмаған еді. Бұл спорт мектебі Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасы ММ Гандболдан және футзалдан МБЖСМ» КММ 2018 іргесі қаланғаннан бері, Жетісу өңірінің қолдобының бойына қан жүгіргендей болды.Өйткені, Алматы облысының атынан республикалық және халықаралық жарыстарға айтулы спорт мектебінің түлектері сынға түсіп, жарқын жеңістерімен қуантып келеді.
Спорт мектебінің директоры Дархан Аширов басшылық тізгінін ұстағаннан бастап, қолдобынан білікті бапкерлер мен талантты ойыншыларды айналасына ұйыстырып,үлкен жетістіктерге жете бастайды. Мектепте талантты жасөспірім спортшылар қолдобы, футзал және бандминтон секілді спорттың үш түрімен айналысады. Дарынды жастар Талдықорған қаласы, Іле, Талғар, Панфиолов, Алакөл, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Райымбек, Ескелді аудандарына барып оқу-жаттығуларын өткізіп, даланың саф таза ауасын жұтып, қыр төсінде шыңдалып қайтады екен. Бұл да бір айтулы спорт мектебі басшылығының жаттығу жұмысындағы ұтымды ойластырылып жасаған тиімді бағдарлмасы сияқты. Қолдобы спортының өңірдегі филиалдары жалпы білім беретін мектептердің базасында жұмыс істеп келеді. Ал, енді шеберлерді дайындап шығарып жатқан бейнебір ұстахана іспеттес ат төбеліндей ғана спорт мектептің жеңісті жолдарын алға тартсақ. Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері 2018 жылы Өтеген батыр кентінде 2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 1 орынды жеңіп алса, 2019 ж Қостанайда 2002 туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Респбуликасы чемпионатының күміс жүлдесін, 2021ж айтулы қалада 2002 жылы туылған 3 орынға ие болады.Сонымен бірге, Қостанай қаласында өткен жоғары лига арасындағы ҚРЧ Алматы облысының 2005 жылы туылған жасөспірімдер құрамасы жүлделі үшінші орынға қол жеткізеді. Қолдобынан ұлдар да қыздардың жеткен жетістіктерінен артта қалуды намыс көріп, Риддер қаласында өткен ел біріншілігінде жүлделі қола медальдарды жеңіп алады. Міне, бұл тек ішкі Қазақстан біріншіліктеріндегі Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектерінің бар жоға 3 жылдың төңірегінде жеткен жетістіктері еді. Сонымен қатар,айтулы спорт мектебінің қыздар командасы Қазақстаннан өзге , халықаралық жарыстарда да тамаша өнер көрсетіп топжарғанын айтпаса болмас. Мысалы,Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен халықаралық жарысқа алғаш рет қатысып, күміс жүлдемен оралады. Ал, 2019ж Өзбекстанның Наманган қаласында қолдобынан «Тәуелсіздік кубогі» үшін өткен дүбірлі жарыста қарсыластарын бұзып- жарып бас жүлдені жеңіп алса, 2021ж Самарқанд қаласында өткен байрақты жарыста чемпион атанады. Бұл енді қыр асып барып ел намысын абыроймен қорғап олжамен оралған бір ғана спорт мектебінің жеткен жеңістері. 2021ж мектеп басшылығы Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың қолдауымен келісімге отырып, Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектерінің негізін алып «Жетісу» клубын құрады. Дарынды қыздар командасы «Жетісу» командасының қазақстанда топжарып алға шығуына зор үлестерін қосады. Жуырда Қазақстан республикасының суперлига сайысында «Жетісу» командасы 9 команданың арасынан суырылып шығып, 29-шы ҚР чемпионатының чемпионы атанды . Әрине, суперлиганы жеңіп алу, Жетсу өңірінде қолдобынының қарқынды дамып келе жатқанының айғағы деуге болады. Ал сол «Жетісу» командасының негізі Өтеген батыр кентіндегі Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері болатын. ,,Ұстазсыз шәкірт тұл,, -демекші, Алматы облысының ,,Жетісу’’ қыздар құрама командасының аға жаттықтырушысы, білікті бапкер Жанатты Ойнарқызы Байарыстанованың шәкірттері, қазіргі таңда еліміздегі ең үздік команда екендігін паш етті. Жуырда Испанияда өткен әлем чемпионатында Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен «Жетісу» қолдобы командасының қос түлегі Ирина Александровна мен Камила Серікбаевалардың асқан шебер ойындарын тамашалаған қазақстан жанкүйерлері үлкен әсерде қалған еді. Айталық, Ирина Александрова Испанияда өткен әлем чемпионатында ең үздік ойыншылар арасынан 43 гол салып екінші сатыға көтерілген екен. Ал, талшыбықтай талантты қызымыз Камила да сол кездесуде өте жоғары деңгейде ойын көрсете білді. Ал, сол әлем чемпионатында Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған қос арудың екеуі де Өтеген батыр кентіндегі Гандбол мен футзалдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен өсіп шыққан түлектер.
«Қарағайға қарап тал өсер,қатарына қарап жас өсер» демекші, Өтеген кентіндегі айтулы мектепте бүгінгі күні талантты қыздардың саны көбейіп келеді. Әрине, жағдай жасалып, қамқорлық болған жерде береке де келіп кіреді емеспе. Мектеп директоры Дархан Аширов команда қыздарының болашағынан үлкен үміт күтеді. Алда әлі талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр. Дегеніменде жаттығуда аямай тер төккен, жарыста жеңіске жететіні белгілі аксиома. Бір айта кетер жәй, осы спорт түріне өзіміздің қаркөз қыздарымыздың көптеп келе бастағаны қуантады. Күндердің бір күнінде Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында үздік үштіктің қатарына қосылып,сол команда қыздарының арасынан Жетісулік қыздарды танып жатсақ таңғалмаспыз деген ойдамыз. Өйткені олар, Жетісу мектебінен өсіп шыққан қазақ қолдобы спортының болашақтары.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі