Кәсіпкер Рэймор Тирадоның жазбасымен танысқаннан кейін оны сіздерге де ықшамдап аударып беруді жөн көрдім. Мақала авторының айтуынша, бұл сөздерді ол өзіне бағыттап жазған.
Менің айтқалы отырған сөзімді ешқандай мектеп үйретпейді
Менің айтқалы отырған әңгімем сенің қорқыныштарың туралы.
Мен білемін, сенің дәл қазір бәрін тастап, тек өзің қалайтын нәрсемен айналысып кете беруге жүрегің дауаламайды. Қорқасың. Мысалы, сен дәл қазір жұмысыңды тастап, өзің көптен бері қалап жүрген іспен өміріңді өткізуге бел байлауға дәтің шыдай ма?
Белгілі бір шеңбердің аясынан аса алмайтын болсаң, сен шынайы өмірлік тәжірибені ешқашан ала алмайсың. Бұндай тәжірибеге қол жеткізу үшін тәуекелге бара білуің керек. Өміріңдегі барыңды түгелімен жоғалтып алу қаупін сезінбейінше, сен ешқашан мол тәжірибе жинап, үлкен жетістікке жете алмайсың.
Ал егер сен менің бұл айтқан сөздеріммен келіспейтін болсаң, үлкен адам болуға мүмкіндігің аз. Себебі:
1.Сен жеңіліске ұшырап көрмегенсің немесе өте аз жеңілгенсің.
Саған жаңа шыңдарды бағындырудан гөрі қазіргі тыныш өмірің маңыздырақ. Мәселен, жаңа тіл үйреніп, көкжиегіңді кеңейтіп нақты іске көшудің орнына, «жаңа тіл үйрену керек еді» деп жүріп уақытыңның қалай өтіп кеткенін байқамай да қаласың.
Қиын жұмыстарды қазір, бүгін істеудің орнына ертеңге қалдырасың. Қазіргі жұмысыңды ұнатпайсың, сөйте тұра жаңа жұмыс іздеуге де талпынбайсың.
Ал мен жеңілістен қорықпаймын. Жеңілістен сабақ алып, өмірімді жаңа арнаға бұрамын. Менің өмірім темір шынықтыру процесі секілді. Мен темір секілді қайнаған оттың арасынан өте беремін. Бұл мені одан сайын шынықтырып, мықты ете түседі.
2. Сен адамдардың пікіріне қатты тәуелдісің
Сенің бар ойың «мен туралы басқалар не ойлайды екен?». Бұның себебі, сен өзің басқаларды көп сынайсың. Сондықтан басқалар да сені көп сынап-мінейді деп ойлайсың.
Өзіңді, өзіңнің істеріңді түзеудің орнына қалтаңды ақшаға толтыруға пейілдісің.
Ал мен өзімді жұрттың ыңғайына қарай өзгертуге тырыспаймын, қайта, жұртты өз ыңғайыма елітуге тырысамын. Мен барлық артық ойдан арылып, әлемге өзімнің шынайы бейнемді көрсетемін.
3. Сен өзіңнің ақылыңды тым артық бағалайсың.
Сенің оқыған нәрсеңді басқалар да оқыды. Сенің үйренген нәрселеріңді жұрт та үйренді. Жақсы баға алу үшін алған білімің сені тым ақылды қылып жіберді деп ойлайсың ба?
Білім – не оқығаныңда емес, қалай өмір сүретініңде.
Сен тапсырған тестті мен де тапсыра аламын. Ал сен менің алдымнан шығып жүрген өмірлік қиыншылықтарға кезіксең, оны жеңе аласың ба? Бұндай жағдайдағы әрекетің бағамен немесе процентпен өлшенбейді. Оны өлшейтін бір ғана шкала бар – жеңіс немесе жеңіліс.
4. Сенің оқығың келмейді.
Біреу міндеттемесе өз бетіңмен оқымайсың. Сен тарихты іш пыстыратын нәрсе, философияны ақымақтық деп ойлайсың. Бұндай кітаптарды оқып, ақылдылардың сөзінен сыр іздеп, қоршаған ортаны тануға талпынғаннан гөрі, сен үшін дұрысы телешоулар қарап уақыт өткізу деп ойлайсың. Сен өткен замандағы данышпандардың сөзін мойындауға құлықсызсың.
Қазіргі заманда кез келген кітапті тез тауып, оқи алатын деңгейге жеттік. Бұл кітаптардан өзімізге керектінің бәрін таба аламыз. Жылқыны өзеннің үстінен өткізуге болады, бірақ сол өзеннен күштеп су ішкізу мүмкін емес.
5. Сен ізденбейсің
Сен мемлекетке тәуелді ақпарат құралдарының ғана жаңалықтарын тыңдайсың. Өзіңе «Ал бұның бәрі өтірік болса ше?» деп сұрақ қоймақ түгілі, бұл туралы ойланбайсың да.
Ал мен әрқашан артық білгім келіп тұрады. Кез келген теорияны жан-жақты қарастырып көремін.
6. Сен сұрақ қоймайсың
Сен авторитеттерге сын көзбен қарап көрмегенсің.
Сен орынды қойылған сұрақтың, келіспеушілікті мәдениетті түрде жеткізе білудің маңызын түсінбейсің. Сен оның орнына үндемей құтылып, көзге жақсы көрінуді ғана ойлайсың.
Бұл өмірге сұрақтарың бар болса, соның барлығын бір жүйеге түсіру керек.
7. Сен шындыққа тіке қарағың келмейді
Өзіңнің аз білетініңді мойында. Мына мақаланың өзін жақтырмай отырған шығарсың.
Бірақ өз шеңберіңнен шығып, айналаға қарар болсаң, шындықтың тәтті екенін ұғынасың.
Сол кезде керемет істерді істеуге кедергі болып отырған жалғыз нәрсе бар екенін түсінесің. Ол – өзің.