Жетпей қалған хат

Бұрынғы уақыт болса, көк қаламмен ақ қағазқа жазып, пошта арқылы жіберер ем хатымды. Ал, қазір хатты жолдаудың түрлі әдістері бар. Соның бірі - блок. Құрбым, ақ параққа көк, қызыл сиямен жазып отыр деп оқырсың. Әрине, өз жазуым бұдан нашар, майда ғой, есіңде болса...

Кімге Құрбыма

Қайда Құрбым мекен ететін жерге

                                                     Кімнен Құрбысынан

                                                     Қайдан Құрбысы жете алмаған жерден


                                                  Жетпей қалған хат

         Сәлем, Құрбым! Аманбысың? Дұрысы - бармысың? Қалың қалай? Денсаулығың ше? Бәрі ойдағыдай ма? Ата-анаң, бауырларың, жолдасың, балапандарың қалай? Хабарласпағалы біраз болды. Біраз  емес, талай болды. Жаман хабар болса, лезде жетіп, естіп жатар едім. Сен жақтан бірде бір хабар жоқ. Демек, бәрі де дұрыс деген сөз. Е, оған да шүкір. Амандығың - хабарласпағандығың, хабарласапағандығымыз...

            Ал, өзіме келер болсам, менде бәрі бірқалыпты, шүкір. Денсаулығым да, хәл-ахуалым да жақсы. Бауырларым да жақсы. Уақыт болып, ыңғайы келіп жатса, әкеме барып, болысып тұрамын. Айтарлықтай жаңалық жоқ. Болса, естір едің де...

          Бүгін сені, өзімді, өмірді ойлап, хат жазғым келіп кетті. Есіңде ме, сен алғаш біздің мектепке келгенде, болашақ сыныптастарың есікті сығалап, біреуі: "сап-сары біреу" дегені? Сол дауыстың иесі мен екеніне сенімдімін. Себебі, мен ол кезде староста едім ғой. Ылғи бірінші жүрігіп кететінмін не нәрсеге де. Сол "сап-сары біреудің" жүрегіме күн болып еніп, нұрландырарын сезбегенмін сол кезде. Есіңде ме, екеуміз сабақты жарыса оқып, сабақ арасында түрлі-түрсті қарындаштармен әртүрлі сүгіреттер салып, неше түрлі мәтіндегі хаттар жазысушы едік қой? Менің есімде. Кішкентай, қолдан жасалынған, мәнсіз бірнәрсе болса да, қағаздан, не оған бірнәрселер жабыстырып "бағалы" сыйлықтар сыйлаушы едік қой бір-бірімізге. Сенсең, сенің маған сыйлаған соңғы ашықхатыңды студент болған алғашқы жылы ғана тастадым. Тастағаныма ренжімеші? Себебі, сенің оралмайтыныңа көзім жетті. Білемін, оған ешкім кінәлі емес. Тағдыр деген өзі сондай ғой. Қосады, сосын ажыратады, сағындырады, сарылтады, сосын жылатады, сабырлы бола білсең, күтпеген күні, күтпеген жерде қуанта салады. Бірақ, мен сені көп күттім ғой. Жолымыздың түйіспесіне көзім жеткендей болып, әлгі сары майдай сақтаған ашықхатты отқа қидым. Сыйлығың өртеніп жатқанда, көзімнен жас шыққан-шықпағаны есімде жоқ. Бірақ ауылға барған бетте жеке шкафымдағы мектепті, сыныптастарды, сені еске салатын заттарға телміріп, ұзақ қарап отыратын әдетім бар еді. Сол әдетпен ашықхатқа қанша уақыт қарадым екен десеңші. Жә, ол жәй бір зат еді ғой. Бірақ қымбат еді...

             Екеуміздің достықты сен достық деп қабылдадың ба, білмеймін. Бала едік қой. Ал, мен сені бір көргеннен жаныма жақын тартқанмын. Бірақ  білдірмедім. Сен де сезбедің. Қойшы, сөйтіп, достастық. Бірақ уақыт өте келе қызығушылығымыз, талғамымыз сәйкеспеді ме, сенің жаңа достарың пайда болды. Мен сені қызғандым. Иә, қызғандым. Олар менен артық болды сен үшін. Аңғал да, аңқау Құрбым менің жаныма жара салғанын сезген де жоқ. Оны өзім де білмедім. Бір білгенім - жүрегім ауыратын. Сөйтсем, үзілген достықтан жүрекке салмақ түскен екен. Ал, мен сені ешкіммен бөліскім келмеді, сірә. Балалық па, шалалық па, әйтеуір, достығымыз үзілді. Мен де сыныптағы басқа қыздармен "дос бола бастадым". Мен сені қимадым. Әрине, өзімшілдік шығар. Бірақ, ішкі түйсігімде бірнәрсе сені жібергісі келмеді. Оның не екенін бала Мақпал ұқсын ба?

         Сөйтіп, мектепті де бітірдік. Жан-жаққа тарап кеттік, үзілген моншақтай. Кім, қайда, не тірлік істеп жүр, оқуға түсті, түспеді - бәрін-бәрін ата-аналарымыздан, ауылдан ғана естіп тұрдық. Қалада жалғызсырай бастадым. Сені алып қашып кетті деп естідім бір күні. Ойыма келгені "оқуы ше?" деген сұрақ қана болды. Сөйтіп, қалада кездесеміз-ау деген үміт үзілді тағы. Сыныптастармен кездескенде, сені сұрап тұратынмын. Ешкім көрмепті сені... Сенімен енді қайтіп дос болмайтыныма көз жетіп, алғашқы студент жылда ауылға келген бойда, әлгі ашықхатыңды өртедім. Достығымызды да, сені сағындырып, ойлатып, үзілмей тұрған жіпті де өртедім. Бітті.

          Бір күні, есіңде ме, сені университетімнен көргенім? Білесің бе, Құрбыжан, сол кезде қалай қуанғанымды. Жанымдағы қыздарға аузым жабылмай сен  туралы айтып та бердім. Қызық, сенің түк те өзгермегеніңді көріп, әлгі үміт оты қайта маздағандай болды. Мен сені сағынып кеттіппін. Бірақ сезімге келгенде қаттылау екенімді білесің ғой. Сол кезде де сағынышымды аса білдіре алмадым. Телефоныңды алғандай болып ем, біраз уақыт хабарласып, сосын тағы қайта жоғалттым сені. Не нөмір өшті, не басқа... Әйтеуір арамыз тағы үзілді...

           Сөйтіп араға жылдар салып, сенімен қайта қауышқаныма, мінеки, бір жыл. Жұмысыңның, интернеттің арқасы деуге болар. Иә, бастапқыда, екеуміз интернетке кірген бетте, басқа адам жоқтай, біресе фбдан, біресе вкдан, агенттен сөйлесуді бастадық. Жұмыстан қайтқанда телефонға маза жоқ еді. Әртүрлі қызықтарды айтып, автобуста қалай жыртыңдап тұрушы ек, қаланың екі жерінде, жолаушылардың мазасына тиіп. Мен қатты қуандым сол кезде! Қатты! Сен оралғандай болдың! Сол баяғы "сап-сары біреу" сияқты ыстық көрініп кеттің, Құрбыжан! Тіпті анау ашықхатты өртемей, көрсетуім керек еді деп те өкіндім. Сені сағынып қалыппын. Сен Анам оқытқан шәкірт болғандықтан, сені де, басқа ауылдастарды көрсем де, анам оқытқан шығар, анам оқытты ғой деп іштей ойлап, қуанып тұратынмын. Аптасына екі-үш рет кездесіп те тұрдық. Мен жоғымды тапқандай мәз болып, не істесек те, не ойласақ та бөлісіп тұрдық. Массагетке жазған блоктарымызды ең бірінші болып екеуміз, сен менікін, мен сенікін "сынаушы" ек. Не болса соған , мәз болып, "рахметті" жаудырып, неше түрлі смайликтер кетіп тұрушы еді. Бір-бірімізді ұрсып, мақтап, жамандап, күлдіріп отырушы едік интернет арқылы. Ондай күндердің жиі болғаны сонша мен "Күнім" салған жараның орнын жазу үшін сенімен қайта қауыштырды ма Аллахым деп те ойлап кеттім. Дәл құлазыған, құздан құлар шақта, мазам қашып, жүрек тынымсыз болып, сабырым таусылғанда, төзім мені тастап, мұң желкеден басқанда - сенімен қайта қауышқаным "сәттілік, шығар жол" деп білдім. Солай қабылдадым. Білмеймін...

         ...Құрбыжан, білесің бе, білмейсің...білмеймін... менің бір жаман қасиетім - біреуді ұнатсам, жақсы көрсем, ол адам мен үшін қымбат жанға айналса, оған бар болмысыммен, жан тәніммен беріліп, бар назарымды тек соған аударып кетемін. Мен сондаймын. Сөйтемін де, ешнәрсенің мәңгі емес, уақытша, алдамшы екенін естен шығарып, оңбай жараланамын, жүректі шытынатып аламын. Сезімімді әлдеқандай қылып жеткізіп, білдірмесем де, қанша қатал болсам да, ет-жүрегім езіліп, көңілім сол адамға ауып, ойым да, санам да сол адам туралы ой мекен ететін тұраққа айналып кетеді. Айналдырып жіберемін. Жүрекке терең бойлатып аламын да, сосын азап шегіп қаламын. Бұл дәлелденген дүние. Өзім де байқамағанмын. Бірақ сондай екенмін....

        "Сап-сары біреуімді" баяғым сияқты қабылдағым келді. Қабылдадым да. Бірақ уақыт-ұстаз. Мен баяғы есіктен сығалаған Мақпал емес екенмін. Сенің де сол "сап-сары" емес екеніңе көз жетті. Иә, бой өсті, ой өсті, сана-сезім, болмыс, қызығушылық, өмірлік қажеттіліктер де өсті, өзгерді, алмасты. Біз сол бір жылдардағы түрлі-түсті  қарындашың болса болды, мәз болып жүретін қыздар емес екенбіз. Сен де өзгеріпсің. Мен де....

          Құрбыжан, біздің бұл жолғы кездесуімізді сенің қалай қабылдап, қалай ұққаныңды білмеймін, біле алмадым. Сен менің досым шығарсың. Иә, досымсың. Бірақ мен емессің. Мен де сенің досыңмын. Бірақ мені жан досыңдай көресің бе, білмеймін. Себебі, мен сен емеспін. Ал, нағыз достар біртұрас адамдай, бірбүтін болып жүреді, меніңше. Бір жүрек екі кеудеде соққандай... Кейде екеуміз ұқсап кетеміз, кейде тым әртүрліміз. Кейде сені ұқпай қаламын, кейде қатты сағынып кетемін. Сондағы ойлайтыным: байлаусыз жіпті үзген сол жылдар, расында, сызат түсірген біздің арамызға. Есіктен сығалап: "сап-сары біреу" деген күн біздің бастауымыз еді. Алайда, талғамымыз, таңдауымыз, қызығушылығымыз арамызды үзіп жіберді. Әлде тағдыр ма? Иә, үзіп жіберді. Уақытша жалғап та тұрмады. Кәдімгі қайшымен қиғандай, үзді де, екі жаққа жіберді. Сосын екеуміз қайта жалғауға кірістік. Жанталас басталды. Екіжақтан да барынша құлшыныс болды, талпыныс болды тартылыс болды. Тырыстық, құрыстық, желімдедік, скотчтадық, пайкліедік, сваркіледік, жамадық. Нәтижесі... Сеніңше, нәтижесі қалай болды? Қалай шықты? Біздің сол балаң күнде жүрекпен үндескен сәтіміз орала алды ма? Есіңде ме, өткенің, өткеніміз? Жазбаларыңнан сенің әлі де сол аңқау, аңғал Құрбым екенің аңғарылады. Тек... тек... Жә, шүкір, бәрі де жақсы, бәріміз де аманбыз ғой. Соған тәуба... Әдеттерімнің бірі - әлдекімге бір ашылсам, әрнені айтып, әрнені жазып, сырым ақтарып кетуші едім, ол есіңде ме? Сол әдетім қалмапты. Дегенмен, мен туралы көп нәрсе есіңде қалмаған шығар. Себебі, кейбір жазбаларыңды оқып отырып, өзімнің сенің өміріңде, өткеніңде тіпті де болмағанымды сеземін. Солай-ақ шығар. Құрбыжан, не де болса, қазір әлі де тілдесеміз, хат алмасамыз, кездесеміз де. Бірақ бірнәрсе жетіспейді. Сен соны сезесің бе? Мен сеземін. Өмірге, дұрысы - өзіме деген бір өкпем бар еді. Ол - Анамды соңғы рет көру мүмкіндігім бола тұра, көре алмағандығым. Енді тағы бір өкпем барын білдім. Ол - екеуміздің бала кезде үзілген достығымыз... 

      Иә, өмір - көш, өмір - сынап, өмір - сынақ. Білмеймін, енді алда не күтерін. Дегенмен, сенімен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Дәл сол алғаш көрген жылылық пен сені тануға білуге, сырласуға деген құштарлығым болмаса да, мен - өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген, адамдарға деген сенімі аздап жоғалған, сонда да әлдебір ғажайыптан үміті бар, кез келген нәрседен жақсылық көруге тырысатын, жылаңқы, қияли, нағыз достықты қалайтын Мақпал, сендей - әлі де аңқау, аңғал, ақкөңіл, аяулы ана, адал жар, ардақты дос, ізденімпаз, жүрегі нәзік, сезімтал жанмен айнымас, адал, бұйырып жатса, маңдайға жазылса, қабірге де байланысы үзілмес, екі кеудеде бір жүрек соғар "ДОСтар" болармыз деп ойлаймын. Үміт етемін. Сенемін...

              Құрбыжан, қайда, қашан, жүрсең де аман болғай. Алла амандықта қауышуды жазсын. Бір өлеңнің мәтінінде "Сен барсың,  мен бармын, өмір бар, әлі жүрер жол бар" деп келуші еді. Дәл солай сен барда, мен бармын, Құрбыжан. Адамның құны қаншалықты қымбат екенін мына менен сұра. Мен әр адамды бағалаймын. Өмір үйретті солай. Тіпті кейде кейбір жандардың амандығы, тыныштығы, бақыты үшін, қанша жақсы көріп, аңсарым ауып,  тілдескім, кездескім келіп тұрса да, өмірімнен де, көңілімнен де, қазіргі заманға сай барлық әлеуметтік желідегі достықтан да алып тастаймын. Бірақ Ол жанды жүректің ең түкпіріне берік сақтап қоямын. Сөйтем де, дұғамның бір бөлігіне айналады оның амандығы мен бақыты. Сенің ол жандардың қатарынан табылғаныңды қаламаймын. Иә, жүрек түбіндегі Жандар мен үшін тым қымбат. Бірақ енді өмірімде жоқ. Көрсем де көрмегендей, естісем де естімегендей, сезсем де, сезбегендей жүремін. Уәде солай. Ал, сенің, Құрбыжан, тілімде де, күнімде де, жанымда да, маңымда да жүргеніңді, болғаныңды қалаймын... Әрине, сен қаласаң...

        Жүрек түкпірін бір шайқап, толқып, өшіріп, қайта жазып, әйтеуір бітірдім хатымды. Тек хатымды бітірдім. Ал, айтарым әлі көп. Уақыт көрсете жатар...

          Осымен тәмам. "Іздегенде табылатын қасыңнан"...болшы Досым... мен де тырысамын... Құрбыжан...

          Көгершінімнің қанаты талды анық, көк сиям да таусылуға шақ қалды... Мінеки, хатымды да жазып бітірдім. Өзіңе аман-есен жетеді деп ойлаймын... Аман бол, Құрбыжан!

     Сәлеммен, есіктің тесігінен сыбырлаған, сығалаған қыздан, есіктің  арғы жағында отырған "сап-сары біреуге"...

                                                                                        09.09.2014 жыл



Бөлісу: