Тағы да түн. Тағы да терезе. Тағы да терезенің арғы бетіндегі көпқабатты үй. Мен кейде қарсы беттегі сол үйге қарап отырып ұзақ ойланам... ес жисам сол сыртқы жағы сарғыштау болып жарықтандырылатын үйге қарап отырған болам. Бәлкім жарық жүзіне қарап отырып, ішіңдегіні айтатын ешкім болмағандықтан шығар. Әлде мынау құрғыр әлеуметтік желі деген бәрімізді алыстатып жіберді ме екен. Интернет жақындатады дейді, жо-жоқ, меніңше ол алыстады. Біз біреуге барып халін сұраудан гөрі, "Сәлем, қалың қалай? жарайды аман болсаң бопты" дей салатын болдық. Әлде "твиттерде мен туралы кім не жазды екен, бүгін кім не істеп жатыр екен, тіпті қай арнада не болып жатыр екен" деп те твиттер немесе фейсбукті қосамыз. Бұрын ауылда қызық кино, жақсы бағдарламаны достармен жиналып көретін едік қой, шіркін сол кездер-ай. Айтайын дегенім тағы да бұл емес)))...ойланып отырып қоштасатын сәттің келгені еске түсті...
Сенбі күні көрерменмен басқаша қоштасуға тура келді. Әдеттегідей "келесі апта біз сіздерге көрсетеміз" деп емес. "Аман сау тұрыңыз" деп. Сол кезде жүрек деген соқты кеп, соқты кеп. Өйткені бұл соңғы эфир болатын. Бір кездері "Нысана" бағдарламасының шеф-редакторы Сәкен Әбдиев ағамыз "бір айдар ашсақ, соны сен жүргізсең" деген ұсыныс айтқан-тін. Ол кезде жаңалықтар бөлімінде жүрген мен қалай болады екен деп ұзақ ойланғаным бар. Мен жүргізіп жүрген таңғы жаңалықтар жабылып қалған сәтте бұл ұсыныс тағы да қайталанды. Сосын өзімді сынап көрейін дегенмін. Айдардың атын көп талқыладық. Електен өткіземіз, елек болсын деді, елегіш болсын десті, қармақ болсын деді, ілгіш болсын дестік, сосын ілмекке тоқтағанбыз. Сол кезде ойлағам, басқа арналардағыдай еленбей арасында өтіп кететін айдар болады, бағдарлама жүргізушінің көлеңкесінде көрінбей өтіп кететін жүргізуші боламын, сараптамалық сюжеттер арасында шағын айдар көрінбейді деп. Бірақ олай болмаған сияқты. Керісінше атышулы айдар боп кетті. Кейде көрермендер "сенің бағдарламаң андай, сенің бағдарламаң мындай, неге бөлек шықпайды..." дегенде әй мені де көріп жатыр екен ғой дейтін болдым. Кейін рейтинг келген кезде ерекше қуандым. Ілмек басталған сәтте рейтингтің сызығы көкке ұмтылып тұратын болды. Мәссаған деп қуандық...Жұрттан жақсылы жаман пікірлер де келе бастады. Жақсысын айтпайын, жаманының арасында құртыңдар мынаны, айтпауға тиіс ұят тақырыптарды көтеру сұмдық, ұялмайсың ба деген сөздер естідім. Бірде мәжілістегі депутат ханым әріптесімнен сәлемдеме айтып жіберіпті. "Доғарсын!" деген. Апатайым қуаныңыз доғардым десем бе екен хабарласып))) Бірақ ол кісінің айтқаны үшін емес. Доғаруға бір неше себептер бар. Оны да алдағы уақытта біле жатарсыз. Қызығы соңғы эфирден соң Қалқаман Сарин ағамыз хабарласып "әй қайда кетіп барасың, бір біз көретін бағдарлама еді, жап жақсы істеп жүр ең..." деп пікірін айтқанда риза боп қалғаным бар.
Мен мықты арналардың бірі "Жетінші арнадан" кетіп жатырмын. Әзірге қайда барарым белгісіз. Белгілісі бұл арна нағыз кәсіби мамандар шоғыры. Өз ісінің фанаттары жиналған жер. Бір кездері осы арнада істеу арман еді. Ал бағдарлама жүргізіп кетемін деген нәрсе тіпті ойда болмаған. Айтпақшы жуырда бір әріптесім кездесіп қалып "сен кешкі жаңалық жүргізгенде қатты қателестің, сол үшін эфирден алып тастады ма?" деп сұрады. Қызық кездер еске түсті сол сәтте. Мен мұнда журналист болып орналасқам негізі. Бір күні жаңалықтардың жүргізішісі Гүлназ Тұмаш демалыста болды, Данияр Орал сырқаттанып қалды. Күндізгі жаңалыққа бір сағат қалған, жүргізуші жоқ. Сол кезде ақпараттық бағдарламалар департаменті директорының орынбасары /қазір ол Хабарда Ольга ЦОЙ/ Илхамды отырғызайық деп қалды. Шыны керек жетіншінің студиясына кіріп те көрмеппін, эфирге жақын қалғанда қағаздарыммен кірсем, кәдімгі үлкен павильон)) Мұндай студия, мұнша көп камера, операторларды көріппін бе студияда. Қай камераның қайда екенін де білмеймін. Әйтеуір Алла қолдап бір қателеспей жүргізіп шықтым. Тіпті менің жаңалық жүргізіп кеткенімді бас режиссер /ол қазір арнаның атқарушы директоры/ де білмепті. "Үйде қосып қалсам сен отырсын, не деген көзің үлкен" деген келіп. Солай,солай жүргізуші болып кеткенім бар әріптестер жұмысқа шыққанша. Бірақ соңғы эфирде қателескенім рас. Ол күні тағы да жүргізуші болмай қалып, мен кіргенмін студияға. Дым дайындықсыз бірақ. Аурып тұрғаным тағы бар, оның үстіне сюжеттер дайын болмай верстка сәт сайын ауысып жатқаны мен құлағымдағы наушниктің өшірілмей қалғаны, арғы бөлмедегі /Аппаратный/ айқай шудың бәрі құлаққа естіліп тұрғанын қосыңыз)))... Эфирге жіберетін бір де бір материал дайын болмай режиссердің "Что нибуд говори, только медленно" дегенін естігенде терім бұрқ ете қалған))) Сол кезде "тамашалап отырғандарыңыз жетінші арнаның кешкі қорытынды жаңалықтары, әрі қарай жалғастырамыз" деп айтыппын))) Қысқасы шын мәнінде керемет, креатив арнадан кетуге тура кеп тұр....
Соңғы эфирде не деп қоштасам дегенде әріптесім Айнұр Омар жүгіріп келіп, "мен әлі көрсетемін, қайда кететінімді сол кезде көресіздер" деп жазып бергені бар. Амандық болса көрсетерміз, бірақ мен сізермен біргемін. Сіздер де мені ұмытпаңыздар) Роза Әлқожаның айтқаны есіме түсіп кетті.
Мен әлі тірілемін,...Өкініш парақтарын,
Кеудемнен жыртып тастап, Сол сәтте дұшпандарым.
Сесімнен үркіп қашпақ, Мен әлі көрсетемін.
Үміттің өлмейтінін, Бар жұлдыз сөнбейтінін.
Бір Аллам берген қуат, Бұғауға көнбейтінін.
Мен әлі жарқ етемін...ант етемін!