Жетімнің монологы
блог
Сұрағым көп менің мына өзіңе...
Сұрағым көп менің мына өзіңе,
Құлақ асшы жүрегімнің үніне.
Тастар кезде қуандың ба балаңды?
Жас алдың ба, әлде, мөлдір көзіңе?
Кімге ұксатам, мінезімді, өзімді?
Кімге ұқсатам, ана, мына көзімді?
Кім бар екен ұғар ішкі сезімді?
Ұстанамын сабырлық пен төзімді.
Қиналды ғой ойлауменен жас жаным,
Мені тастап бұл қай, өзі, сасқаның?
Керексіз сіз перзентіңе тастаған,
Керегі жоқ маған жақұт, басқаның...
Балалар үйі, білемін менің мекенім,
Мүмкін, құрбанымын сіз жіберген қатенің.
Кешіремін қандай себеп болса да,
Кешірмей мен қайда барам, қайтемін?
Жануарда іздейді өз баласын.
Тастандыға мені қалай қиясың?
Бауыр етің өз балаңды ойламай,
Дүниеге қалай, ана, сиясың?
Жеті атамды достарым сұрағанда,
«Білмеймін» деймін, іштей налып сұрағанға.
Бауырларым бар ма өзі анашым?
Ал, әкем ше, қайда өзі дін-аман ба?
Жаза алмаспын өзіңсіз жүрек жарасын,
Айыра алмаспын өмірдің ақ пен қарасын.
Қайғырмасын, жыламасын балалар,
Жоқтамасын бейбіт күнде анасын!
Гүлжанат Әділбекқызы