«Бұрын, Кеңес одағының кезінде, біз де сендердей студент болғанбыз. Ата-анадан жыраққа кетіп, қатқан нан мен қара шай ішіп, майға пиязды қуырып жеп, базар жағалап, жалдамалы жүкші болып, күндік бес-он тиынымызды тауып, өлместің қамын жасайтынбыз. Қазіргідей бұрыш-бұрышта базар емес, жеті ауылда бір дүкен болатын. Қораз шақырып,есек ақырғанға дейін бір тілім нанға күні бойы кезекте тұратынбыз. Жазда жалаң аяқ, қыста резіңке етікті аяққа іліп алып, кенеп қаптан әжең тігіп берген сөмкені арқаға асып алып мектепке баратынбыз. Жарайды бізді қойшы, мына сендерге не жоқ, не жетпейді, ата-анаң қасыңда, Тәуелсіз мемлекет, дамыған, зайырлы орта, не жеймін, не ішемін демейсіңдер, Жегендерің алдыңда, жемегендерің артыңда....» - дееееееп әкем айтқанда аузым бұртиып ренжуші де, ойланушы да едім.Бірінші құдайдың, екінші ата-анамның арқасында Алматыға арманымды арқалап, Қазақ ұлттық университетіне грантқа емес әрение ақылы бөлімге түстім. Бұл күнге де шүкір шынайы дос тауып, өмірдің ащысы мен қызығын бірге көріп, бір қасықтан тамақ ішіп,тұзбен судың, қыз бен достың дәмін татып өмірімді өткізіп жатырмын. Өгізге туған күн, бұзауға туады деп бекер айтпаған екен. Мен дамыған, тәуелсіз қоғамда өмір сүріп жатсам да, суға макаронды қайнатып жеп, қара нан мен қарай шайдың қадірін біліп, әкем айтқандай жалдамалы жұмыс жасап, жүк артып жүк тасып бес-он тиынымды емес теңгемді тауып, әке-шешеме жеңілдік жасап, жүріс тұрыстың пұлын пұлдап тіршіліктің қамын еттім. Қатігез қала кімді аяған. Ауылда! Е ауылда қойшы пәленшенің баласы жұмысқа ал деп бірін-бірі қолпаштап көтермелеген. Көшеде сүрінген адам болса уй мынау түгенше ғой деп қолтығанан демеген. Ал қалада кемпір құлап қалса өлсе өмірім қатсын жолымнан қалмайын деген бір адам. Қайда асығады екен? Мұнда жұмысқа тұру үшін қалтаңда ақшаң немесе жоғарыда ағаң болу керек. Ойй жарайды мұны несіне айтам.Бір күні аш қасқырдай қарын ұлып көшеде келе жатсам, қылқылдағыр қалта телефоным шыр ете қалды. Алсам аюдың үніндей гүр-гүр еткен Есдаулет. Құрғырдың аржағынан бұлбұлдың сазындай жағымды жаңалық естілді.
- Бүгін кешкіге жұмыс бар. Қырық тонна темірді жүк көлігінен түсіру керек. Барасың ба? - дейді.
- Темір, ммммммммммм - бармайын десем ақша керек,барайын десеммм темірр, - Жарайды барам. Қайда? –деп мекен-жайды сұрап алдым. Жатақханаға келіп, қасыма Бауыржанды ертіп алып, айтылған мекен-жайға көзді жұмып отырып басып келдім. Келіскен жүкті белді бекем буып,бір кісідей түсіруге кірстік. Жанымызда буын сүйегі қатпаған жап-жас бала жұмыс жасап жүр. Мен болсам атадан қалған кәсбімдей құлшына жұмыс жасап жүрмін. Қыстың күні мұздай темір болғанымен, алатын ақшам көзіме оттай ыстық көрінеді. Ауылда жүргенде есектерді аямай темір тұлпардай жүк артып, барынша қинап, жүрмесе қамшымен ұрушы едік. Ол байғұстың еті арам болғанымен бейнеті адал екен. Өзімді бір есектей сезініп, жанымдағы жас балаға қодықтай қарап: «Мынаған не жетпейді, әке-шешесінің қасында жатпай ма? Мен мақұл айдалада ақша керек болған соң жүрмін. Осы, қаланың балдары түк көрмегендей тырбаңдап пысық болады.Осындай ауыр жұмыс жасамай, жеңіл жұмыс істесе де боладығой. Бііір балаға ұқсап, еркелеп, ойнап көше кезіп доп тебетін шағында не көрінді мына бейшараға, ақша-ақша деп жасына жетпей, қызығын көрмей өлетін шығар мынадай ауыр жұмыспен. Ата-анасы үйінде отырғызбай ма, баласына қарамай ма, неге ерте бұлай тәрбиелейді» - деп жас бала жайлы аяп та, қызғана да ойлап қоям. Жүк көтере жүріп, сөзге тартып, көкейдедегі сұрақтарыма жауап алмақ болдым. Көзі ботадай жәутеңдеген, қарашығы қатал қаланың қасіретін көріп қаймыққан, қабақтары бүкіл қазақтың қайғысын көтергендей түсіңкі, жүзінен қайсыбір қиындыққа күле қарсалатындай жылулық, аузынан ана сүті кетпеген жас өрен. Дене бітімі тығыншықтай, тағдырдың таухыметін тартып, ана мен әкенің аялы алақанын білмей жастайынан тіршіліктің жабайы баласындай жалтақтап өскен жетім бала иығындағы жүктің ауырлыған сезінбей, салмақты темірді жұлқа көтеріп, өз ісінен ләззат алып жүрген он бес жасар Естай есімді жігітке таңырқай қарадым. Жанағы жансақ ойымнын дұрыс емес екендігін, жақсыға қарағанда жамандықты бұрын ойлайтын ойым үшін ұялдым. Өзімнен алты жас кіші болса да, сөздері салмақты. Қырыққа келіп ақыл тоқтатпаған, еркелігінен арыла алмай жүрген кейбір азаматтардан артық ойлап әрбір қимылымен, тіпті, менің ағамдай ақыл айтып, бір іске басу жасап қояды.
- Сендердің армандарың қымбат көлік,жылы төсек,жақсы қызмет атақ-абырой,одан қалса саусақ қимылдатып жеңіл ақша табу.Білесің бе бұның бәрін жасау оңай, бәрі сенің қолыңда. Сендер ата-аналарың ұрысса ашуланып қаласыңдар, өкпелеп сөйлемей қоясыңдар,үйден қашып кетесіңдер. Ал менің, мен сияқтылардың арманы сол сендер безіп кеткілерің келетін шаңырақтың астында тұру. Ата-ананың жылы сезімін көру, қателескен кезде ұрсып жекігені, артық кетсек айқайлағаны біз үшін ешбір адамның қолы жетпес, ешбір дүниемен саудаланбайтын, баға жетпес бақыт. Ал бақыттың не екенін білесің бе сен? Сен үшін жақсы қызмет,мол табыс шығар. Ал біз үшін ертеңгі күнге деген сенім. Себебі арманыма қолым жетер деген үмітім бар. Мен өз баламның бақытын көрсем, бауырыма бассам, сол менің арманыма жеткенім. Бүгіңгі күнім – ертеңгі болашағым. Мен тартқан азапты ұрпағымның көргенін қаламаймын-дейді.
Мен ұзақ үнсіз қалдым. Жұмыс біткенше ойланумен жүрдім. Аллаға шүкіршілігімді айтып ата-анамның барына тәуба деп, жас жігіттің алдында, жаман ойымнын арқасында өзім мен өзгеге іштей болса да ұятты болып қалдым. Жамандыққа жоруға жаны құмар қазақпыз. Басқа бір пенденің қолы жетпей жүрген асыл арманына айналған, сағымдай көзден бұлдыраған бақыты менің ең ұлы қазынам ата-анама мыңда бір шүкір айттым. Жетім қозы жамырай-жамырай отығады деген рас екен. Өмірдің өзі тәрбиелеген мына жігіттің сөздері маған үлкен ой салды. Шынымен бәріміз бір-бірімізге бақыт тілеп жатамыз, бірақ бақыт деген не өзі. Қолдағы бар алтынның қадірі жоқ дейді. Әке-шешең темір емес олар да мына жалғаннан өтеді, ренжітіп алып өкініп қалма. Жаман бол деп ұрыспайды, бар білгені жақсылықтың ақылын айтады. Еш уақытта сатып ала-алмайтын бір сәттік қана ата-ананың қуанышы сенің бақытың. Жетім баланың жете алмаған жезкиігіне жеткеніңе қуан. Өз бақытың өз қолыңда!