Жетімдік қасіретіне батқан тағдырлар

Жетімдік қасіретіне батқан тағдырлар
жеке
блог

Жетім! Бұл жайлы жиі ойланатын болып жүрмін. Жоқ, ардақты ата-анам бар, отбасым аман, ошағым бүтін. Ата-анамды сағынсам қол телефонға жүгінем де хабарласып, хал-жайын біле алам.  Бірақ, әлемде қаншама жетім балалар қолына телефон берсең де кіммен хабарласуды білмей абдырап қалатын шығар. Кейде өз несібемді толық жеп болмай, ас үйге қалдырып кете барам. Ал кешкісін қоқыс сандығына тастаймын. Әлемде, қаншама аштықтан бұралған сәби жеуге тұрарлық нәрсе таппай қаңғып жүріп, өздері жемтікке айналып кетті деші! Осыдан біраз жыл бұрын әлемді дүр сілкіндірген мына бір сурет адам баласының аяныш сезімін оятты.

Аштықтан бұралып қалған мына сәби басын да көтере алмастай қалжырап отыр. Ең аяныштысы, оның артындағы қомағай көзін қадап отырған өлексемен азықтанатын тазқара құс. Ол бірнеше минуттардан соң қимылсыз қалатын «жемтігін» сабырмен күтіп отыр. Мүны түсірген алған фото тілші сурет ақпарат көздеріне жарияланып 3 ай өткен соң өзіне қол жұмсаған екен. Сірә, өзі көзімен көрген қасірет күн-түні саналы қиялына маза бермеген болар...

Бірде досым мынадай әңгіме айтып берді.

Жаңа жыл қарсаңында. Балалар киімі дүкенінде немерелеріне киім-кешек алып жүрген егде тартқан бір әйел кенет суықтан бүрісіп, терезеден өзіне тесіле қарап тұрған баланы көріп шошып қалыпты. Іле-шала сыртқа шығып, әлгі бейшара сәбиге ұрса жөнеліпті. «Неменеге телміріп тұрсың?!» десе керек. Әлгі сәби самарқау ғана «Мен мейірімді де шапағатты құдайдың маған аяз атадан бір жұп қысқы аяқ киім беріп жіберуін тітеп тұрмын депті».

Сәбидің жұқалтаң, жабырқау жүзіне қарап аналық мейірімі оянған әйел баланы жетелеп ішке кіріпті де көптеген қысқы киімдер алып беріп, киіндіріпті. Егде әйел енді бұрылып жүре бергенде өзінен көз алмай қарап тұрған сәби, қолынан ұстай қалып, «Сіз мейірімді де шапағатты құдайдың әйелісіз бе?!» деп таңырқай сұраған екен. Әйелдің көзінен жас парлап қоя беріпті.

Қандай қасіретті, азапты сұрақ бұл. Бұл сұрақта сәби санасына түскен жетімдік пен аш-жалаңаштықтың бар қайғысы мен жылт еткен үміт ұшқыны бірдей сезіліп тұр.

Сәбилерді жылатпайықшы, адамзат!

Кеудемізді қағып қызға барғанда, шыркөбелек айнаылп түнгі клубтан мас қайтақанда, аяулы қаракөздер аз күндік нәпсінің жетегіне ергенде,... біз мынаны ойладық па? Қаншама кердең «әке», көбелек «ананың» кесірінен, жарық дүниге жетілмеген, өлі қалпында келетін уыз шараналар бар. Бала бақшадан бақытты ұл-қыздарымызды жетелеп қайтқанда, балалық тентектігі үшін дөңайбат көрсетіп ұрысқанымызда, ойладық па? Әлемге әкесіз, анасыз келген қаншама сәби жетімдер үйінің терезесінен жолға қарап, телміріп отыр. Бал бөбегімізді құшағымызға басып әлдилеп отырғанда, ойладық па?  Бесік жырын да тыңдамай, еміреніп искей қояр омырау да таппай, қатігез де бұлдыр болашағы беймәлім қамсыз қаншама сәби ұйықтап жатыр. Бір бөлмелі пәтерді місе тұтпай, назаланып жүргеніңізде ойладыңыз ба? Әлемде соғыс өртіне оранып, күн сайын жетім, жесір, панасыз қалып жатқан ақыл иелері әлі де бар. Сіз дәл осы налаңызды қызметтесіңізге айтып отырған сәтте соғыс өртіндегі елдерде бір үйлі жан қирандының астында жанталасып жатқан болуы да әбден мүмкін ғой.

Біз бақытты сәттерімізде де, сәбилерімізді аялай білмеген кездерімізде, желөкпе нәпсінің етегіне ергенде, қолда барға қанағатсыздық танытқанымызда да осыларды сәте болса да ойға алып отырайықшы!

Жақында ғана жарияланып, миллиондаған интернет тұтынушыларының қызу талқысына түскен мына бір суретке қараңыз.

Бұл суретті Ирандық әйел көркемөнерші BahareH BisheH Ирандағы бір жетімдер бақшасынан түсірген екен. Жетімдік тағдырмен осында келген сәбидің ана құшағындағы мейірім мен жылылыққа толы алаңсыз күндерге деген сағынышы менмұндалап тұр. Өзі сызған суреттің сыртына қос кебісін шешіп қойып, алаңсыз ұйқыға кеткен сәбидің бұл халы ет жүректі пенденің жүрегін дір еткізбей қоймасы анық. Мүмкін мына жарық жалғанның қасіретін сезінбей, ана құрсағына қайта еніп кеткісі келген шығар.

Бұл суретті көріп отырып, осындай қасіретті тағдырларды еске алып отырып, анамның алтын құрсағындағы тоғыз айдағы бейбіт сәттерімді сағындым.

Аналар аман болсын, сәбилер жыламасын. Бақытты, бейбіт күннің қадірін білейік.

Қайсар ҚАУЫМБЕК

Сурет: kultegin.com