Жетімдердің көз жасы мен обалы кімге?

Қазақ қашан жетімін жылатып, жесірін тентіретіп еді... Ата-бабамызда болмаған бұл жағдай бүгінде қоғамымызда белең алған. Иә, бізде жетім балалар саны көп. Балалықтың бал-дәуренін бастан өткізбеген жетімектердің тағдырына бей-жай қарайтын көкек аналар мен қасиетсіз әкелердің саны да жетерлік. Бұл өзекке өкініш ұялатар жәйт-бүгінгі күннің ащы шындығы. Әрине, жетімдер үйі барлық мемлекеттерде бар. Алайда, қазақ мұндай қадамға бұған дейін ешқашан барған емес. Өркениет дамығаннан бері біздің елде де жетімдер үйі қаптап кетті. Бұл тек жеке бастың емес, қоғамның дерті. Қасіреті.

Перзент деген қасиетті ұғымның қадірі кеткен заманда қүл-қоқыс арасынан да сәбилер табылып  жатыр, жүрек қан жыламағанда қайтсін...

          1998 жылдың желтоқсанында «неке және жанұя» жөнінде ҚР заңы шыққан сәттен  бастап елімізде шетелдіктерге қазақ балаларын асырап алуға жол ашылды. Кейінгі бес жылдың ішінде 4 жарым мың қарагөз  жетімектерімізді шетелдіктерге сатып жіберіппіз. Бұл «өзіміздің азаматтарымыздың арасында  бала асырап алушылар жоқтың қасы болғандықтан да  шетелдіктерге тәрбиелеуге беріп жатырмыз» деген сылтаумен жүзеге асырылды.

1998 жылдан бері қаншама қазақтың баласының тілі басқа тілде шығып, туған елінің рухынан, дінінен сусындап, ұлттық тәрбие алу мүмкіндігінен айырылды. Халықтың үміті-қаракөз сәбилеріміздің мұхит асып, өзге ұлттың азаматына айналып, ана тілінен, туған жерінің дәстүр-салтынан мақрұм қалғандығы-ұлттың үлкен трагедиясы.

Бұл жерде айта кететін нәрсе, туған жерінен шалғай кеткен балалардың біразы  шын мәнінде  жақсы жанұяға түсіп жатса, ал кейбір балалардың үйде қорлық-зорлыққа тап болып немесе кейде шет елге адам мүшелерінің доноры ретінде асырап алынатындығы жайлы кезінде БАҚ-да жиі айтылды. 

«Балала­ры­­мызды неге шетел асырап алу­ға құмар?» деп, байбалам салып келгеніміз рас. Бүгінгі күнге дейін де мұның аракідік болса да айтылып жүргені тағы анық. Аракідік дейміз-ау, бүгінде дауға айналған мәселе болып отыр. «Даудың басы-Дайрабайдың көк сиыры» демекші, дауға айналған­­ шетелге сатылған жетім балалардың жай-күйі. ABC және Reuters агенттіктерінің журналистері АҚШ-та асыранды балаларды алмастыратын жасырын желінің барын анықтаған. Аталған желіде ата-аналар ғаламтор арқылы асыранды балаларын алмасады, тіпті сатып та жіберетін болған. Яғни ғаламторда «шетелдік асыранды балалардың биржасы» жұмыс істейді деген сөз. Желіден «Біз бала асырап алған едік, алайда оның жүйке жүйесінде ақау болып шықты. Оны өткізіп жіберуге көмек беріңіздерші» деген жарнамаларды да оқуға болады. Мысалы, Анна Барнсты асырап алған алғашқы ата-анасы 11 жасар жеткіншекті бес итпен бірге трейлердің ішінде өмір сүруге мәжбүрлеген. Енді сол ата-анасы көп ұстамай екінші отбасыға бере салған. Олар да қарқ қылмапты. Екінші ата-анасы қызды қастарына алып жатқанымен, үйінен тысқа мүлдем шығармайды. Дәл осы жағдайға қатысты Инга есімді орыс қызының тағдырын ресейлік сайттар жарыса жазып жатыр. Инга  1997 жылы 12 жасында АҚШ еліне келген.  Небәрі бір жыл ішінде өгей ата-ана қызда психологиялық ауытқу бар, біз оны тәрбиелей алмаймыз – деп қызды басқа отбасына бере салған. Сөйтіп қыз қолдан-қолға өтіп, бірнеше отбасының шаңырағында күнелткен. Ақыр аяғында жыныстық зорлыққа душар болып, мемлекет қарамағына өткен. Ал либериялық16 жасар қызды асырап алған ата-анасы «туған балаларына қарауа шамалары жетпей», ата-аналық құқығынан айырылған өзге отбасына бере салған.  Мұндай оқиғаладыр Қазақстаннан барған балалардың арасынан да  көптеп кездестіруге болады.

Ресей сайттары АҚШ-та «қолдан қолға өтіп жүрген» балалар: Эфиопия, Ресей, Украина, Қытай, Либерия, Гаити, Гвантемал, Бразилия, Қазақстан, Вьетнам елдерінің балалары  деп жазады.

Сондай-ақ, Американың Массачусетс штаты тұрғындары ерлі-зайыпты Линда мен Джозеф Мэйоттқа Қазақстаннан асырап алынған екі баланы зорлап жәбір көрсеткені әшкере болды. Қазақстаннан асырап алған ұл-қызын қойындарына салып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген ата-ана-сымақ бар болғаны 20-25 жылға ғана жазасын өтемек. Ал бұл балалардың бал-дәурені мен ауыр тағдырының даңғыл жолдарын өтей ала ма?

Ағайын болып араға түсіп, ел болып іздеу салғанымызда бөбек кезінде өзіміз сатып жіберген жасөспірімдер қайтті? Елге оралудан бас тартты. Әрине, олардың жүректеріндегі жазылмас жараны әуелі өзіміз салдық. Мұз боп қатқан жараны қатыгез кекке айналдырған асыраушылар асқындырды емес пе? Кінәні сырттан іздеп қайтеміз. Өзіміз аямай сатқан балаларды діні, ділі, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі басқа шетелдік азаматтар қайтсін!

Шетелдіктер қара домалақтарымызды асырап алып, ақылға сыймайтын дүниелер жасап жатқаны рас. Алайда өзімізде жетімдерімізді жетістіріп отырған жоқпыз. Мәселен, Атырау облысында терроризмді насихаттап, кәмелетке толмаған асыранды балаларынлаңкесші етіп тәрбиелеген өгей-ананың ісін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы құқық қорғау органдары тексеру кезінде жетім балалардың құқығы аяқ асты болғанын анықтаған. Ең сорақысы, ата-ананың аялы алақанын аңсайтын балаларды сутенерлер мен есірткіге тәуелді адамдарға да берген. Бұл біздің өз еліміздің балаларына жасаған «жақсылықтары». 

Қоғамның айықпас жарасына айналып отырған жетім балалардың проблемаларын оларды шет елдіктерге сатумен шеше аламыз ба, елімізде шет мемлекетке бала берумен айналысатын 40-тан астам агенттік бар екен. Ал олардан түскен қаржы кімдерге тиесілі? Ол жағы да бізге беймәлім.

Бұл ғана емес, мұхит асқан қаншама қандастарымыздың көз жасы мен обалы кімге? Асырап алып зәбір көрсеткен шетелдік азаматтарға ма? Әлде жанына жара салып сатып жіберген өзімізге ме? Жетім көрсе жебейтін қазақ бүгінде жетімдерінің жайын жетістіріп отырған жоқ. Ырымшыл ұлт едік қой, көз жасы деген оңай емес, әлі де болса ойлануымыз керек.

Айтпағым осы еді...



Бөлісу: