Мен өзімді осында келгелі жетімдер үйіне түскен бала секілді сезінемін. Иә, мұнда бізге жақсы қарайды. Айналам аса жарық боламаса да, кішкене шам қылтиған сәулесін аямай төгіп тұрады. Әр істің қайыры бар. Бәлкім, тегін күн нұрының көзіне орналасқан болсам, бетім бүлініп, қағаздарым сарғайып қалар ма еді?! Жемтігін менің желімімнен табатын кеміргіш құрт-құмырсқадан қорғап, күтушіміз сирек болса да (тура мағынасында) шаңымызды қағып тұрады. Рас айтамын, кір-қоңымыздан арылтып отырады. Терезені жиі ашып, бөлмені желдетіп те алады. Бірақ, мұндай күтім не керек, егер...
Мен кішкене полиграфияда басылып шыққан үлкен тұлға туралы кітап едім. Авторым көз майын тауысып жазды-ау. Жетпеген жерімді суреттермен толтырып, әр жерден көшіріп жамап, бар күшін салып, өзімді қалың, мұқабамды қатты етіп шығаруды жоспарлады.
Өзінің тілі жетпеген жерін жетілдіріп, кем-кетігімді түзеп, өзгеріс енгізетін баспаға апарар деп үміттеніп едім. Уақыты тығыз болды ма, қаражаты тапшы болды ма, білмедім. Құрсақтағы сәбидей кезімде дамып, жетілуімді күтпей, парақтарымды қопыратып бірден баспаханаға ала жүгірді. Шала жансар сәбидей боп туған сорым бес елі маңдайыма аз екен. Көресіні өмірге келген соң көрдім.
Авторым қуана қолына алды да, беттерімді сапырып бір парақтап шықты. Бетім сол жабылғаннан ашылмады-ау, ашылмады.
Авторымның қолтығында қысылып, вокзалға жеттім. Жол сөмкесінің кішкене қалтасына салынғанымнан, өзге қаладағы танысына не туысына жөнелтіліп жатырмын-ау деп шамаладым. Бұл пәтерге келгелі де іздеушім табылмады. Пәтер иесі білгенге құмарлығы боламаса да, көкірегінде саңылауы бар адам екен. Телефондағы сөзіне қарағанда, мен бағытталып жіберген адам тегін тартудан бас тартса керек. Біраз уақыттан соң өз орнымды осы букинистен таптым. Мұнда өзім секілді ешкімге керексіз боп қалған кітаптар арзан бағада сатылады.
Ата, әкелерінен қалып, балалары мұра деп бағалай алмаған құнды кітаптар қамқор қожайындарын тауып, тиын-тебенге сатылып кетіп жатыр. Ал мен көпшілікке керегім шамалы. Тым құрығанда түрім тартымды емес, яғни мұқабам сәнді безендірілмей, күңгірт қою түспен көмкеріліп шығарыла салғам. Мұқабам көз тартарлық болмаған соң, келушілер мені қолына алып, бетімді парақтап та көрмейді.
Алғашқы абзацтағы сөйлемімді аяқтайын. Мұндай күтім не керек, егер жан жылуы, жүрек мейірімі көрсетілмесе?!