Жетім тағдыр.

Әр бір пенденің дүниеге келуі өзінше бір тарих. Бағыма ба әлде сорым ба кім білсін менің тарихым тым қысқа. Баянсыз бақытқа құралған... Менің өмірге келуім өшкен шырақтың соңғы жарығындай тым сынық... Адам біткен жанынына жазылмас жара салатын жалған дүние дүрмегіне неге мұнша асыққаныма қайран қалам. Мына аласапыран арпалысқан тіршілікте мен жоғалтқан не болды екен. Кімді жоқтап, нені даулап келгендігімді біле алсам ғой шіркін. Ондай бақыт мендей бейбаққа қайдан бұйырсын. Талғармайды -ның күйін кешіп, күйбен тіршіліктің диірмен тасында айналып жүргеніме жиырма жылдың жүзі болды. Өзгелердей емес, мен бейбақ жарық дүние есігін не бәрі 6- айлығымда аштым. Шала туыла, шала бақыттың иегері атандым. Көрер жарығым бар екен. Шала туылған шарана болғандығымнан болар, тіптен жылайда алмаппын. Жылағанда  үнімде шықпайды екен. Алақанға сиярдай бір ғана уыс қызыл шақа болып тегінде мына тіршіліктен бейқам жатыппын. Әттең, сол кезде тағдырымның осылай боларын білгенінде жөргегімде жатып жылар едім-ау... Қатыгез тағдыр мені шын аяйтын сәтті тапқан екен... Менің жарық дүниеге асыққаным қара басымның қамы екен-ау. Менің анам маған жарық дүниені тарту етіп жанарын мәңгілікке жұма бұл дүниемен бақұлдасып кете барыпты. Мені өз өмірінен артық көрген қайран анашым-ай... Бұлай боларын білгенімде құрсағыңда жатып-ақ, көзім жұмар едім. Мен өзімді –өзім шексіз жек көрем. Туған анасының басын жалмаған, өзекті пенде болғаным үшін. Сол бір жанды аймалап құша алмағаным үшін. Перзент болып ана мейіріміне қана алмағаным үшін жек көрем...

         Көз ұшында сағым болып көрінген қызыл қыштан өрілген бейіт менің анамның бейіті.  Жер Ана құшағында жас сәбидей тербетіліп менің анам жатыр. Мұнда әр жыл сайын келіп бір сәт қартаң тартып, бір сәт сәби боп қайтам. Қартайғаным өмірдің еріксіз есейдіргені, ауыр бейнетті арқама асып ит тірліктің қамытын кидіріп өмір көшіне еріксіз ерткендігі. Ал, сәби болатыным, Жер Ана құшағында жатқан анама балалығым қанбай еркелейтіндігімде... Анамды құшқандай тастай суық қара жерді құштым... Анамның мейірім көз жасыма, әлде мендей бейбақтың көз жасыма кім білсін қара топырақ жұмсарып, дымқылтартып қалыпты. Өңешке жасырынған өкінішімді, назым мен наламды бақилық болып кеткен анама ақтарып жылап жаттым. Мен қанша жыласамда, «аһ» ұра азаптанып жатсамда арқамнан қағып, жұбатқан анам болмады. Қаншама жандардың қимасын ұрлаған қара жерде бедірейген қалпынан бір айнымады... сырымды тыңдаған күзгі самал ғана әлсін-әлсін ызыңдап жұбатқандай болды. Мазар маңына жағалай өскен топ қамыс мені жұбатып жатырма, жоқ сайқалдықпен мазақ қылып күліп жатырма белгісіз әйтеуір оларда желмен жағаласып өз ара сыбдырласуда.

    Қанша уақыт отырғаным белгісіз... Бір байқағаным омырауымды жас жуыпты. Жанарымда жылағаннан болар ісіп кетіпті. Қайран жүрегім байыз таппай атша тулап жатқаны. Жұдырықтай жүрегіме үкім ете алмай, көңілге қатқан шерді ақтарып қарақшыға тоналған жүргіншідей сүлесоқ күйге еніп келе жатқаным... Адымдап басқан аяғым кейін тартып, өз-өзіммен арпалысып келе жатқаным. Ақылымен жүрегім тайталасқа түсті. Жеңген кім, жеңілген кім... Ұтқан кім, ұтылған кім... Бірақ, қатыгез тағдырдың ұпайы түгел. Оған сенімім кәміл...

      Бейіттен ұзай артыма бір бұрыла қарадым... Өткеніме қарадым... Мен үшін жанын құрбан еткен анама қарадым. Құлыным деп, еркелете мейірленген жанды көрмедім. Өн бойым мұздап сала берді. Мен әлі де жолда келем. Өмір жолында... Артыма қанша қарағым келгенімен қарауға дәрменімде, дәтімде жоқ.



Бөлісу: