Жетім көрсең жебей жүр...

Жетімдер... Ия, соңғы уақытта осы тақырыпты жиі ойлап жүрмін. Аллағы шүкір, ата-анам аман. Бауырларым бәрі жанымда, бірақ жетімдер жайы мені тыныш қояр емес. 1-маусым Дүниежүзілік балаларды қорғау күні қарсаңында "Шаттық бөленсін балалар" атты айлықтың тұсауын кескен болатынмын. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірлері бір арнаға тоғысқан бүлдіршіндермен жүздесулер қатты әсер еткен болуы керек, осы жазбаны жазуды ұйғардым. 

Жетім сөзінің түпкі мағынасын мен "жалғыздық" деп ұғындым. Халқымызда ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің деген сөз бар ғой. Дұрыс-ақ. Дегенмен, ата-ананың қадірін әлдеқайда ерте түсінген жандар болса, олар әрине "жетімдер". 

Облысымыздағы балалар үйінің біріне жиі барып балақайлармен жүздесіп тұруды әдетке айналдарғалы қашан. Қамкөңіл балалар өздеріне назар аударғанды жақсы көреді ғой. Ия, олармен әңгімелесу өте қиын. Сол балақайлармен әңгімелесу барысында тәжірибелі мамандардың тілдері байланып қалып жатқанда біздікі жөн-ақ... Бірде байқаусызда тәрбиеленушілердің біріне "Руың кім?" деп қойып қалдым. Әлгі бала "аға, мен руымды білмеймін" деді де жүгіре жөнелді. Тоқтатып едім, маған бұрылмады. Өкініш өзегімді өртеді. Осы жағдайдан кейін абайлап сөйлейтін болдым. Байқаусызда айтылған бір ғана сөз бала жүрекке үлкен жара салары анық... 

Қазіргі қоғамда шетелдік азаматтардың жетімдерді асырап алуы көптеп кездесуде. Бұл тақырып жалғыз мені ғана емес, жетімдердің жағдайына алаңдаулы барша жанды толғандырары анық. Белгілі ақын Асылзат Арыстанбектің "Жетімдер" деген өлеңіндегі мына жолдары оқи отыра қатты толғандым. 

Тағдырыңа нали бермей бекерге, 
Сен жүре бер өмір жүгін көтер де, 
«...Милы адамдар» менен бұрын қимылдап, 
Ұрлықшы ұшақ ұшып кетті шетелге. 

Тірі жетім, солай сенің тағдырың, 
Басқа елден атар саған таң бүгін. 
Құшағынан қу нәпсінің шыға сап, 
Ұшағында «мейірімнің» қаңғыдың. 

Өз елі өгейсіткен баланың шетелден бақ табарына кім кепілдік бере алады? Кейбір мәліметтерге сүйенсек бала 10 жасқа толғаннан кейін "өзін шетел азаматтары асырап алуына өтініш" білдіре алады екен. Өкінішті-ақ...

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұлағатты сүннет қазынасында жетімдердің жайын ойлауға жігерлендіретін хадистер өте көп. Солардың кейбіреуінен мысал келтірейін. 

Бір жетім дастарханда елмен бірге отырса, дастарханына пәле жоламайды;

Құл мен жетімдерге көмек еткен кісі, Алла жолында соғысқан немесе күндіздерде ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісі сияқты;

Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, оның қолы тиген әр тал шашы сайын жақсылық болады.

Сөзімнің соңында Жеңіс Байдәулетов бауырымыздың "Жерде жетім жыласы" атты туындысынан өзінді келтіріп өтейін

 

...Тойымсыздар бар ақшалап кеткен,

 Тойымсыз көздер ашқарақ неткен?!

Тоғыз ай бала құрсаққа салып,

Тоғыз сағатта тастап-ақ кеткен.

Халықтан сұрап қайырым салып,

Жетімектер жүр ойы мұң шағып.

Көз жасын көл қылып жүздіріп көлге,

Қайғымен мұңнын қайығын салып...

...Ата-ана елдің азат таңысың,

Сәби сүймеңіздер азаптау үшін.

Ұрпағың өссін тек өзіңмен емес,

Он алты миллион қазақтар үшін.

Баланы бағу қиын демеңдер,

Мал-мүлікті бұйым демеңдер,

Бәлкім бұл сөзге қарсы шығар,

Жетімектердің қанын жегендер...

...Тас жүректің ұл сатуына,

Бағбанның ұқсас гүл сатуына,

Балаң болмаса мұсылманбыз ғой, 

 Айшық қадай сал үй шатырыңа.

 

 

P.S. Жетімдер жайын бір ғана жазбада толық баян ету мүмкін емес. Бұл менің дәл қазіргі уақытта көкейімде тұрған сөздер. Қателіктер кетсе, кешіріңіздер... 



Бөлісу: