"ЖЕТІМ БҰРЫШ"

"ЖЕТІМ БҰРЫШ"
жеке
блог

"Шалынбастан сан қайтарып бетіңді,

Түлкі заман берілмеске бекінді.

Мұқағали тұлдырлықты тартпап ед,

Димаш атам жылатпаған жетімді.

 

Сілкінтсе де нән ғаламды жеңіспен,

Тірлік кешіп жатыр қазақ ренішпен."

...Осылайша ойға түстім

Мұқаңның көшесінде келе жатып рельспен.

 

Құй баспадың, құй бастың,

Мұқағали көшесіне қиғаш тым –

Деуге келмес тіпті атына заты сай,

Көшесі бар Ахметұлы Димаштың.

 

Саналарын тұрмыспенен қақ бөлген,

Жиылады жұрт осында жат белден.

Қос көшенің қиылысқан тұсында,

Бір бұрыш бар “жетімек” деп ат берген.

 

Біреу күліп, бірі жайлап ұғысқан,

(Құрғыр қылық қайдан ғана жұғысқан?)

Қоныс іздеп қаңғырады күні-түн,

Сорлы қазақ осы “жетім бұрыштан.”

 

Аспандай боп біреулердің тіреуі,

Зуылдайды делдал болып біреуі,

Пана сұрап жәудіреген пақырға,

Ешбірінің жібімейді жүрегі.

 

Біреулер тұр арзан үйге байланып,

Біреулердің қанжығасы майланып –

Шытырлатып теңге санап әбігер,

Сыңғыр қаққан кілтін бермей ойланып.

 

Мүсәпірдің мәнді болған қай таңы?

Соқпаса да сұмдық күннің сойқаны.

Жетім тиын салып келген аш қалта,

Жылтыр кілтті басып және қайтады.

 

Тентіреген тағдырлар-ай, жасаған,

Аяқ-қолдар бүтін тұрып, бас аман.

О, қу дүние,

Шынашақтай несібесін қазақтың,

Үлестіріп жатқаның не тасадан?!

 

Мысы қайтып, сынбағанмен сағы да,

Болашақтың соры ма бұл, бағы ма?

Тіршіліктің таразысы қашаннан,

Ауқаттының ауып кеткен жағына.

 

...Бақыр жинап, баспанасын қамдауға,

Сол қарагөз бұрыш барды тағы да.