Жетім балаларды шетелге сатуды тоқтатсын!
блог
60-тан астам баланы асырап алған елімізге танымал Әминә қажы, "Перзент" балалар үйінің төрайымы мен тәрбиеленушілері шетелдіктерге жетімдерді сатуға қарсы шықты. Балалар омбудсмені Аружан Саинның қазақстандық сәбилерді шетелдік азаматтардың асырап алуына арнайы заң қабылдануы керек деген ұсынысына жетім балалардың өз айтары бар деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Бүгін "Перзент" балалар үйінің тәрбиеленушілері наразылық шараларын ұйымдастырып, қолдарына "Мені сатпа, біз өз еліміздің баласымыз, өз жерім - өз мекенім, жетімдер сатылмасын, шетелге бала сатылмасын, шет елге бала болмаймын" деген сөздерді плакатка жазып, видеоүндеу жасады. Балалардың бар талап-тілегі шетел азаматтарына бала сатылмасын дегенге саяды.
Елімізге танымал Әминә қажының айтуынша, шетелдіктерге бала сату үлкен қате. Өйткені олардың көбі дені сау балаларды ғана алғысы келеді, ал ауру-сырқауларына бұрылып та қарамайды дейді ол. Әминә қажы денсаулығы жақсы жасөспірімдерді асырап алып, кейін олардың дене мүшелерін басқа пиғылда пайдаланбауына ешкім кепілдік бермейтінін алға тартып отыр.
- Қазақ жетімін жылатпаған, «жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырар» дейді. Шетелге көзі жәутеңдеп кетіп бара жатқан қаракөздерімізді көргенде, жетімін жаттың жетігінде жіберіп жүрген елдердің алдыңғы қатарында екеніміз еске түседі. Сондықтан ата-анасы жоқ балаларды өзгенің жетігіне жіберу үлкен қателік, - деп есептейді 60 баланы бір өзі асырап отырған Әмина қажы. - Қазір өзіміздің халық саны 17 миллионға жетер-жетпес, АҚШ-та 6 мың біздің қарадомалақтар өсіп жатыр екен, егер соларды шетел асырмағанда халық саны бүгінде әлдеқайда көбейетін еді деп өкінішін білдірді кейуана. Әминә апай шет елге сатқанша еліміздегі бала сүюге қабілетсіз отбасылардың бала асырап алуын қарастыруға ұсынып отыр. Қоғам белсендісі балалар үйінің тәрбиеленушілерін шетелге сатуды тоқтатсын деген талап қойды.
Еске сала кетсек, жақында Балалар омбудсмені Аружан Саин қазақстандық сәбилерді шетелдік азаматтардың асырап алуына қатысты пікір білдірген болатын.