Жеті атасын білмеген...

"Жеті атасын білмеген..." Балаларды балабақшадан алып, таксиге міндім. Жолда көлік жүргізушісі екі ұлыма бір қарап, маған бір қарап: «Сіздің балаларыңыз ба?» - деп сұрады әлденеден сескенгендей. Мен алаңсыз: «Әрине, өз балаларым», - деп қоям. - Өзің жап-жас екенсің, баласы бар адамға мүлде ұқсамайсың, - деді. Мен мұны "комплимент" ретінде қабылдап, "Рақмет!" дей бергенімде. - Жастай үйленіп аласыңдар да, балаға жөнді тәрбие бере алмайсыңдар, өйткені өздерің – әлі баласыңдар, - деп қойып қалды. Егде тартқан кісімен сөз таластырғым келмеді, үнсіз отыра бердім. Сөзін әрмен қарай жалғаған ол: "Ал, қане, айтшы, тәрбиені неден бастадың?" - деп сұрады. Мен саспастан: "Тілі шыққаннан тегін, жеті атасын үйреттім", - дедім. Ана кісі аң-таң. "Рас па? Жеті атаңды білесің бе, балам?" - деп, үлкен ұлым Ерасылға қарады. Үлкенімнің алдын орап кішісі мақтанышпен: "Мен білем", - деп дауыстап жауап берді. /Кішкентайым 3-те./ "Қане, айтыңдаршы" дегені сол, екеуі жарыса: "Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат", - деді де ары қарай өз аталарының есімдерін әкесінен бастап тізіп шықты. Төбем көкке жеткендей болды. Іштей қуанып қалдым. Бала кезімізде әкем де дәл осылай бізге жеті атамызды жаттатудан жалықпайтын. Үйге келген қонақтардың алдына шығарып қояды. Содан жеті атадан басталған «выступление» ән мен биге ұласатын. Теледидардан сөйлеген Елбасы, министр, депутаттардың есімдерін жаттайтынбыз. Кез келген уақытта әкеміз: «Мынау кім?» - деп сұрай қалса жауабымыз дайын тұратын. Сонда «бөтен кісілердің есімі бізге не үшін қажет, өз сабағымыз аздай» деп, іштей әкемізге ренжіп жүрдік. Сөйтсем оның ойы балаларым игі жақсыларды біліп өссін, соларға қарап бой түзесін деген ниетпен екен ғой.



Бөлісу: