Жеті ата
блог
– Баласының баласы –
Көздерінің қарасы,
Атасына немене?
Әжесіне немене?
– НЕМЕРЕ!
– Немеренің баласы –
Көңілінің санасы,
Атасына немене?
Әжесіне немене?
– ШӨБЕРЕ!
– Шөберенің баласы –
Көйлегінің жаңасы,
Атасына кім десек?
Әжесіне кім десек?
– ШӨПШЕК!
– Ал, шөпшектің баласы, –
Саусағының саласы,
Атасына немене?
Әжесіне немене?
– НЕМЕНЕ!
– Немененің баласы –
Алты ауылдың арасы,
Атасына қай бала?
Әжесіне қай бала?
– ҚАЙМАНА!
Жетеуі де ірі,
Жеті атаның – бірі.
Болмау үшін жаманат,
Болмақ үшін саламат
Жеті отаудың Тіреуі:
– Біреуіне – біреуі
Үйленуге болмайды! –
Деп аманат жолдайды...
Қаймананың баласы –
Бересі де, аласы,
Жаңа әулеттің ескісі,
Ескі әулеттің жаңасы.
Атасына туа – жат,
Әжесіне туа – жат.
Оның аты – ТУАЖАТ!
ТУМА-ТУЫС
Ауыр болар наласы,
Қыздарының баласы,
Атасына бір сүйем,
Әжесіне бір сүйем
Тартып туған –
ЖИЕН!
Ал жиеннің баласы,
Жоқ ішінде аласы,
Атасына тұлғасы,
Әжесіне сұлбасы
Тартып туар сәл –
ЖИЕНШАР!
Ал қыздардың баласы,
Қандай тату, қарашы!
Түскі дәмді,
Кешкі дәмді,
Таңғы дәмді,
Соңғы нанды
«Өле жемей, бөле жейді!»
Сондықтан да
«БӨЛЕ!» дейді.