Жерге деген құштарлық!

Жерге деген құштарлық!
жеке
блог

                                Жерге деген құштарлық

 

          Дала. Пойыздар батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай зулап ағуда... Уақыт та маусым айына жақындап қалды, тіршіліктің бәрі күн нұрынан нәр алып жатқан осынау ұлан-ғайыр даланың ар жағынан көрінуде. Далада қандай тіршілік бар дейсіз ғой?! Онда бір керемет, онда бір тамаша өркениеті бар тұрғындар өмір сүруде. Осы ұлан-ғайыр даланың ар жағына көз жүгіртсеңіз, сан алуан биіктігімен, сәнімен, құрылысымен көз тартатын ғимараттарды көріп таңғаласыз. Сонда әр адамға дереу мынадай ой келеді, шіркін: «Осының барлығын адамзат, яғни тұрғындар өздері салды ма?» Иә, осы сұраққа ерекше мақтанышпен бұл – тұрғындардың қолынан келген іс деп жауап қатқан кісінің көңіл-күйі көкке бір жеткендей болады. Шынында да, адамзат бұрын осындай қарқынмен дамып, өмірін таңғажайып бір әлемге айналдырады деп кім ойласың? Әсіресе, бұл мекен өзінің қала салуын тоқтатып, ғарыш әлемін жаңа қарқынмен меңгере бастауымен ерекшеленеді. Тіпті, мұндағы жаңа құрал-жабдықтар мен нано-технологиялар, ғарыш кемелері мен спутник компьютерлері адамды ғарыштың сонау бір ашылмаған, зерттелмеген, адам аяғы баспаған жерлеріне қадам басуын армандатып, қиялын сонау бір жұлдыздарға жетелейді. Тұрғындар болса, мұның барлығына үйренген-ді. Бұл қалада шамамен 1,5млн адам бейбітшілікте, татулықта, достықта өмір сүріп, ғарышқа байланысты нық, үлкен стратегиялық мақсаттар қоюда. Мақсаттың барлығы осындағы астро-физика жоғарғы оқу орнында толық жүйеленіп, құрылады. Жоғарғы оқу орны тікелей осындағы ғарыш айлағымен бірігіп талай рет ғарышқа кемелер жіберген. Міне, әдеттегі «Байқоңыр» кемесінің ұшып кеткеніне 3-4 ай болды. Ондағы ,ғарышкерлерге нақты тапсырмалар беріліп, жаңа ресурстар игеру жүктелді. Сол ғарышкерлердің біреуі – Рақымжан болатын, ол өте тәжірибелі ғарышкер. Әйелінің өмірден ерте өтуіне орай екі баласын жалғыз тәрбиелейді. Оның ғарыш ғылымына берілгені соншалық, балаларының атын сонымен байланыстырып Шолпан мен Орион деп қойған. Оған қоса үнемі балаларының суреттерін өзімен бірге ғарышқа алып жүретін. Тамаша тәрбиеленіп өскен балалар әкесінің жолын қуып, қазір астро-физика жоғарғы оқу орнының студенттері. Шолпан көп оқып, ғылыми жобалар ашуға құмарлығымен көзге түсетін. Оның үнемі айтып жүретін сөзі де «оқу, оқу, оқу» еді. Ол кітапты оқығанда да оның өзіне-өзі түгел мазмұндап, жазып есте сақтайды. Ал Орион болса, керісінше, көп оқығаннан гөрі зертханалық, практикалық жұмыстарға қатты қызығады. Тіпті, оның зертханада жаңалық деп танылған бірнеше жұмыстары бар. (ғарыштағы топырақ құрамын анықтаған, т.б.) Бұл Орионның қаншама айлар тер төгіп, ізденіс еңбектерінен туған нәтиже. Оның мінезіндегі бір ерекшелік – кез келген істі аяғына жеткізбей тыным таппауы. Сірә, бұл қасиет әкесінен берілген болар. Қазір, міне, ол сол әкесі туралы тұңғиық бір ойға батып кеткендей, жанындағыларды еш елемейді, елегісі де келмейді. Әкеге сағыныш, әкені аңсау оның тұла бойын,өр мінезділігін өртеп барады. Бір ойы оның әкесімен ғарышта жүздесуін меңзесе, екінші ойы сол арада басқа оймен алмастырады. Әрине, әке қамқорлығынсыз,кеңесінсіз аз уақыт болса да өмір сүру мұндай жасөспірімге қиынға соғуда. Соны сезген Темірлан да оның жанына жақындап, халін сұрай жөнеледі. « Достық қиын жағдайда адалдыққа ұласады» демекші Темірланның, міне, бірнеше күн болды, мазасы жоқ. Ойының барлығы – жан досының көңілін қайтсе де көтеру. Орион мен Темірланның арасындағы мұндай берік достық сонау бала-бақша кездерінен басталды. Әкелері де бір-бірінің жан достары, екеуі де ғарыш ғылымына нағыз беріліп кеткен жандар. Дүниедегі талай ғылыми жаңалықтар осы екеуінің бірігіп еңбек етуінен туған. Екеуі де ғарышкер-ғалым. Күндердің зулап өткені болмаса, мұнда Орионға зертханалық жұмыстардан басқа еш нәрсе қызық емес. Бірақ Санжар атты досы, Нобель сыйлығының болашақ иегері, оған зертханалық жұмыстан басқа да қызық көп екендігін айтып, қызықтырған сияқты.                    

  Міне, универститеттегі кезекті күн. Достар, әдеттегідей, асханада кездесіп, әңгімелерін айтып отыр. Шәйін ұрттап отырған Орион жолдастарына қарап:

- Соңғы жаңалықтарды естідіңдер ме? Біздің күн жүйемізде жаңа планета ашылды дейді.

- Өтірік бәрі,- деді Санжар. – Сенбеймін.

- Ой, қойшы, Санжар,- деп тіл қатты Темірлан. – Сен-ақ осы бәрін өтірік дей бересін. Мен мысалға сенемін. Кім білсін мүмкін бар шығар. Бәрі-бір ана алыстағы Нептун мен Плутонды телескоп арқылы емес, математикалық есеп арқылы ашқан. Соған қарағанда бұл жаңа планета да шындық.

- Мен де бұл планетаның бар екендігіне сенемін. Ол туралы әкеміз көп айтатын, соңғы ғылыми жобасы да осымен байланысты, ғарышқа ұшу себебі де сол,- деп Шолпан да үнсіз қалмады.

- Айтпақшы,- деді Орион Темірланға қарап. – Әкемізден хабар бар ма? Сенің әкең байланысты ма?

- Йә, соңғы рет кеше байланысқа шыққан еді, сол кезде Плутон ең үлкен серігін зерттеп жатқан. Қ-ға ма, ғ-ға ма басталатын бір планета әйтеуір, - деп Темірлан басын қасып отырып қалды.

- Харон шығар,- деді Санжар ойланбастан.

- А...йә, енді есіме түсті, рахмет.

- Мм...жарайды, хабарласса айтасын ғой.

- Әрине, бірден.

Бұдан кейін біраз сөйлесіп сабақтарына қайтіп кірісті.

  Келесі күн. Жексенбі. Таңғы сағат 6.30. Үй іші тым-тырыс. Кенеттен тыныштықты телефон дауысы жарып жіберді. Орион да, Шолпан да тұрғысы келмеді, бірақ ағасын жақсы білген Шолпан тұрып телефонға жауап беруіне тура келді.

- Алло.

- Алло, сәлем.

- Бұл кім?

- Мен ғой Темірлан.

- Не болды, ұйқың келмей жатыр ма не? – деді ашуланып.

- Жоқ...Әкелерің жайлы...

Ұйқысы бірден ашылып Шолпан:

 - Не болып қалды?!

- Нақты білмеймін. Кеше әкелерің байланысқа шыққанда бір қиыншылықтар туды деді, ол кезде Плутон орбитасымен ұшып келе жатқан. Одан кейін байланыс үзіліп кетті, әлі де хабар жоқ. Радар бетінен де шаттл жоғалып кетті.

- Біз қазір келеміз, «Ғарышты зерттеу орталығының» алдында бізді күт,- деді де телефонды тастай салды.

  Арада жиырма минут өтті. Орталық алдына Темірлан келді, жарты минуттан кейін Шолпан мен әлі ұйқысын ашпаған Орион келіп жетті.

- Әкем іште күтіп түр,- деді Темірлан. Үшеуі дереу бақылай пунктіне барды, оларды Ринат күтіп алды.

- Балалар, әкелеріңнің жағдайы ауыр секілді. Артынан бармасам болмайды.

- Біз де сізбен барамыз,- деді Орион сенімді дауыспен. Шолпан мен Темірлан бастарын иіп, келіскенін білдіргендей. Сол уақытта, ғылыми жобасын қорғап жүрген Санжар келіп қалды.

- Не болып жатыр?

- Орион мен Шолпан әкелерінде ғарышта бір жағдай болып қалды. Қауіп төнген сияқты, сол себептен артынан іздеп барайын деп жатырмыз.

- Онда мен де барамын.

- Жарайды, мен сендерді тек негізгі заттарға үйретем, қалғанына уақыт жоқ, бүгін түнде сапарға шығамыз.

  Түн батты. Барлығы дайын. Ринат соңғы тексерулерді жүргізіп бітті. Орион бастаған жас ғалымдар шаттл ішінен орындарын алып жатыр. Бас пилот -  Темірлан әкесі, көмекші пилот тәжірибелі ғарышкер - Аянов.  Космодромның №1 айлағынан «Болашақ» атты ғарыш кемесі өз саяхатына дайын. Үлкен таблода сандар шыға бастады. Бұл қайта санау; диспетчер дауысы естілді:

- Бес, төрт, үш, екі, бір...сәт сапар!

  Ғарыш шаттлы өз жоспарланған бағытымен ұшуға аттанды. Бұл ерекше қызыққа толы саяхат Шолпан мен Орионның көңіл-күйінің көтерілуіне себепші болуда. Енді, бірнеше сағат бойы ғарышкер Аянов пен Темірлан әкесі Ринат, «Болашақ» шаттлын бөгде планетаның атмосферасына алып кіруге бел буып, жол меңзеді. Келесі мекен – Плутон екенін білген Шолпанның ойына не келмеді десеңші: онда не істейміз, қалай күн көреміз?! Осы уақытқа дейін Шолпан Плутон жайлы талай кітаптарды да оқыған. Қазір  ол өзінің соның бетінде тіршілік етіп жүретіндігіне қиындықпен сенеді. «Плутондағы уақыт Жер планетасымен бірдей. Тек қана мұнда таң атып, күн батпайды. Екі жүз қырық тәулікке алмасатын тәулік кімді жалықтырмасын. Бұл мезгілде Жерде табиғаттың екі мезгілі өтеді. Құмды дала, батпақты дала, субтропиктік аймақ дейсің бе, Плутонда бәрі бар. Тек шектеулі ортада» ,- деп ойлап отырған Шолпанды кенеттен Темірлан бір ұйқыдан оятқандай болды:

 - Сен өзің неге қуанбайсың, жаңа ғана ғарышта болатынымызға күлімсіреп,  қуаныштан отыратын жер таппай жатыр едің ғой?

- Жо-жоқ, олай емес. Мен біз қонатын планета – Плутон жайлы ойға беріліп кетіппін. Бұрын оқыған кітаптарымнан біраз мағлұматты есіме  жай түсіргенім ғой, Темірлан.

- Әрине, Шолпан, бәрі ойдағыдай болады,- деп Темірлан оның бойынан үміт отын, әкеге сағынышын, махаббатын жандырғандай.- Ең бастысы сен саспа!            

  Темірлан мен Шолпан арасында осындай бір ерекше достық қарым-қатынас бар екендігін бәрі білетін-ді. Себебі, олар бір-бірімен сондай ерекше ілтипатпен, сыйластықпен сөйлесетін. Мұны үнемі байқайтын Санжар да, олардың берік достығы келешекте махаббатқа айналатынын айтудан жалықпайтын...

       Біраздан соң кеменің айналуы саябырси бастады. Аянов тағы бір тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін двигательдерді іске қосты. Сол замат иллюминатордан көрінген жұлдызды әлем біресе олай айналып, біресе бұлай айналып барып қалпына келді. Мұндай құбылысты ғарышқа ұшатын әрбір ғарышкер өткереді. Ал мына ғаламат күштен болған шайқалу адам тілімен жеткізуге келмейтін құбылыс еді. Дәл осы қорқынышты сәтте Шолпан Темірланды құшақтап алды. Бәлкім, қорыққан болар. Бұл бір қызық сәт, екеуі үшін бұл дүниеде теңдесі жоқ, ешқешан қайталанбайтын сәт еді. Біраздан соң кеменің теңселуі толық тынышталды. Жұлдызды әлем де өз орнына қайтадан келгендей.

  Күн жүйсінің шегіне дейін жеткен ұзақ ғарыш сапары аяқталу үстінде. «Болашақ» енді Плутон орбитасымен ұшып барады. Жол бойы планеталар мен олардың атауларын айтып келген Санжар, енді үнсіз. Оның назары сол жақ иллюминаторда

- Бұл не? – деген ғана сөз естілді.

- Бұл, сен жоқ деген жаңа планета, - деп сәл күлімдеп Орион жауап берді. Санжар әлі де таңғалуда. Сол арада ішкі радиодан бас пилоттың дауысы естілді:

- Өз орындарыңызға отырып, қауіпсіздік белін тағып қойыңыздар, аздап шайқайды.

  Шаттл Плутон атмосферасына кіре бастады. Ғарыш кемесі дірілдеп сырттағы азот пен метаннан құралған бұлттармен күрескендей. Оның қаңқасы қатты қызып кетті. Бұндайға шыдамаған Шолпан мен Санжар естен танып қалды. Темірлан қанша күшті болса да, көзі қарауытып барады. Орион естен талмаған, бірақ есін жиған да емес. Екі пилот бұл қиыншылықтарды қайтсе де жеңу керек, бірақ бұл Жердің серігі Айдан да кіші планетаның қыртысы 50% -дан артығы мұз, қалған жартысы таудан құралған, қонуға қолайлы жер табу қиынға соғар. Көптеген күйзелістен кейін «Болашақ» шаттлы Плутон үстіне сәтті қонады. Бас пилот, Ринат:

- Біз Плутон планетасына сәтті қондық. Сырттағы температура 230 градус нөлден төмен. Атмосфера негізінен азоттан құралған, арнайы скафандырларыңызды киюге ұмытпаңыздар. Назарларыңызға рахмет.

  Темірлан өз қуанышын жасырмауда. Орион да есін жиып, досымен бірге шаттанып жатыр. Шолпан мен Санжар әлі де ессіз. Әрине бұл олардың алғашқы сапары.

  Біраз уақыттан кейін арнайы құрылғылар сол планетадағы бір белсенділікті байқады.

- Жер астында бір тіршілік бар секілді, - деді Орион.

- Сыртқа шығып зерттеу керек! – нақты дауыспен Санжар айтты.

Аз уақыттан кейін кемедегі адамдар арнайы киіммен дайын тұрды. Артқы есік ашылды; біртіндеп бірінің артынан бірі алтауы кемеден мұзды, өзге әлемге аяқ басты. Бәрі аң-таң, бұндай көрініс кімді болса да таңғалдырады.  

- Мәссаған! – деп Темірлан ауызын ашып қалды.

  Санжар бірден өз құрылғыларын алып планетаны зерттеуге кірісті. Аянов пен Ринат шаттл  жағдайын тексеруде. Қалғаны айналаға көз салып, таңғалғанын әлі басар емес. Тексеруін бітіріп, Аянов:

- Бәрі жақсы...

- Жақсы, олай болса іске кірісейік, Санжар!...Санжар!

  Өз жұмысына кірісіп кеткен Санжар, еш нәрсені естімейді.

- Әй, Санжар деймін.

  Біраздан соң ғана:

- Ау...не болды?

- Сенің ана радарын қайда? Іске қосып, «Байқоңырды» іздеп көр...

  Бірнеше минуттан кейін, радар бүкіл Плутонды қарап шықты, бұл планетаға жат нәрсе анықталмады. Сол уақытта Темірлан мен Шолпан бірге, басқа құрылғымен жер қойнауын зерттеп жатты. Бір кезде құрылғы экранында түсініксіз бір зат суреттеле бастады.

- Орион! Қара! – деп Шолпан өз ағасын шақырды.

- Бұл немене?! Мынау...мынау шаттл емес пе?! Бәрің мұнда...қараңдар!

- Ол жер астына қалай түсіп кеткен? – деді таңғалағынын жасырмаған Ринат

- Бұны зерттеу керек! - деп, әдеттегідей, Санжар тіл қатты.

 Кенеттен бір дүбір естілді. Жер дірілдеп кетті. «Болашақ» экипажы қозғалыссыз. Секунд болмай бұл құбылыс тоқтады.

- Уайымдамаңдар...кезекті жер сілкінісі, бұнда ондай болып түрады, - деді сенімді дауыспен Санжар.

- Жоқ, бұл кәдімгі жер сілкінісі емес, тым қысқа, әрі әлсіз,- деді Ринат біраз тұрып.

- Сонда... Сөзін аяқтап үлгермеген Санжарды және қалған бесеуін, тұтқиылдан шабуылдаған аңдай, қараңғы басып кетті. Не болғанын біреуі де түсінбеді.

  Ринат өзінің қалтасынан, өзімен әрқашан алып жүретін, фонарьді алып, жарқыратты. Енді бәрі түсінікті болды, олар жер астындағы үңгірде.

- Бәрің амансың ба? – деді ол бар дауысымен. – Темірлан!

- Йә, әке, бәрі жақсы.

- Орион!

- Жақсымын.

- Шолпан!

- Рахмет, аманмын.

- Санжар!

- Жақсы.

- Аянов!

- Бәрі ойдағыдай.

- Олай болса, керемет.

  Енді уайымын тоқтатып, есін жиған «Болашақ» экипажына жаңа қауіп төнді.

- Кімсіңдер? - деді қасқыр мен адам арасындағы, бойы кішкентай, жуан, дірілдеген,  Жердегі бір де дыбысқа ұқсамайтын дауыспен, бір тіршілік иесі.

- Біз...біз Жер планетасынан келген бейбітшіл адамдармыз,- дірілдеген дауыспен Орион жауап қайтарды.

- Неге келдіңдер?

- Осы планета аймағында бір топ ғалым жоғалып кетті. Біз солардың артынан іздеп келдік. Арасында әкем де бар. Көзілдірік киген, шашы алба-жұлба, өңі сұр, бойы орташа келген адам. Көрдіңіз бе сондай біреуді?

- Сен біздің басты ғалымымыздың баласысың ба? Артымнан жүріңдер, - деді де, тез қарқынмен жүріп кетті. Экипаж мүшелерінің бетінде сұрақ белгісі анық көрініп тұр. Құпияның артынан құпия, сұрақ артынан сұрақ. Олар тек бір нәрсені нақты білді: бәрін түсінбегенше, таныш ұйықтай алмайды.

  Бірнеше минуттан кейін, Плутон тұрғыны бір үлкен мұздан жасалған есіктің алдына тоқтады. Қолын көтеріп, мұзды бір саусақпен түртіп қалып еді, есік бірден төбеге қарай жылжып кетті. Ары қарай үңгір оң жаққа бұрылыс жасап біртіндеп кеңейе бастайды. Бұрылыстан шыға сала адам көрмеген, ауданы көз жетпейтін үлкен, шегі көрінбес, бір жер асты қаласы  тұр.

- Ғажап! – деді, сол көріністен көзін ала алмаған Шолпан. Қалғандары да таңғалғанын жасырмай тұрып қалды.

- Әкелерің ана биік құрылыста, - деп гумоноид адамдарды суда жүзетін кемеге ұқсас бір затқа отыруға шақырды. Келесі мезетте олар қала үстімен ұшып, сол зәулім құрылысқа жетті. Құрылыстың іші дәл Жердегі «Ғарышты зерттеу орталығына» ұқсайды, бірақ адамдардың орнына түсініксіз кейіптегі тіршілік иелері. Солардың арасынан бес ғалым, ақ беттегі қара сиядай, анық көрініп тұрды. Шолпан мен Орион бірден көзбен әкесін тауып алды. Әкесі толығымен зерттеуде, балалары дәл қасына келген кезде ғана оларды байқады.

- Өз көзіме сенбеймін! Бұл түс пе, әлде өң бе?! 

- Жоқ, бұл түс емес,- деп Шолпан әкесінің мойынына асылды. Орион да шетте қалмады, әкесін бар күшімен құшақтады, жасы өздігінен тамшылып кетті. Сол арада қалғандары жетіп келді, бірден құшақтасып:

- Біз сен үшін қатты қорықтық, неге байланысқа қайта шықпадың? Не себептен байланыс үзіліп кетті? – деп Ринат жан досын Рақымжанды сұрақтармен атқылады.

- Кешіріңдер! Хароннан ұшқан уақытта сол жақ двигателімізге астероид тиіп жарып жіберді. Біз Плутонға қонуға мәжбүр болдық. Әрең дегенде кемені отырғыздық. Қонғаннан кейін құрылғылар бұл планетадағы бір белсенділікті байқады, ғалым болған соң біз бірден зерттеуге кірістік, бірақ мұз бен тастан басқа ештеңе таппадық. Кенеттен біз жер астына түсіп кеттік, бізді бір тіршілік иесі өз сұрақтарымен қарсы алды.  Біздің ғалым екендігімізді білген соң, олар бізден атомдық энергияға байланысты қиыншылықтарды реттеуге көмек сұрады. Сол энергияны қолдануда біздің тәжірибеміз мол болған соң, қиыншылықтарды оңайлықпен жеңдік. Сол үшін олар да бізге қол ұшын беруде. Қазір біз жаңадан ашылған планетаны зерттеп жатырмыз, орбитасын анықтадық. Біздің Отанымызға қауіп төніп тұр, өйткені сол жаңа планетаның орбитасы Жердікімен сәйкес келіп, соқтығысуы әбден мүмкін. Соны болдырмау үшін біз жаңа құрылғы ойлап таптық. Бұл әлемдегі ең үлкен магнит, ол планета орбитасын өзгерту керек. Ал орбитаны өзгерту үшін магниттің күшін тағы да 5 есеге арттыру қажет, бірақ қалай екендігін білмей тұрмыз. Айтпақшы, жаңа планета атауын Нибиру деп шумерлік аңызға қарап қойдық.

- Мен көмектесе алатын сияқтымын, - деп Санжар әңгімеге қосылды. – Менің қазіргі жобам сонымен байланысты. Теория бойынша, егер магнитты -600 градусқа дейін суытса, оның магниттік қасиеті бірнеше есеге артады. Жерде ондай мүмкіндік жоқ болған соң, тәжірибені әлі де жасамадым. Бірақ бұл планетада ондай мүмкіншілік бар, өйткені азот мөлшері өте көп, сол арқылы магнитті оңай суыта аламыз.

- Керемет! Нені күтіп тұрмыз? Іске кірісейік...

  Санжар осы мүмкіндік туғанына қатты қуанды. Тәжірибе сәтті өтті, магнит, шынында да одан әрі күшейді. Ендігі басты мақсат, сол арқылы Нибиру орбитасын өзгерту. Шешетін сәт те келіп жетті. Магнит сыртқа шығарылып, планетаға қаратылды. Бүкіл Плутон үнсіз, демдерін сақтап тұр. Рақымжан артқа санауды бастады:

- Он, тоғыз, сегіз, жеті, алты, бес, төрт, үш, екі, бір...көрінбейтін толқын аспанды екіге жарып жібергендей. Күші соншалықты мықты.

- Біздің құрылғылар Нибирудың жылжығанын көрсетіп тұр. Әзірше 5

градус, - деп гумоноид айтып еді, жанындағы екіншісі:

- 6, 8, 12, 16, 22, 25, 30, 36, 42, 44, 50 градус. Бұл мүмкін емес!

  Барлығы қол шапалақтап қуанып кетті, бәрі бір-бірімен кұшақтасып, бір-бірін кұтықтап жатыр. Шолпан мен Темірлан қатты қуанғаннан өздігінен құшақтасып қалды, бірақ бірден, ұялғаннан, құшағын әлсіретті. Соған қарамастан бір-біріне күлімдеп ұзақ қарап тұрды. Санжар бұндай сәттілікке әлі де сенер емес. Орион қуанғаннан бір гуманоидты құшақтап алды, жауап ретінде бес-алты гумоноид те Орионға құшағын жайды. Бұл сәт, бүкіл, сол жердегі, адамдардың есінде мәңгілікке сақталады. Олар енді батырлар. Олар Жер планетасын, өз тұған жерін, өз Отанын, бүкіл адамзатты ажалдан құтқарып қалды. Бұдан асқан мақсат, бұдан асқан бақыт бар ма? Жоқ...

  Арада, Жердегі уақыт бойынша сегіз сағат өтті, енді дос болып қалған, Плутон тұрғындары «Болашақ» шаттлын сапарға дайындап берді. Ғарыш кемесі ұшуға дайын. Енді оның ішінде 11 адам: 4 ғалым, Рақымжан, Ринат, Орион, Шолпан, Темірлан, Санжар және ғарышкер Аянов.

  Гумоноид достарымыз бізге әлемдегі ең қуатты телескопты сыйға тартты. Біз де оларға естелік ретінде, үйіс топырақ пен бәріміз жиналып тұрған фотосуретті сыйладық. Бұндай планетааралық достық енді ғасырларға.

  Жерге қайтуға барлығы дайын. Экипаж өз орындарында. Плутонның тұрғыны, өзінің жуан дауысымен, қайта санауды бастады:

- Бес, төрт, үш, екі, бір... «Болашақ» гүрілдеп ашық ғарышқа аттанды. Шаттл ендігі кезекте Жер планетасына жол бағыттады. Экипаж мүшелері түгел дерлік шаршап-шалдыққан. Соған қарамастан барлығының жүрегінде ыстық ерекше сезім бар. Ол сезім – туған, кіндік қаны қаны тамған Жерге қайта оралу. Неткен ғанибет, десеңші! Барлығы осылай сәтті өтеді деп кім ойласын. Бұл тылсым бір күштің оларға тартқан сыйы болар...        

    Командирдің аты командир ғой. Қалай бұйрық берсе, басқасы солай жүрмек. Осы сәтте өз ойларымен экипажға Рақымжан келіп, былай сөз қатты:

- Жарайсыңдар, мен сендердің ерліктеріңмен мақтанамын және мұндай жақсылықтарыңды ұмытпаймын. Туған Жердің аты «туған Жер», қайда жүрсең, мейлі, ол басқа жер болсын, мейлі ол басқа планета болсын, үнемі ыстық лебіз тартып тұрады. Неге екенін білмеймін, Плутон планетасында бәрі мені құрметтеп, жағдайым қанша жақсы болғанмен, Жер планетасы есімнен кетпей тұрды. Кейбір кездері ол туған жерім туралы сағаттап ойға кететінім бар. Себебі, адамзат Жер планетасында ең асыл қасиеттер – бірлікпен, махаббатпен, үмітпен өмір сүреді. Міне, осындай қасиеттер мені Жер туралы ойлауға көп мәжбүрлейді. (Сәл күлімсіреп) Бірақ мұнда да жағдайым жаман болмады.

Кеме іші соңғы сөзіне орай ду күлкіге ұласты.

- Экипаж мүшелері, арнайы киімдерінізді киіп, Жерге қонуға дайындалыңыздар, - деді командир.

Сәлден соң экрандарға түгелдей жарық түсіп, бірнеше сигналдар келді. «Болашақ» кемесіндегілер бір-біріне қарасып қояды. Өйткені, оларды Жердегі тұрғындар құшақ жая қарсы алу үстінде екен. Темірлан Санжарға қарап:

- Біздің Жерді аман сақтап қалу ерлігіміз жағдайында барлық тұрғындар хабардар екен ғой!?

- Иә, Темірлан біз адамзатты ұлы апаттан аман сақтап қалдық. Бұдан артық қандай жақсылық, ізгілік іс бар десеңші. Мұнан хабардар қалу мүмкін емес.  

   Шынында да, адамдар оларды сондай ерекше ілтипатпен, жылы құшақпен, айқай-шулармен қарсы алды. Ғарыштан келген меймандардың көңілі мұндай қарсы алудан кейін көкке бір көтерілгендей болды. Ал Аяновтың қарасы «Болашақ» шаттлын ерекше ептілікпен жерге қондырғаннан кейін жоқ болып кеткендей болды, сөйтсе ол экипаж мүшелеріне, оларды қарсы алған тұрғындарға мерекелік іс шара дайындаумен болыпты. «Бұл не мерекелік шара екен», - деп жұрт та бір-бірімен дуылдап гуілдесуде. Ал жаңағы Аяновтың мерекелік шарасы оркестрдің классикалық әнімен  бастау алды, түрлі-түрлі тілектер айтылды. Жұрт болса, тек қана қуаныш үстінде. Мерекелік шара  Жерді аман алып қалуға орай ұйымдастырылғанын түсінген халық бірлесе мынадай сөздерді айта бастады – «Жер – адамзаттың ортақ құтты мекені, таңғажайып әлемі.  Ал адамзат сол таңғажайып әлем үшін оны қорғап, қастерлемек...» Дәл осы сәтте ар жақтан бір дауыс естілгендей болды.

- Жиылған қауым! Біздің – Шолпан екеуіміздің сіздерге айтар жаңалығымыз бар.

- Бұл не жаналық екен, тағы да ғарышқа ұшпақсыңдар ма?- деп жұрт түсініспеушілік білдірді.

- Жоқ, біздің сіздердің баршаңызға айтар хабарымыз – Шолпан екеуіміз отбасы құрмақпыз, бақытты өмір кешпекпіз. Бұл жаңалық сіздерді қуантар деп ойлаймыз.

- Әрине, әрине, - деп жұрт бұған тағы бір қуанды.

   Шолпанның әкесі де олардың бұл шешімін дұрыс қабылдап, мақұлдағандай кейіп көрсетті.

   Біраздан соң мереке де бітті, ғарыш меймандары әдеттегі бірнеше күндерін демалыспен өткізгілері келді... Ғарыштағы сапардан келгелі бері 2 ай да өтті, не өзгеріп, не жаңарды дейтіе шығарсыздар? Әрине, Санжардың Нобель сыйлығының иегері атануын айтпай кетуге болмайды, Санжардың мұндай биік дәрежеге көтерілуі – достарын қатты қуантты. Себебі, Альфред  Нобель атындағы сыйлық Санжардың ғана жеңісі емес, ол Шолпан мен Орионның, Темірланның – бәрінің бірігіп жасаған еңбегінің жемісі. Осы үлкен жеңістен кейін Санжар толық бір әлемді өзгертетін тағы бір жаңалықты ашуға бет бұрғандай  ғылыми ғарыш жаңалықтарына сапар шекті. Талай шындарды бағындыратын Санжарға достары толық сенеді, әрі қол ұшын созуға үнемі дайын. Өйткені, олардың арасындағы достық - тек қана шынайылықтың, пәктіктің, адалдықтың белгісі.

   Арада көп күн өткеннен кейін Шолпан, Орион, Санжар, Темірлан – барлығы жоғары оқу орнында кездесті. Ғарыштан келгеннен кейін өткізген демалыстарын әңгіме етіп отырған жастар өздерінің ғарышқа ұшып, үлкен ерлік – Жерді апаттан құтқарғандарына әлі де сенер емес. Олар Плутондағы саяхатты әңгімелеп, ұзақ бір Темірлан бастаған күлкіге кетті десеңші, ешкім қояр емес. Әрине, ондай ерекше саяхат күлкіге де, таңғалуға да, ынтызарлыққа да лайықты. Өмір өзінің осындай қызықтарымен ерекше. Оларды әлі талай естен кетпес ғарыштың қызықтары күтіп тұрғандай. Кім біледі, келесі ғарыштың үлкен бір жаңалығы осы бір топтың қолында шығар...