Жерасты ырғақтары

Таңертең көтеріңкі көңіл күймен жер астына түсемін. Қылует емес, метроға! Ғарыш айлағымен аттас станциядан көлігімді күтемін. Зыр етіп келіп, зыр етіп жеткізеді. Автобус болса, Масанчи, Сейфуллин, Наурызбай батыр, Абылай хан, Қонаев аялдамаларына тоқтап-тоқтап барар еді. Ал метро бәріне бір-ақ жетеді!


Осы қадірді түсінбейтін кейбіреулер «метроның ешқандай пайдасы жоқ» деп, аузы-басы қисаймай айтып жүр. «Менің үйіме метро бармайды» десе, бір жөн.

Құлаққабымнан әуен құйылып тұрды. Мика Ньютон – «Ангел». «Словно птицы в синем небе разлетаемся....» Жүйткіп келеміз! Вагон лық толы! Кім айтты ешкім мінбейді деп мұнда?! Адамдардың бәрінің бүгін көңіл күйі көтеріңкі сияқты. Қасиетті жұма – демалыстың хабаршысы! Жолаушылардың бәрін біріктіретін осы ой сияқты.

Екінші әуен – Лара Фабиан – «Адажио». Метро пойызы жүрісін баяулатып жатыр. Станция жақын! Есіктер ашылды – жолаушылар жарыса түсті. Эскалаторға тұрып жатыр.


Бір кезде Бейонс – Single Ladies! Эскалатордағының бәрі билеп барады! Қозғалып тұрған баспалдақпен жүріп өткен қызық – таңғы жаттығу! Жоғары көтерілген адамдар енді сыртқа бастайтын жердегі есікті бір мезгілде «от себя» итеріп шығып жатыр! Ансамбль!

Жұмысқа келгенше, «Әдемі қызды» немесе Мәдина Сәдуақасованың орындауындағы бір әнді тыңдауға болады.

 



Бөлісу: