Жеңіс жыры
блог
Маусымның орта тұсында басталып, бір айға созылған,барша жанкүйерлерге қуаныш пен қайғыны қатар сыйлаған, көпті күттірген, талайды таң қақтырған әлем чемпионаты да өтті де кетті. Жер шарындағы ең бәсі биік саналатын аламан доданың бұл жылы қызығы мен шыжығы шаш етектен. Өздеріңіз білетіндей немістер әлемнің төрт дүркін чемпионы атанып, тек «Маракана» стадионын мойындатқан жоқ, көзінен жас аққан Марадоннада мықтыны мықты дей білді. Германия қалай чемпион атанды? Бұл сұрақтың жауабын уақытты кері қайтара отырып, бундесманшафттың ерен еңбегін еске түсірсек.
Латын Америка төрінде тартысқа түскен Йоахим Лев бастаған немістер Криштиану Роналдудың жолдастарына күтпеген тосын сый жасап, төрт гол артықшылығымен айқын басымдылыққа ие болып, елді есінен тандырған болатын. Аталмыш ойыннан-ақ сарапшылар мен футбол мамандары Германияның әлем чемпионатындағы жеңісіне еш күмән келтірмеді. Екінші ойынын африкалық Ганаға қарсы өткізіп, тағы да тосын сый жасады. Бұл жолғы тосын сый -аутсайдермен ұпай бөлісу. Бұл матч жоғарыда атап өткен сарапшылар мен мамандардың пікірн екі ойлы қылуға түрткі болған еді. Дегенмен, неміс мәшинесі бар кінәләрін жуып-шайып, американдықтарды артық күш жұмсамай, жеңіл жеңіске жетіп, 7 ұпаймен көшті жалғыз бастап шықты. Топтық кезеңде бундестим шабуылшысы Томас Мюллер талай шыңды бағындырып, ешкімге дес бермей, бомбардирлер тізімінде бірінші орынды тіреп тұрған болатын.
Плей-офф күтеген кадрларға толы болды. Өз тобында сенсация жасап, «Н» тобына айтуға тұрарлықтай қарсылас бола білген Алжир құрамасы болашақ чемпиондардың кезекті қарсыласы атанды. Алжирліктер айды аспанға шығарып, ойынның негізгі уақытында тең ойнап, кездесуді экстратаймға ойыстырған еді. Ешқашан бойын үрей билемеген неміс жанкүйерлері бұл ойында өздерін қоярға жер таппағанын жасырмаған жөн. Қосымша кезеңде Германия құрамасы қарсыластың қателігін ұтымды пайдаланып, жеңіс туын тағы бір желбіретті. Дегенмен, Алжир құрамасы өздерінің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін дәледеп, туған жерлерінде үлкен ықыласқа, мәртебеге бөленді. Бұл заңды дүние. Қасқыр құрама, ұлы ұжым Алжирден ат басын француздарға бұрды. Бензема бастаған жігіттердің асығы алшынан түсіп, өзіндік ойын манерасын тапқан болатын. Құрамалары жақсы ойыншылармен жасақталған, шебер бапкер баптайтын Франция құрамасынан Германия тағы да айласын асыра білді. Біреулері сәттілік жетіспеді деді, енді біреулері жұлдызды ойыншы Франк Рибери жетіспеді десе, тағы біреулері немістерді бұрыннан-ақ мойындап қойған. Сонымен әзірге сүрінбеген бундесманшафт ширек финалға шықты. Құрамында Родригес сынды дирижері бар Колумбияға қарсы ойында Бразилиялықтар өздерінің ойындағыдай ойын өрнегін көрсете алмады. Ойын соңында қорғанысқа үміт артқан Фелипао дегеніне жетіп, қарсыласынан басым болды. Букмекерлер Йогидың шәкірттерінің жеңісіне нық сенімді болғанын жарияға жар салды. Ол туралы түрлі бейнеүзіктер мен қызықты карикатуралар ғаламтордың басты жаңалығына айналған да еді. Бірақ Бразилияны осалдау деуге келмес. Не дегенмен, өз алаңдарында, туған топырағында, кіндік қаны тамған жерде доп тебу бастарына бұйырған еді. Тау мен тасы, көлі мен шөлі де бразилиялықтарға болысатыны анық қой. Өкінішке орай, өзекті өртеген Неймардың жарақаты талай жанға еріксіз жас әкелді. Тиаго Силвада қапы қалыспай, ойыннан шектетіліп үлгерді. Бұл тек Германияға ғана финалға деген сенім сыйлап, қол болды. Матч алдында Бундестим бапкері «біз тек алаңдағы 11 ойыншыға емес, барша бразилия халқына қарсы ойнаймыз» деген болатын. Сонда да бұл ойында фаворит анықтау ақымақтықтың нағыз өзі. Ойынға келетін болсақ, немістер тікелей қарсыластарының сағын сындырып, Давид Луис капитандық еткен құрамаға аш қасқырдай тап беріп, ойсырата жеңіп, ойынның тағдырын бірінші таймда-ақ 5 доп соғып шешіп қойған еді. Ойын 1-7 есебімен аяқталды. Сенсация деп осыный айт! Атап өтпесе болмас, дәл осы ойында Мирослав Клозе әлем чемпионатының ең үздік бомбардирі атанды. Неміс сұрмергені қақпаға 16 рет дәл көздеп, Роналдоның рекордын тек жаңартпай, өз есімін тарихққа алтын әріппен жазып, 36 жасында беу белесті бағындырды. Бразилиялықтарға бұл соққы үстіне соққы болды. Еңбектеген баладан, таяқ ұстаған қарияға дейін отандық футболдың сапасына наразы болып, әбден көңілі қалған жанкүйерлер стадион сыртында жиырмаға жуық көлік өртеп, қаланы шулатып, бар ашу-ызаларын тарқатпақ ниетте өрескел қателіктер жасады. Жасыл алаң жанкүйерлердің көз жасымен толды, Бразилия ауылына қайтты, Германия финалға жолдама алды. Әлемге әйгілі Маракана стадионында әлем чемпионатына нүкте қойып, түйіндеуге немістерге қарсы Аргентина құрамасы шықты. Финалға промо ретінде ағылшындардың жүрегі, команда капитаны Стивен Джерард: «Португалияда Роналду бар, Бразилияда Неймар бар, Аргентинада Месси бар, ал Германияда команда бар» деген екен. Иә, орынды сөз өз орнын таба білді. Десек те, сапында Игуаин, Агуеро, Маскерано сынды «сен тұр, мен атайын» деген ойыншылары бар Сабелья бастайтын қүраманың қашанда биікке ұмтылатынын көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. 13 шілде жазғы футбол маусымының жабылу салтанатымен көркітене түсті. Бірер сағаттан кейін асыға күткен екі алыптың ойыны да басталды. Германия Аргентина құрамасын тізе бүктіріп, біріншіліктің бас бәйгесін қанжығаларына ілді. Осылайша, Германия 2014 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, өз тарихында төртінші рет кубокті басынан көтерді. Бұған дейін Германия құрамасы 1954, 1974, 1990 жылдары әлем чемпионы атанған еді. Сондай-ақ неміс футболшылары төрт рет күміс, төрт рет қола медальді мойындарына таққан болатын.
Ал, аламан доданың ең үздік ойыншысы Лионель Месси деп танылды. Ең үздік қақпашы номинациясының иегері –Мануель Нойер. Колумбиялық жартылай қорғаушының 6 добынан артық ешкім гол ұрған жоқ. Қоржынында 5 голы бар Мюллердің финалдағы сүреңсіз ойынының салдарынан арманынан біржолата қол үзді. Хамес Родригес- әлем чемпионатының ең үздік бомбардирі.
Әлем чемпионатының ең үздік командасы төмендегідей: Нойер, Лам, Хуммельс, Давид Луис, Рохо, Кроос, Швайнштайгер, Родригес, Мюллер, Роббен, Месси.
Тоқсан сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, бағы мен бабы қатар келген Германия құрамасы бұл атаққа әбден лайық.