ЖенПИ-ге БАРСАҢ ҚАЙТЕДІ...

1989 жылы оқуға келдім. ҚазМУ-ге. Қазіргідей тест емес, шулап-шұрқырап жүріп емтихан тапсырдық. Бір жолы журналистика факультетінің дәлізімен  кетіп бара жатқан Фариза апайды көрдік. Қасында біреулер бар... Жанымыздан өте бергенде жамырап амандастық. «Қазір барам да, мен апайдан қолтаңба алам» , - дедім қасымдағыларға. «Ала алмайсың», - деп  қалды бірі. Ерегесіп кететін әдетім. Ала көзіммен бір атып қарап, апайдың соңынан кеттім. Неғыласың, кішкентай көк блокнотыма апайдың автографын қойғызып, жалғыз өзім жауды жеңіп қайтқандай ортаға оралдым. Бұл - менің апайды бірінші көруім.
Сол жылы оқудан Бауыржан  (Бабажан) құсап омақаса асқан болатынмын. Бірде маңғыстаулық Нұргүл (Нөкенова), Айгүл (Сонабаева) деген қыздарды шығарып салуға аэровокзалға келдім. Әлі тіркеу басталмаған. Бір кезде Фариза апай кірді. Жалғыз. Қолында шағын ғана заты бар. «О, ақын апайды қараңдар!» - деп екі қыз бірінен-бірі сүйінші сұрағандай болды. «Қазір мен апайға барып амандасам да, қолтаңба алам», - дедім қасымдағы екі қызға. Шынымды айтсам, неге өйткенімді білмеймін. Апайдың жанына жетіп бардым. Амандастым. Қолтаңба сұрадым. 
-Атың кім? -Айттым.
-Қай жақтансың? 
-Өскеменненмін.
-Мұнда неғып жүрсің? Ақтаудың самолеті ұшқалы тұр ғой... - Жөнімді айттым. 
-Оқуға түстің бе?
-Жоқ...
-Жүр, сол балмұздақ жеп...
Апайдың бетіне жалт қарадым. Ашуым бұрқ ете түсті сол сәтте. Жынданып шыға келдім... Бірақ ол кісі маған жымия қарап, құрбымның бірін шақыруымды өтінді. Айгүлдің жанында көбірек жүргендіктен бе, сол қызды ертіп келдім. Апайдың мұнда келгені түсінікті болды, жерлестері арқылы туысына сәлемдеме беріп жібермек... Айгүлмен танысты да, мекенжай жазылған тілдей қағаз бен қолындағы затты тастап кете берді. Тек:
-Сен қыз осындасың ғой, жолығармыз! - деді маған қарап. Айгүл «өңім бе, түсім бе» деп есеңгіреп тұр. Мен ғой, танауым шелектей болып, жан-жағыма қоқилана қарадым сол сәт...

*** 
Кейіннен №5 полиграфиялық училищеге түскеніммен (сол кездегі СПТУ болса да, емтихан тапсырып, соған оқуға түскен едік...) оқымай шығып кеттім. Бас жарғам жоқ, ешкімнің көзін де шығармадым. Бар болғаны Фируза деген досыммен бір группада «оқытпағаны» үшін тастап кеттім... Есесіне, Дәрия деген нарынқолдық дос қызым бітірді. Ол Фариза апайдың хатшысы, мен «Ақ босағада» Шолпан (Ұғыбаева, Фариза апайдың жерлес сіңлісі, ұмытпасам) апайдың қарамағындамын. «Дәуірдің» дәуірлеп тұрған кезі. Дәрияның жанынан шықпайтынмын. Апайды көру үшін. Екінші жылы тағы «құладым». «Құлаған» күні ғой деймін, ұмытпасам, апайды көрдім. Шығып бара жатқан жерінен Дәрияның жанында отырған мені көріп, бірден таныды. «Ішке кір!» - деді бірден. Ары қарай:
-Қайдан жүрсің? - Жөнімді айттым.
-Оқуға түстің бе?
-Құладым, апай...
-Сен қыз ЖенПИ-ге баршы. Қағаз жазып берейін!
-Бармаймын...
-Неге?
-Кілең қыздың арасында не істеймін, ұнамайды, апай... -Бетіме жалт қарады. Үндемеді бірақ. Қандай ақымақ, топас, надан, жынды болғам десеңші!  

*** 
Сол жылы журфакқа сырттай түстім. Жұмысым бар. Шолпан апай жоқта Дәрияның жанынан шыққым келмейді. Жетіп барам. Фариза апай іссапарда жүреді, жиналысы бар дегендей... Көре қалса амандық-саулық сұрайды, кейде қарамай өте шығады. Бір жолы әдеттегідей қал сұрады.
-Оқу не болды?
-Түстім ғой, апай! -Өзімше болып мақтанып жауап бердім... Тесіле қарап тұрып:
-Бітірмейсің соны! - деді. Мән бергім келмеді ме, ерен санамадым ба сол кезде... Апай қалай сезді екен... Ақыры бітірмедім ғой сол оқуды. Өмір-өзен басқа арнамен ағызып әкетті...
Бір жолы Дәрияға келгенімде апай алдымнан шығып:
-Бар, мынандай алып кел! - Бес саусағын түйістіріп әлденені көрсетті. - Мына қызға ақша бер! - деп бұйырды да, кабинетіне кіріп кетті. Дым ұқпадым. Дәриядан білгенім, біреулер келе жатыр. Соған шай бермек... Жақын жердегі «Береке» деген дүкенге зымырадым. Өзімше «мөлшері осы шығар» деп тәтті алдым. Ентігіп кіргенім сол, қолымдағыны көріп:
-Мынандай қайда? 
-Ол не, апай?
-Ийййййй, сен қыз да! Бар алып кел созылмай! Айтты, бітті! Дәрия - маған, мен оған қараймын. Қойшы, не керек, бес барып, бес келдім. Пирожныйларды кезекпе-кезек әкеле бердім. «Мынандайы» табылғанша! «Ол не екен» деп отырсыздар, иә?! Апайды біресе күлдіріп, біресе ашуландырып, ақыры әкелдім. «Мынандайды»!!! Ол үстіне әппақ болып балмұздақ сияқты құйылған тәттісі бар «корзина» деген пирожный екен. Апайдың қонақтары келіп кетті. «Мынандайдың» бәрін өзіміз жедік сол күні. Дәрия екеуміз кездескен сайын соны есімізге алысып, мәз болып күлеміз... (ал қазір мен жылап отырмын (((((...

*** 
Дәрия еңбек демалысына кетті. Орнына Роза деген аңқаудың аңқауын тастап кетті. Бір айға! Ол өте жайбасар болатын. Апайға ондай жайбасар ұнамайды. Мен әдетімше күніне бір барам. Розаны да жақсы танитын едім. Бір жолы барсам, апай күйіп-пісіп отыр. 
-Сен қыз қайда жүрсің? Ана бір Дәрия да оңған біреуді тастамай орнына! Осыдан келсін!!! Шолпан ұрыспайды! Жүр, менімен базарға барасың қазір!
-Жарайды, апай!
-Апай, мен де барайыншы! - Розаның түріне қарап күлкімнің келгені. Бізге ергісі кеп тұр.
-Саған не бар? Сенің орныңа біреу істей ме жұмысты! -Апайдың дауысы қатты шықты. -Сен неменеге бақырайып тұрсың?
Алдына түсіп алып зытып бердім. Ол кезде Көк базардың жанында «Мәлика» деген қазақша аудиотаспалар сататын жалғыз дүңгіршек бар еді. Әбиірбек ағаның «Фаризасы» шыққан кез... Тура сол маңайдан өтіп бара жатқанда «Фариза» шырқалып жатты. Апай аяғын жылдам басып, асығып келе жатқан... Тоқтай қалып тыңдап еді сол әнді... «Халық мені осы ән арқылы жақсы көріп кетті, иә...» деген апайдың жанарына қос тамшы үйіріле қалғанын байқадым... Жайшылықта қатал көрінетін кісі ерекше бір мейіріммен айтты әлгіні... 
Апайды содан кейін көрмедім... Астанаға талай барып жүргенде кіріп амандасуды да ойламаппын... «Оқуыңды бітірдің бе» деген сұрағынан қашсам керек, сірә... Бір нәрсе анық, мен ақын болмасам да, тіпті ешкім болмасам да, апайдың өзімді ерекше жақсы көретінін іштей сезетінмін... Бақұл бол, апа... 

 

 



Бөлісу: