Жеңімпаз блог: "Кезексөзді жалғадым"

Редакциядан: Бұл блог "Жатақханадағы бірінші күнім" кезексөзі бойынша жеңімпаз блог ретінде танылды. 

Кезек сөзді ұсынғаныңызға рақмет, Мейіргүл әпке. 2-3 күн болды ғаламтор бетін ашпағаныма, содан кеш оқып, кеш жазайын деп отырмын. Осы үшін барлықтарыңыздан алдын ала кешірім сұраймын. Ал енді менің оқиғам. Кеттік...

                                                              Жатақханадағы бірінші күнім


Өмірімде жатақхана дегенді естуім болмаса, көрмеген едім. Содан жездем бірге еріп, менімен келді (5 жатақхана). Қолымда көк түсті тазик (кір жуатын құрал). Қолдағы заттан ұялу деген жоқ. Жұрттың бәрі қарап қалыпты, әсіресе оқу ғимаратында көрген қыздар. Апайдың түрі сұсты болғанан ба, үрейленіп бөлмені әрең сұрадым. 5 қабаттағы 513 «б» бөлмесіне барасың деді ол. Жездеммен қоштасып, бөлмеме кеттім. Барсам 4 адамдық орын екен. Бір қыз төрге орналасып алыпты, екіншісі менен кейін келді. Үшіншісі тағы бар. Бірақ ешкім де толық орналасып, ала қойған жоқ. Төрдегі қыз таныса келе Батыс өңірінің тумасы болып шықты. Есімі – Голрох. Қызық маған  «Менің есімім Голрох, қалай жазылатынын көрсетейін бе деп жазып, жастығыма қойып қойды». Мен деген аң-таң, ішімнен «Мына қыз қызыққой, сұрамасам да» деп қоямын. Осылайша отырғанымызда. Замира мен Айнұр есімді екі қыз бөлмеге кіре келді. Келді де танысып, тоқтамай әңгіме айтып жатыр. Олар бізге қарама-қарсы 512 «б» бөлмесінде тұрады. Әзірге тек үш қыз орналасып, төртіншісі жоқ екен. Неге десем, Маржан деген қыз бар еді, тұрғысы келмей кетіп қалды деп жауап қатты. Айтқандай, қолымда тазиктен бөлек үлкен айна бар етін. Содан қыздар «О, тазигі, айнасы бар екен» деп біраз қарап тұрды. Бөлмелеріне шақырып, қонақжайлық танытты. Бір кезде қолымнан сүйреп, бізге төртінші қыз керек, сен 4-ші болшы деп қоймай қойды. Түріңе қарасақ, жақсы қыз сияқтысың деп қояды. Содан көште көш деп әсіресе, Замира менен бұрын бүкіл сөмкемді көтеріп, бөлмесіне тасыды. «Қыздар, апайдан, қыздардан ұят болады» дегеніме қарамастан, әй-шайсыз, бір мезетте көшіріп алды. Орналаспай жатып, көшпелі қазақ атандым. Барсам маған қарсы төсекте Ұлжан деген Тараздың инабатты қызы отыр. Өзі үндемейді. Ал ана екі Шымкенттің қыздары дабырлап әңгімелері еш таусылмайды. Менің Шымкенттен екенімді естіп, екеуі Ұлжанға «Біз үшеу болдық» деп тиісіп қояды. Содан не керек, танысып бірден бұрын көрген адамдардай жақын болып кеттік. Тағдыр жолықтырам десе, бір сәт екен. Мүлде танымайтын адамдар, қазір міне менің ең жақын құрбылара айналды. Шүкір, содан бері жұбымыз айырылмай келеді.

P.S Айтпашқы ұмытып барамын, кейде қалжың үстінде Замира маған «Мен сенің көк тазигің мен айнаңа қатты қызықтым, сені содан көшіріп алғанмын» деп әзілдеп тиісіп отырады. Көк тазик пен айна менің фишкам болды. Кім біледі, мүмкін солай да шығар. Не де болса, қолдағы екі заттың арқасында кереметтей екі досты таптым. Ұлжан мен  Замира. Келесі кезекті Мақпал Тұрлыбекқызына ұсынамын.



Бөлісу: