Жемқорлықты жою – барша қазақстандықтар үшін ортақ міндет
блог
Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру – аса маңызды міндет екендігін дөп басып айтты. Әлемді жаулап алып, жаралаған жемқорлық еліміздің демократиясына, қауіпсіздігіне, экономиканың дамуына және адам құқықтарының сақталуына кері әсерін тигізіп, қауіп төндіріп жатқандығы сөзсіз.
Әйтсе де, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі әлде-қайда төмен елдер де жоқ емес. Сингапур, Португалия, Швеция елдерінде «дертке» қарсы «вакцинаны» тауып, бұл күресте елеулі жетістікке жетіп отыр. Осы мысалдар жемқорлықты жеңуге болатынын дәлелдейді.
Елімізде жемқорлықпен күрес күн сайын қарқын алып келеді. Бұл «дертке» тосқауыл қою мақсатында Үкімет бірқатар заңнамалар мен бағдарламарды қабылдаған еді. 1989 жылы Қазақстан мен әлемнің 36 мемлекеті халықаралық бизнестегі жемқорлыққа қарсы күресу туралы конвенцияға қол қойды. Осыған байланысты мемлекетімізде 1998 жылы 2 шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданған болатын. 2011 жылы «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 - 2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама» бекітілген. Бұл бағдарламалар мен заңнамалардың нәтижесі жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ жемқорлықтың қоғамымызда толығымен жойылып кетуі үшін азаматтарымыздың сана-сезімін өзгерту қажет деген ұйығарымға келеміз.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен аталмыш індеттің алдын-алуға бағытталған іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Дөңгелек үстелдер, семинар-мәжілістер, Департамент қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 2013 жылы ТЖД бастығының орынбасары В.В.Овчинниковтың төрағалығымен «Депертаменттің инженерлі-инспекторлық құрамының қызметінде сыбайлас жемқорлық заңын бұзуды болдыртпау және әкімшілік тосқауылды төмендету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оның барысында Астана қаласы Прокуратурасының, Әділет департаментінің өкілдері және «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен Департамент бөлімшелері қатысты. Сондай-ақ, бұл тақырып төңірегінде атқарылған жұмыстардың қатарында, Қаржы полициясы академиясының полиция аға лейтенанты Р.Аймұқановпен кездесуді де атап өтуге болады. Шараға Елораданың ТЖД басқарма, бөлім бастықтары, «ӨС және АҚЖҚ» ММ, ӨСБ, МӨСБ басшылары қатысты. Негізге алынған тақырып - «ҚР Президентінің Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды жетілдіру» болды.
Мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдары өз құзіретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі тиіс. Болашағы үшін алаңдайтын әрбір азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны дұрыс.
Құрметті, астаналықтар мен қала тұрғындары! Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол берген жағдайға тап болсаңыз 70-17-22 сенім нөмірі бойынша қоңырау шалуларыңызды сұраймыз.
Астана қаласы ТЖД-нің баспасөз қызметі