Желтоқсан оқиғасы - тәуелсіздік бастауы
блог
Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздік бастауы
Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, қанды жол, ауыр күндермен келген Тәуелсіздігімізге – 29 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 34 жыл. Жыл сайын, 16-шы желтоқсан күні – біз бүкіл ел болып, тәуелсіздік күнін, сән-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтеміз. Алайда, 1986 жыл дәл осы 16-шы желтоқсанда қаншама жүрегі қазақ деп соққан бауырларымыздан айырылған күн екендігінде ұмытпағанымыз жөн. Бүгінгі күні, дәл сол мерекелік көңіл-күйдің әсерінен 1986 жылғы қаралы күн жадымыздан өшіріліп келе жатқандай. Әрбір жүрегі қазақ деп соққан адамға белгілі ғой, қазақ еліне Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ал бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жаншысының бірегейі осы – Желтоқсан оқиғасы емес пе? Дәл осы желтоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қазіргі тәуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс.
1986 жылы 16 желтоқсан күні небәрі 18 минутта өткен Қазақстан КП Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ Г.Колбин тағайындалды. Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуы көтерілістің негізгі себебі болса да, көтеріліске шығудың басқа да, бірнеше себептері бар еді. Атап айтсақ намысты қазақ жастарымыз, ұлттық даму деңгейінің тежелуіне, кеңестік салттың кеңінен дәріптелуіне, әміршіл-әкімшіл жүйенің күштеп басқаруына шыдай алмады. Болып жатқан окиғалардың әсері, қазақ жастарының козғалыс ашуына түрткі болды.
Ертесіне 17 желтоқсан күні сол кездегі Брежнев алаңына, лек-легімен ағылған қазақ жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына өз наразылықтарын білдірген еді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі деген ұрандармен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шыққан еді. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды ашық түрде талап етті. Жастардың барлығы өздерін толғандырып жүрген мәселелерді сол сәтте айтып қалуға тырысты. Алайда, жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ еді. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, әр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді.
Бірақ 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңындағы қазақ жастарының толқуы қанды оқиғаға айналарын ешбір қазақ білмеді. Өкініштісі, жүректері қазақ деп соққан батыр ұл-қыздарымызға «Ұлтшыл» деген кінә тағылды. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша іс-шаралар жасалынды. Жастарға көрсетілген азаптарды елестетсек, көзімізге жас келетіні анық. Жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылап қана қоймай, оларға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған. Сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар т.б. қарулар көмегімен басшылық демонстрацияны тоқтатып тынды. Қоғамдық тәртіп сақшылары өте үлкен өрескел қатыгездікке барды. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі мүлде қатал, әрі заңсыз жүргізілген еді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент қуылса, 787 адам комсомолдан шығарылды. Қазақ жастары жазықсыздан-жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды.
Міне биыл, осы қаралы Желтоқсан оқиғасына 34 жыл толады. Бұл оқиғаға қатысқандар тек, 1990 жылдардың бас кезінен бері ақтала бастады. Бүгінде осынау бас көтеруге «ұлтшылдық көрініс» деп берілген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалып, қазір Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының құлауына пәрменді соққы берген алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер қазақ жастары ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.
Желтоқсан эпопеясы кітабының авторы Мұхтар Шаханов бір сұхбатында: «Желтоқсан рухы шын мәнінде біздің ұлтымыздың рухани шыңдалуы. Сондықтан, біздің бүгінгі таңдағы басты міндет – Желтоқсан рухын қолдау, насихаттау», – деген екен. Сонымен осы сөздермен қорытындылай, біз Желтоқсан оқиғасын – 70 жылдық әміршіл-әкімшіл Кеңестік жүйеден кейін, Қазақстанның қайта түлеуінің бастауы деп атап көрсете аламыз. Желтоқсан оқиғасы – ұлт санасынан өшпейтін, Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы болып қала бермек!
Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Аружан Ерғонысова, 1 курс студенті