Желтоқсан жарақаты жылдар бойы жан азабын тартқызды...

   16 Желтоқсан Тәуелсіздік күнімен қатар, Желтоқсанның ызғарлы желін еске түсіретін атаулы күн. Бәз біреулер мұны жауып, ұмытуға асығатын да болар. Бірақ, біздер ол күнді, сол күннің қаһармандарын ұлықтаудан қашпаймыз. Сол себепті де, 86 –ның секемшіл кезін көзбен көрген Желтоқсан оқиғасына қатысқан журналист Ұлдай Ибайдуллаевамен әңгімелесуді жөн көрдік.

– Желтоқсан оқиғасына биыл 28 жыл болды. Сол күндердің елесі бүгін сізге қалай көрінеді?

– Желтоқсан ешқандай елес емес, көңілден де, көзден де кетпейтін  ұмытылмайтын күн. Желтоқсан оқиға ма? Желтоқсан оқиға емес,ол  екі күндік ұлт –азаттық көтерілісі. Айтулы  86-жыл қалай елес болады? Көз алдыңда құрбының шашынан сүйреп, тумаңдар деп бөкседен тепсе, бұл қиянат ұмытылар ма? Мына көрініс өмір бойы көз алдымда:

   Алаң. Сағат 23.00-дер шамасында бетке соққан судың екпінінен біз бір-бірімізден адасып, бөлініп кеттік. Үстімізге шашылған су мұз болып қата бастады. Біршама уақыттан кейін алаңға қайта оралып, мінбеге қарай жақындай бергенде, Розаны (әріптес дос-қыз) қуатты қол сүйрей, қапталы ашық әскери жүк машинасына лақтырып жіберді. Біздер жан ұшыра алаңнан төменгі «студия» дейтін қазіргі «Қазақстан» арнасының ғимаратына қарай қаштық. Мен қазіргі Желтоқсан құрбандарына қойылған ескерткіш алдында ағып жататын арыққа жақындағанда аяғым тайып құлап түстім. Басымнан дәу сарбаз керзі етігімен бір теуіп өтті. Басымды көтере бергенде алдымда қашып бара жатқан екі қызды әскери жендет шаштарынан қолына орады да, екеуінің басын бір-біріне соғыстырды. Қыздардың жан даусы кешегідей әлі құлағым да, көз алдымда. Мен қорықаннан арыққа тығыла бергенде басымды арыққа  тағы соқтым. Желтоқсандағы бас жарақаты жылдар бойы жан азабын тартқызды...

–  Сіздер ол таңда телевидениеде жұмыс жасадыңыз. Алаңға шығуларыңыз жұмысқа зиян келтірмеді ме?

–  Алаңға барған қыздардың суретін ұстаған қара киімді «сөйлемейтін» жігіттер қаптады. Дирекцияның кезекті отырысынан оралған редакция басшысы Баймұрат Жоламанов әріптесім Зухраның суретін көргенде зәресі қалмады. «Тыныш жүрмейсіңдер-ау!» деп ымдап, көзі күліп, ризалық сыңай танытты. Зухра осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт бас киімін көзіне түсіріп киюді әдетке айналдырды. Бұл алып ұжымның  бір редакциясының басынан өткен  күндердің бір ұшқыны ғана болатын. Роза атты әріптес құрбым, тіпті, Желтоқсан оқиғасынан кейін біраз күндер жоғалып кетті. Сөйтсек, оны Алматыдағы аудандық ішкі істер бөлімінің бірінде қамап, әбден тергепті. Уақыт өтіп көп нәрсе ұмытылады. Алайда сол күндердің парақтарында  «нәзік жандар» қатарында тележурналист қыздар алдыңғы сапта тұрғаны ұмытылмайды. Телеарнаның көп қыздары желтоқсанан кейін қудаланды. Солардың бірі ұлтжанды, өр мінезді  тележурналист  Ғалия Әженова еді. 

–  Сол күні жастар алаңға түрлі мақсатпен шыққан болатын. Ал сіз алаңға қалай шықтыңыз? Қандай мақсатпен шықтыңыз?

–  Жастар алаңға  бір мақсатпен шықты. Империяға қарсы наразылық әбден пісіп жетілді.Ұлттық намыс, ары қарай өз жеріңде отырып, өзгенің  езгісіне  төзе алмайтын  іштегі қайнаған  жалын сыртқа шыққанда лап етуі, заңдылық еді. Империяның халықты көзіне ілмей, ел басқаруға өгейді қазаққа хан көтеруі, ұлттың намысты жонынан  жосып жібергендей болды. Бұл әрекет көзі ашық, көңілі ояу студент қауымды селк еткізді де,   аяқ астынан көтеріліске  баруға мәжбүрледі.  Яғни,   себепші болды. Жастар алаңға қарны аш болып немесе оқуына  ақша төлей алмағандықтан шыққан жоқ. Еркіндікті қалағасын шықты. Адамзатқа  ең бірінші керегі – бостандық, өзінің  ана тіліңде сөйлеу, бабалар өмір сүрген елде еркін өмір сүру. Жастарды алаңға сүйреген де адамзатқа тән рухани  сұраныс болды. Айтулы 1986 жылғы  көтеріліс  ұлттық рухын түсірер күндерді де, рухты ояту сабақтарын да ұстазсыз оқытты. Бірімізді қуанты, бірімізді ашынты,біреулерді таң қалдырды, біздің жанымызға батты. Желтоқсан санамызды сілкіді, біздер шыққан тегімізді, тілімізді, дәстүрімізді түгендей бастадық.

–  Жыл өткен сайын оны ұлықтаудың орнына ұмыта бастағандаймыз. Яғни, желтоқсан рухын торға салып қойған жоқпыз ба? Сіздіңше, бұл жағдайға кімдер кінәлі?

–  Ұмытылды. Бүгінгі күнге дейін тәуелсіздік жылдары: «Осы аға-апалар не бітірдіңдер, ең ауыр кезде қай тақырыпқа қалам тарттыңдар? Бәрің қалайша жұмыссыз  қалдыңдар», –  деп бірде-бір отандық БАҚ-тың атынан жас әріптес сұраған емес.

–  Тәуелсіздік алуымызға Желтоқсан оқиғасының әсері қаншалықты болды?

–  Тәуелсіздікті біз алған жоқпыз, іріп шіріген империя ары қарай басқара алмайтындай жағдайға жетті. Сондықтан да өз күндеріңді өздерің көріңдер деп бізді итеріп тастады. Әрі Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцин кең пейілді, өз халқын жақсы көретін азамат еді. Өз орысымды жарылқап алайын, бұлар да өз түтінін өзі түтетсін деген шығар. Ешқандайда  империя өзіне тәуелді құлын тегін босатпайды. Әрі желтоқсан көтерілісі кеңестің құрамындағы 15 елді дүр сілкіндіріп, «ағаға» бәрі  ала көзімен қарап, өре түрегелді де, мен де қазақ сияқты қарап қалмаймын деген рай танытты. Сөзсіз, Желтоқсан империяның жұлынын үзді. Оның авторлары батыр қазақтың, дархан қазақтың жас өрен ұл-қызы, басын ажалға тіккен, желтоқсандағы қисапсыз ерлігі болатын. Тәуелсіздікті біз 1986 жылы алаңда тұрып Қайрат пен Ләззаттың  басқада қыз-жігіттердің төгілген қаны мен көрген азабының қайтарымына алдық.

–  Сол кездегі студент жастар мен бүгінгі студенттердің айырмашылығы бар ма?

–  Айырмасы біз басқа қоғамда өмір сүрдік. Біздер үшін рухани құндылық бәрінен  биік болды. Алайда, біз өгей қоғамда тіршілік кештік. Қазір ақша бірінші орында, ақша сөйлегенде, ешкім сөйлей алмайды. Бұл заман – нарықтық қоғам. Бірақ, ақшадан да биік Отан, туған ел, тіл, дін  деген дүниелер бар. Олар ақшаға айырбасталмайды. Сіздер бізден гөрі білімді, бақытты әрі көздеріңіз ашық ұрпақсыздар. Сіздердің иықтарыңызға бізден де қиын жауапкершілік артылатын сыңайлы. Ол –қауіп табиғат қаупі, екі жақтағы алып екі көршінің қитұрқы ықпалы. Бірақ, биік рухымыздың, біліміміздің, отансүйгіштігіміздің арқасында барлық қиындықты жеңіп шыға аламыз деп сенемін. Сіздер – мемлекеті бар елдің қожайынысыздар.                                                                                  Сұхбаттасқан Гүлжан Серік



Бөлісу: