Желтоқсан және "Қыз мұңы"

         «Қыз мұңы». Тақырыбына қарап өйдә махаббаттың машақатына түскен бір кейіпкердің оқиғасына куә болармын деп ойлағам. Қателесіппін.

         Бүгін мен өткенді байланыстыра отырып, ар мен намысты ту еткен керемет кейіпкердің ақиқат үшін күресі мен ойда-жоқта оянған сырлы сезімі көрсетілген спектакль мені бүгінгі ұйқымнан айырды. Шынымды айтайын түнімен ұйықтай алмадым, ұйықтай кетсем де театрдағы көріністер түсіме еніп, ұйқым бұзыла берді. Осында бір қыздың «Қыз мұңы» маған онша ұнамады дегені бар еді. Әркім әрқалай әсер алады екен.

         Алматының Арбатындағы суретші Ғазиз бір топ қыздың ішіндегі бейтаныс бойжеткенді біреуге ұқсатады. Тіпті «Ләззат» деп те атайды. Онысы тәуелсіздік деп, қазаққа қазақ басшы болсын деп Желтоқсан көтерілісінде алаңға шыққандардың бірі Ләззат Асанова еді. Ләззат пен Ғазиз Желтоқсан ызғарында қиындық-қорлықты бастарынан бірге өткізген. Содан болар Арбатта құрбыларымен көрген Сағынышты ақын жанды суретші Ғазиз бір көргеннен ұнатып қалады. 


         Сағыныштың туған күніндегі кәсіпкер Жәкеңнің әйелі, бала-шағасы бола тұра Сағынышты қолына түсіргісі келуі, құрбысы Айгүлдің қылықтары, қызғанышы, қалталы азаматқа жабыса кетуі бәрі-бәрі өмірде бола-тұғын жағдайлар ғой.

         Ал Желтоқсан кезіндегі бұйрықты орындаушы капитанның кейін Ғазизбен шенді генерал болып қайта жолығуы ше? Ол тіпті әсер етті маған. Ғазизбен «генералмын» деп көкірегін кере сөйлеген бұрынғы жай ғана капитанның жүрегі нәзік екен. Ұрсысып, ерегісіп өз ісін мойындамай тұрған генерал кейін жүрек тұсын ұстап тұрып тәубесіне келді. «Мен ол кезде тек бұйрықты орындадым ғой, мәжбүр болдым» деген бейшара дауысы адамға кәдімгідей әсер етеді. Жаным ашып кетті. Кім білсін, олар да генерал айтқандай мәжбүр болған шығар. Алаңға шыққан қазақ жастарын жаны ашымай ұрып-соқпаған болар. Жаны ашыса да жасауға мәжбүр болған шығар. Расында ол кезде өз билігіміз өзімізде емес еді ғой.

         Қойылым барысындағы Сағыныш орындайдын әсерлі әндер мен клуб аралап қыдыратын қыздардың қылықтары бүгінгі күннің көрінісін аша түседі. Соңында Ғазиз бен Сағыныштың адами болмыс, мөлдір сезімдері бәрін де жеңіп шығады.

         Адамдығымыздан айырылмайықшы...

P.S. Сіз аталмыш қойылымды көрдіңіз бе? Көрсеңіз қандай ой түйдіңіз?

    Ал бүгін Тұңғышбай әл-Таразидың режиссерлігімен «Қазақтар» тарихи драмасы қойылады. Қапы қалмаңыз 



Бөлісу: