Желідегі танысу (әңгіме) 8/90

Университеттік өмірімнің соңғы күндері болатын. Дипломдық жұмысымның шаруаларымен жүріп, үйге кешке бірақ келдім. Киімдерімді шешер-шешпестен, қолыма телефонымды алып, диванға қонжия кеттім. Әдетіме айналып кеткендіктен болар, күні-түні ВКонтактіден шықпайтынмын. Ананы-мынаны шұқылап отырып, бір қыздың суретін көрдім. Көзіме жылы көрініп кетті. Ермек болсын дедім бе, қандай күш итермелегенін білмеймін, "Салем" деп жазғанымды өзім де байқамай қалыппын. Ол көпке дейін жауап жазбады. Миыма "Өзін кім деп отыр, онлайн бола тұра, жауап жазбайды. Өзінше менсінбей отырған шығар" деген ой келді. Сосын бұл жайтты ұмытып, өз істеріммен айналыстым.

Келесі күні "Кешіріңіз, біз таныспыз ба?" деген хат жіберіпті бір қыз. Кешегі жайтты ұмытқан мен, қыз балада кішкене болсын намыс болу керек қой, жігітке жазғаны нес деп ренжіп алдым. Сөйтсем, әлгі қыз екен.

Сөзден сөз шығып, сол баяғы танымасаңыз, танысайық деп бастап, түн жарымға дейін хат алмастық.

Ертеңгі күн мен одан келесі күн де, одан кейінгі күн де жазысып жүрдік. Тіпті жолдастарым, телефонды бір елі тастамайтынымды көріп,  көрсетші қане, қандай қыз ол деп мазалайтынды шығарды. Бірақ оның суретін ешкімге көрсеткім де, айтқым да келмеді. 

Ұзын қара шашы, ұп-ұзын кірпіктері мен пұшық мұрны- табиғаттың жаратқан ең тамаша құдіретіндей көрінді. Бұрыннан таныс адамдай, ол менің жанымды түсінетін. Қыздармен араластым, кездестім, бірақ бұндай сезімді ешқашан басымнан кешірмеппін. Бір апта хат алмасудан кейін, дауысын естігім келді. Басында оның қажеті қанша, осылай араласа берейік, бәрібір араластығымыз ұзаққа созыла қоймас деді. Сонда да қоймай, өз дегеніме жетіп, нөмірін алдым. Телефонмен сөйлескісі келмегеніне қарағанда, дауысынан ұялатын шығар деген күдік болды. Қателесіппін. Сыңғырлаған "Алло" деген даусын естігенде, жүрегім оттай тулады.

Осылай тағы 2-3 аптаның жүзі өтті. Бір жерге шақыруға басында батылым жетпеді, сосын қаражатым болмады. Қарапайым отбасыдан шыққаныма қарамастан, өз басыма жететін, бірақ ұятқа қалғым келмеді. Алғашқы кездесуде керемет әсер қалдыруды армандадым. Жасықтық таныттым, білемін.Тағы 2-3 апта, сонымен 3 айдай сөйлесіп, хат жазысып тұрдық. Монитордың артындағы сол бір жанға бауыр басқаным сонша, бір сағат жауап бермесе, уайымдайтынды шығардым. Күш-жігерімді жинап, кездесу уақытын да белгіледік.

Кездестік. Сол баяғы фотодағыдай қазақтың әп-әдемі қызы. Тек... арбаға танылған.

Түп-түзу маржандай ақ тістерін көрсете жымиды да, "Араластығымыз ұзаққа созылмайды деп едім ғой. Сенімен танысқаныма қуаныштымын" деп арбасын домалата кете барды. Мелшиіп, үн-түнсіз мен қалдым.



Бөлісу: