Желідегі революция: желіккен жастардың жағдайы
блог
Адамның психологиясы мен идеологиясын әлеуметтік желі арқылы идіріп алу қаншылықты қауіпті және қауіпсіз?!
ХХІ ғасырды «дамыған», «озық» дәуір дейміз. «Бояушы, бояушы деген сайын сақалын бояпты» демекші, дамыған дүниенің бәрі дүдәмал жалғанның бір дертіне айналды. Шексіз дамудың да кері әсері барын білдік. Бірақ біле тұра оған шектеу қоя алмадық. Өйткені ол ғылым ғой. Айтқымыз келіп отырғаны – әлеуметтік желінің озық технологиялық қыр-сырының күнделікті тұрмыс-тіршілікке әсері.
Іштен бәрін біліп туатын нәрестенің заманы жетті. Өзіңіз білмейтін құрылғыны балаңызға ұстатып көріңізші, әрі-бері ақтарып, ненің не екенін айқындап береді. Бұл заманның ағысына қарай геннің де өзгеруі. Цивилизация! Эволюция!
«Вконтакте», «Инстаграм», «Фейсбук» әлеуметтік желілерде отыратын жастардың басты проблемасы – «лайк». Көтерілген бас бармақтың дәурені жүріп тұрған заманда оны көп жинау әлдеқайда бас қатыратын дүние. Біз – бүгінгі жастар әлеуметтік желіні өзімізден бөліп қарай алмаймыз. Себебі әрбір ісіміздің екіншісі осы сымсыз байланыстар арқылы, парақсыз параллель әлем арқылы іске асып отырған жоқ па?! Әр мамандық иесі, әр саланың маманы осы лайк жинауда алдына жан салмай келеді. Ең қызығы осыларды ойлап тапқан ғалымдар, атап айтқанда Марк Цукербург үшін өз парақшасында лайк жинау мәселе ме екен?!
Жастардың қарқынды дамуы, жаңа технологияның қарыштап өркендеуі жаман деуден аулақпыз. Дегенмен, сана уланып жатқанын жасырмау керек. Адамның психологиясы мен идеологиясы өте нәзік әрі әр дүниені өзіне тез қабылдап алудан тайынбайтын аппарат секілді. Адам психологиясы – күрделі зерттеуді талап ететін механика. Ал ол механиканың әрбір айналмалы шеңбері айналу бағытынан өзгеріп кетсе, адамның көңіл-күйі, денінің сауылығы, тіпті ақыл-есінің дұрыстығы да бұзылуы мүмкін. Ең жаманы мұның соңы идеологияның бұзылуына алып келеді. Сонымен бір мысал келтірейік:
Қазір көшеде кеудесін тік көтеріп, сіздің жүзіңізге күлімдей қарап, амандасуға ыңғай білдіретін жандарға қарағанда, жерге қарап, жетпей жатқан лайктың орнын толтыру не келіп жатқан есепсіз чаттарға жауап беру маңыздырақ. Қазірдің өзінде адам психологиясында мынадай шартты рефлекстік ритм қалыптасып қалған. Сіздің қасыңызда екінші бір адам тағдыры қиылып жатса, сіздің ең бірінші жасайтын амалыңыз көмек емес, оны әлеуметтік желіде бірінші болып жария ету үшін телефоныңызды қолға алып, жұмысқа кірісу. Сіз ештеңе ұтқан жоқсыз. Сіз дәл сол жерде адамдықтан айрылып қалған әлжуаз адам кейпінде ғана болдыңыз. Елге бәрі қызық. Бірақ қызық дүниенің де шегі бар. Өмір мен өлім арпалысып жатқанда сол өлім өзімнің басыма келмесін деп аулақ жүріп не сендердің бастарыңа келмесін деп әлеуметтік желідегі жүз мың адамды жарылқаған дұрыс па әлде бір тағдырды аман алып қалған дұрыс па?! Ойланып көріңіз.
Әлеуметтік желі арқылы "көзайым болу" ("центр внимание") деген ұғымды қалыптастыру жүйелі түрде маңыздылыққа ие болды. Жақыныңыз тіпті туғаныңыз қаза болған жағдайды жұрт біліп, сіздің қайғыңызбен ортақ болғанын қалайтын деңгейге жеттік. Сіздің ішкі сезім мен қасіретіңіз қайда қалды?
Әлеуметтік желі тегінде адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы және де ақпарат алмасу алаңы ретінде пайда болған. Бірақ, адамдардың қанағатсыз қалауы, бүйректен сүйрек шығаруға дайын тұратын ойлары жоғарыда аталған ұғымдарға алып келді. Таяқтың екі ұшы бар. Жақсы жағын алып, жаман жағын тастаған жөн.
Лайықты ғұмыр кешу үшін лайк жинау маңызды емес. Жай ғана күліп жүріңіз, қолдан келсе күніне бір жақсылық жасай жүріңіз. Бірақ жақсылық жарнама болып кетпесе игі еді.