Жексұрын пальто
блог
"Сәрсенбіні жек көрем" дедім де, үстелге жантая кеттім. Иә, бұл мендейлер ғана келетін орын. Кезекті бір арзанқол кафе. Күйікке шылап бергендей кофесі де дәмсіз.
Айналадағы нәрсенің бәрі ызамды келтіреді. Мен мұндайға лайықпын ба? Ал мынау үстімдегі 5 жылдық тарихы бар пальто шы? Әбден тозығы жетіп,түртіктеніп кетіпті. Енді бір түртік те сиятын орын қалмапты. Бұл пальтоны сәрсенбіден бетер жек көрем. Не жылулығы жоқ, не сұлулығы жоқ жексұрын киім.
Мен жек көрмейтін тек бір адам және бір нәрсе бар. Ол -менің үстеліме беттеп келе жатырған өмірлік жолдасым және оның күлкісі.
-Сәлем, аппағым!- деп күйеуім иығымнан қапсыра құшақтады.
- Осынша сабырлы, байсалды болу тек сенің ғана қолыңнан келеді -дедім мейірлене қарап.
Ол әр сәтімізді бақыт пен мағынаға толтыруға тырысатын. Ал мен ылғи бәрін бағаламайтынмын. Еш нәрсе көңілімнен шықпайтын. Дәмсіз кофе де, жиһаздары талғамсыз орналасқан кафе де... Ешнәрсе...
Содан бері 8 жыл өтті. Біраз нәрсе өзгерді. Бас айналдырарлық биікке де шықтым, керемет дәулетті де болдым. Неше түрлі кофелерден дәм таттым, ылғи "Люкс" дәрежелі мейрамханаларда боламын, алдынғы қатарлы дизайнерлерден киінемін. Бәрі-бәрі бар... Тек біреуі жоқ... Біреуімнен айырылдым... Күйеуімнен...
Өткен күннен естелік болып қалған бірден-бір нәрсе -баяғы жексұрын пальто. Жан жарымның иісі сіңген пальтоны құшақтап ұйқтаймын. Кеудеме әлдебір мақұлық кіріп кетіп, өмірі үшін жанталасып жатқандай тырналайды кеп. Өкініш...
Білсемші, сол кезде қаншалықты бақытты болғанымды, сезсемші...