Бірінші рет баламыздың тісін емдетуге бардық. Сізге де пайдасы тиіп қалар деген оймен блог жазуды жөн көрдім.
Тұмау кезінде иммунитет әлсірегендіктен ағзаның әлсіз жері қосыла ауырады. Әсіресе, тамақ ауырғандықтан, ол кейде құлаққа немесе тіске әсер береді. Ұлым бес күндей тұмаулатып, енді жазылып келе жатқанда тісі ауыра бастады. Ол оң жақ бетін және құлағының тұсын көрсетіп, мазасыздана бастады, тамақ ішпей қойды. Мен оның құлағы ауырып тұр екен деп, бірақ дәрігердің кеңесін алмағандықтан дәрі қолданбай тұра тұрайын деп ойладым. Кеш болып кеткендіктен, дәрігерге ертеңгісін көрсетемін деп күттім. Оның құлағының ауырғанын жеңілдетейін деп құлағына жылы орамал бастым. Бала солай орамал басқанымды қалап, оң жақ бетін басып, жата берді.
Ертеңгісін баланы педиатрға және құлақ дәрігеріне апардық. Оның тұмауы да кеткен, құлағы да ауырмайды екен. Содан бізді тіс дәрігеріне кеңес алуға жіберді. Тіс дәрігері баланың үстіңгі екі тісінде құрт (кариес) бар екендігін айтты. Баланың ауырып тұрған оң жақтағы тісінің қуысы тереңірек екен.
Яғни, баланың тісі бейсенбі күні кешкісін ауырып бастады. Тегін тіс емдеу орталығында (ақылы тіс орталығына барып көрмедім) баланың тісін емдеу үшін алдымен "Иммунотест" орталығына жібереді. Бұл орталықта баланың уколға аллергиясы бар ма жоқ па екендігін тексеру керек. Ол жерде убестезин, убестезин форте және мепивастезин деген аллергендерге тексереді. Бұл орталыққа қанды міндетті түрде таңертең аш қарынға тапсыру керек. Сенбі және жексенбі күндері мұндай орталықтар жұмыс жасамайды.
Дүйсенбі күні таңертең "иммунотест" орталығына қан тапсыруға бардық. Қанды көктамырдан алады. Бұл анализдің нәтижесі сәрсенбі күні түстен кейін дайын болады екен.
Сөйтіп, тіс емдеуге баланың тісі ауырғаннан бері бір апта өткен соң жеттік. Бұл бір апта бойы бала тамақ жей алған жоқ. Дәрігер баланың тісінің ауырғанын басу үшін күнде тұзды сумен шаюды ұсынды. Бала өздігімен шая алмайтын жаста (Баянғазы 2,5 жаста) болса, тұзды суды шприцпен алып, аузына құю арқылы шаясыз. Су тұзды болғандықтан бала өзі-ақ түкіріп тастайды. Тұзды суға тістің ауырғаны толықтай басылмайды. Сондықтан дәрігер ауруды уақытша басуға "ибуфен" шәрбатын немесе парацетамол беруді ұсынды. Осы дәрілер тісінің ауырғанын уақытша басады, сол кезде балаға сорпа, ботқа беріп жүрдім.
Сонымен, бүгін баланың тісін емдеттік. Қазір бұрынғыдай уақытша пломба деген жоқ. Яғни, бұрын нервті өлтіретін уақытша пломба салып беріп, қайта келіп оны алдыртып, басқа пломба салатын. Ал қазір бәрін бір күнде аяқтап береді екен. Бір күнде баланың бір тісін ғана емдей алады. Бізге сабырлы тіс дәрігері тап болды). Бала қанша жылап, қырсығып, аузын ашпай, дәрігердің саусақтарын тістесе де, балаға бір дауыс көтерген жоқ. Керісінше, "жарайсың", "болған соң сыйлық береміз" (сыйлыққа тіс пастасын берді) деп жұбатуға тырысты. Тіс емдеп болған соң балаға 1,5-2 сағаттай тамақ және су беруге болмайды. Уколдың әсерінен бала тістің айналасын сезбегендіктен, етін тістеп тастауы мүмкін. Кей балалар, еті қанағанша тістеп тастайды екен. Сосын ол жер уколдың әсері кеткен соң ауырады. Сондықтан, баланың өз қызыл иегін тістемеуін қадағалаңыз.
Кішкентай баланың тісі емдеуге жарамды болса, оны жұлмайды екен. Мысалы, қазір 2,5 жасында баланың азу тісін жұлып тастаса, жаңа азу тіс шамамен 9 жасында шығатындықтан, бұл аралықта жақ дұрыс дамымай қалуы мүмкін. Яғни, жағы қисық болуы мүмкін және т.б өзгерістер болады екен. Тісі жоқ жермен бала тамақ жей бергесін ол жердің еті де қабынуы мүмкін.
Ендеше, баланың тісінде құрт пайда болмас үшін (немесе құрт басқа тістерге тарамас үшін) дәрігер ұсынған кеңестерге көз жүгіртіңіз:
- негізі, баланың алғашқы тістері шыққаннан бастап (шамамен 5-6 ай) тіс тазартуды бастау керек. Ол кезде баланың тісін таза дәкемен (марля) сүртіңіз немесе пастасыз жұмсақ щеткамен тазалап алыңыз;
- 1,5-3 жас аралығында баланың тісін күніне бір рет (әсіресе, ұйықтар алдында) пастамен тазалаңыз;
- 3 жастан кейін күніне екі рет тіс тазалауды әдетке айналдырыңыз;
- күндіз бала тәтті, печенье секілді тіскебасар жеген соң тісін пастасыз щетканың өзімен жайлап тазалап жіберіңіз;
- әр тамақ жегеннен кейін тамақ қалдығы қалмас үшін балаға су ішкізіңіз;
- аузын шая алатын жасқа жеткенде әр тамақтан соң аузын сумен шаюды әдетке айналдырыңыз;
- балаға арналған тіс щеткасы кішкентай, аузына салуға ыңғайлы болуы керек. Ал тіс пастасының фторсыз, бояусыз, қоспасыз түрін таңдау қажет.
Тісжегінің пайда болу себептері көп. Ол жиі тамақ қалдығының тұрып қалуынан пайда болады. Ал тәтті тағамдар оның әрі қарай дамуына, тарауына әсер етеді. "Баланың тісі бәрібір түсіп, қайта шығады" деп емдемей жүре беруге болмайды. Себебі түсетін тістің жағдайы келесі шығатын жаңа тістің денсаулығына әсер береді. Сонымен қатар, тістегі құрт ішкі органдарға да кері әсерін беретінін ұмытпаңыз.
Сурет: unsplash.com