Жек көремін деп айта алмаймын...

             Жек көремін деп айта алмаймын. Бірақ жақтырмаймын. Жек көретін болсам, адамшылықтан аттағаным болар. Көбінесе, қыз бен жігіт, әйел мен еркек деп бөле бермеймін. Адамшылық тұрғысынан қарастырамын. Алайда кейде әйел мен еркек деп бөлінетін жағдайлар болады. Әлбетте, есі дұрыс, сана-сезімі жөнді адаммын ғой, ондай жағдайларға дұрыс қараймын. Дегенмен, өмірдегі жағдайлардың көбісі жалпылама түрде келеді. Кейбіреулер "мен андаймын ғой, мындаймын ғой" деп қол қусырып жатып алады. Менің көп қолданатын сөзім де осы "адам" сөзі.

            Бүгін бір оқиға болған. Кеше гөрбәлінсадан флюра өтуім керек еді. "Бәлеңкәметті қабылдамаймыз, оған флюраны МСЧ-дан өтеді" деп қуып жіберді. Бүгін сол МСЧ-ға барсам, гөрбәлінсаға бар деп қуды. Менің де даусым, анамның да даусы жәй шығады. Іргесітұратұрда жас қатын анамның қайта-қайта сұрағанына мән бермей, қағазынан басын көтермеді. Бір кезде жауап берді. "Ваши проблемы" деп қояды. Қазақ бола тұра, орысша сөйлейді өзінше. Айлығы аз, жағдайы нашар бишара болса, жетісіп орысша "ожыраймас" еді. Шығып бара жатып, мен де шыдамай боқтадым. Ішіме біраз нәрсе жиналып қалған екен. "От души" жаман сөздерді жайқалттым. Ашу - дұшпан емес. Ашу бар болғаны сезімнің бір түрі. Дұшпан деген - ол сені адам деп есептемейтін, адамшылықтан аттайтын, адамгершілігін жасамайтын "тірі жүрген біреулер". Менің өзімді адам қатарына қоспаса қоспасын, бірақ шешемді адам деп есептемей тұрғанда үндемей тұра алмаймын. Ащы шындықты "ащытып, у қосып, гептил қосып" айтатын әдетім бар. Ол жердегі орыстар мүлдем қазақша түсінбейді. Шығып бара жатқанда, қазақтар да жүр екен. Әдейі естіртіп аз-кем білетін, ішіме сыймай жүрген шындығымды жайып салдым. "ЦЭНКИ мәңгі деп ойлайсыңдар ма? Айлықтарың мәңгі бақи жүз мыңның үстінде бола ма? Болашақта бұл да жабылады! Бұл жерге орыс болмасаң, ЦЭНКИ-де жұмыс жасамасаң, адам деп санамайды оңбағандар!.." деп айтқаным есімде. Артынша қарғыстан да жіберіппін. Сөйтсем, сол жерде қазақтарға ұрысқандай болдым. Анам мені сабырлыққа шақырды. Орыстар естіп қойса, қамап тастауы мүмкін деп уайымдады. Әскерге де жібергісі келмейді. Қатты уайымдайды. Сөйтіп, сәл-пәл 10-15 метр жүрген соң, жұмсардым да қалдым. Психологтар дұрыстап тексерсе, менде бір психикалық аурудың түрі бар, есім дұрыс болғанымен. Мен көңілге көп нәрсені жинаймын. Таяқ жеп жүрмін. Қай жерге барсам да, көңіліме қарап сөйлейтіндер өте аз. Менен тек көмек алса, тағы басқасын алса, болды. Мен тек әке-шешеме ғана маңыздымын, керекпін, қарап отырсам. Осы күнге дейін жолдас болған адамдарым жәй ғана "жарнама" сияқты өтті де кетті.

            Ендігі өмірім қалай боларын білмеймін. Бірақ мұң-қайғымды, қиялымды, арманымды тек жазар нәрселерімде ғана көрсететін сияқтымын. Жұмысым жоқ әлі. Қарындасыммен тұратын едім, ол пәтерді сатқалы жатыр. Сатпаса, қонақ боп кеп тұрарсың дейді. Амал жоқ, тұратын жер іздеуім керек. Әйтпесе, менің жазатын пьесаларым, киносценарийлерім ешқайда ешкімге қажеті жоқ. Өзім жазып, өзім жүгіруім керек нанымды тауып жеуім үшін.

            Жақтырмаймын... Иә, жақтырмаймын... Бастықтарды. Пара алатындарын, пәле жабатындарын, жұмыстан жазықсыз қуатындарын, байлықты қуатындарын, қатынға құмар болатындарын... Орынбасарларды. Еңбектеніп жүрген адалдардың орнын басатындарын, орыннан-орынға ауысатындарын, бастықшыл болатындарын, басшылықтың өкшесүйері болатындарын... Қызметкерлерді. Қызметіне арамдық қылатындарын, қызметін қуыршақ көретіндерін, қызметін шегінен асырып пайдаланатындарын, қызметіне немқұрайлы қарайтындарын, қызметін ақшаға айырбастайтындарын... Дәрігерлерді. Науқасты қорадағы мал көретіндерін, науқасқа көмек көрсетпейтіндерін, науқастан жиіркенетіндерін, науқасқа ауыр сөйлеп тіл тигізетіндерін, ыспырапкы сатқыштарды, әптек ашқыштарды, меджыртқыштарды... Мұғалімдерді. Мейрамдарда "бірдеңе" дәмететіндерді, оқушыларды құбыжық көретіндерді, оқушыларға өмір жайлы айтпайтындарды, кекшіл-өсекшілдерді, мектеп қабырғасының қадірін білмейтіндерді, білім беруге құштар етпейтіндерді... Мілісәларды. Жазықсыз қамайтындарды, "Сейфуллиндегілерді" қуамыз деп, пазикпен кеп алып кетіп, пайдаланатындарды, құдай сезініп сөйлеп-жүретіндерді, әділдікті жақтамайтындарды, қатігездікті құптайтындарды, қызметін асырып пайдаланатындарды, дандайсып тәкаппарланатындарды... Тағы да басқа қызметтегі пенделерді... Елге қызмет етпейтіндерді, ақшаға құлдық ұрғандарды...

            Айта берсем, өте көп. Айтпақшы, саудагерлер де, еден жуатындар да, дала сыпыратындар да - бәрі-бәрі осылардың қатарында. "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" данышпан атамыз айтқанмен, расында, адамның бәріне мейірімділік таныту қиын. Басқаның мейірімділігін қаласаң, өзің басқаларға мейірімді бол деген де бар. Бірақ өмірде мейірімділігіңді қыстырмайтын пенделер де кездеседі.

            Айтпақшы, Бақытжан деген "Алдаспандағы" жігіт менің қаламнан. Бала кезімде футбол ойнағанымыз бар, есімде екен. Нұрлыбек кластасым онымен қарым-қатынаста-ау деймін. Қадыров Нұрлыбектің өзі Астанада қазір, оқып жатыр. Баянда ойнайды. Жалпы, не нәрсемен айналыссақ та, адамзатқа пайдамыз тисін, әркім өз орнын білсе игі! Мен "бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" дегенді осылай түсінемін, яғни әрқайсысымыз құмалақ болсақ, қоғам, адамзат деген қарын майды шірітпегеніміз жөн. Шіріткен күнде де сұралатынымыз ақиқат. Одан ешқайда қашып құтылмақ жоқ.

            Астанадағы массагеттіктер, кездесіңдер! Мен де Алматыдағылармен кездескім келеді. Алматыға қазан айында жол жүретін шығармын, Алла жеткізсе. Қазанның он алтыншы жұлдызында 22 деген жасқа келмекпін. Әрине, туылған күнімді тойлай алмаймын. Бірақ... =)22 жас деген не зат? Мәселен, 22 жасында Пушкин "Кавказский пленник" пен "Гавриилиаданы" жазған. Ескендір патша он жылдық саяхатына шыққан, Азияға, нәтижесінде үлкен империя құрылған. Ал Майкл Джексон алғашқы ән жинағын шығарған, 20 млн. тиражбен. Эйнштейн Швейцария елінің азаматтығын алған және бір жылдай мамандығы бойынша (математика мен физика мұғалімі) жұмыс іздеген. Ленин заңгер Хардиннің көмекшісі болып қызмет атқарған, тіпті, қылмыстық істерді тергеумен айналысқан. Ал Ганди Лондонда заңгерлік білімін тәмамдаған. Бах Марияға үйленген, одан жеті бала дүниеге келген. Наполеон Корсиктегі француз көтерілісіне қатысқан. Анджелина Джоли "Джордж Уоллес" киносына түскен, сол кино оның атағын шығарған. Достоевский Бальзактың "Евгению Грандесін" аударып, бастырған. Мэрилин Монро да "Хористка" киносына түсіп, онда ән де салған, сөз де сөйлеген. Ал 16 қазанда кім дүниеге келмей жатыр дейсің? Ағылшын драматургы Оскар Уайльд та (1854) осы күнде туылған. Әйгілі актриса Анжела Бриджит Лэнсбери де (1925). Ол "Она написала убийство" хикаясында басты рөлді сомдаған. Әйгілі драматург Юджин О'Нилл да (1888) осы күні дүниеге келген. Ал мен 22-ке келсем де, әлі ештеңе бітірмегем, жасамағам. Жасың жиырмаға жетпесе, онда айқайлап қуан. Себебі жиырма жасқа дейін маңызды нәрсе жасауға мүмкіндігің бар. Тек уақытты өлтіріп алма!

            Қарындасым да пәтерді сатамыз дейді. Енді Алматыға барып тұратын жер мен қылатын жұмыс іздеуім керек. Кімге керек дейсің мендегі мұң мен қайғы, қуаныш пен шаттық!?..



Бөлісу: