Арғы әжем, әкемнің әжесі, қазақтардың аштықтан қашып келе жатып, құлаған жерінде о дүниелік болып кеткендердің талайын көрген екен. Бірін кіргізіп үйге, тамақтандырған бетте ошақ басында жан тәсілім еткенін әкеме айтып беріпті. Қазірдің өзі жүрегің дір етеді. Бір түрлі жаман аңыз, қорқынышты ертегі секілді. Бірақ, бәрі де таза шындық.
Әкемнің ауылында бір қария болған екен. Бір беті ойық. Сөйтсе, аштық кезінде әлгі ата бөпе екен. Әкесі аштыққа шыдамай "Әкел баланы, жеймін" деп әйелінің қолынан баланы алыпты. "Не істесең де, тек даусын естімейін" деп шешесі баланы әкесіне беріп, өзі кетіп қалыпты. Бала аман, тек бір беті жоқ.
Аштық жайлы тағы бір рет тарих мұғалімінен естіген едім. Бір әйел екі -үш жасар баласы мен нәресте қызын ұстап дала кезіп келеді екен. Ізінен қасқырлар түсіп, қолындағы қызды соларға тастап, ұлын ала қашыпты. Егер теледидардан бір ата өз шешесінің қызын қасқырға жемтік етіп, оны аман алып қалғаны жайлы айтпаса, бәлкім, сенбес те едім. Бірақ, аштықтың құрбандары әлі де тірі. Тірі аңыз адамдар.
Кеше Айхан Хамит өз ФБ парақшасында Киевте аштық құрбандарына арналған мұражай бар екенін жазған еді. "Бізде неге жоқ?" дейді. Бәлкім, біздер әлі толыққанды еркін емес шығармыз.....
З.Ы. Бұл жайлы жылына бір рет, репрессия құрбандары күні еске алу аздау секілді....