Ұқтыра алармын шешеме нені?!
Мұңыма серік Күз деп мерейім:
Жіберші, Мама, көшеге мені,
Жаныма дауа іздеп келейін...
Тып-тыныш жүрген – ыңғайым ғана;
Күйін кешем бе қалтырап талдың?!
..Үздіккен сырын тыңдайын, Мама,
Үзіліп жатқан жапырақтардың...
Көлеңке болып қалады қала,
Көшені көзбен аялап келем...
... Сырласқым келіп барады, Мама,
Сарғайып тұрған саябақпенен...
P.S.: Кірпігімде ілініп тұр шық дара,
Жұқпайды оған пенделік ой. Күнә.. Дақ...
... Мен деген тек... Еріп кетер бұлт, Мама,
Жаңбыр болып жылап ап...
Жіберші, Мама...