Жазықсыз жапа шеккен жануарлар

Ұлттың ұлылығы мен кеудесінің кеңдігін олардың жан-жануарларға деген қарым-қатынасына назар салып-ақ байқауға болады.

Адамзаттың адал достарына айналған жан-жануарларды қорлап, оларға қатігездік көрсететіндердің саны өсуде. Атыраудың өзінде жануар атаулысына қиянат көрсеткенін ғаламторға салып, оны таратқандар желілерде жетіп артылады. Осындай қастандықтарды ұйымдастыратындардың мақсаттары белгісіз, кейбірі ауру тарататын жабайы жануардан құтылғымыз келді деп жалтарса, енді бірі істеген ісіне мардымды жауап қайтара алмайды. Қоғам белсенділері жануарларға қиянат көрсетушілердің көпшлігі психикалық ауытқуымен ауыратынына шүбәсіз.

@help_animals_atyrau еріктілер ұйымы мен «Доброе сердце» фондының негізін қалаушы Венера Манасова «үй-күйсіз жүрген, жапа шеккен жан-жануарларға көмектесіп келе жатқаныма 4 жыл болды»,- дейді.

 -Үй-күйсіз, далада қаңғып, жапа шеккен жануарларға көмектесіп келе жатқаныма 4 жыл болды. Өздерін қорғай алмайтын, еркін өмір сүре алмайтын жануарлар біздің қалада өте көп. Міне, осы мақсатпен 4 жыл бойы өзімді осы бағытқа арнап келемін. Қазір жанымда 13 ерікті көмекшім бар. Қолымыздан келгенше қиын жағдайға тап болған жануарларға көмектесуге тырысамыз.Оқыс жағдайлар орын алып, жануарлар өмірі қиын кезде тұрғанда оларға лезде алғашқы көмек көрсетеміз. Жалпы, әлеуметтік желілер инстаграм, фейсбук арқылы жануарлар өміріне бей-жай қарамайтын жандардан олардың ем-домына көмек аламыз.

-Бір күнде өте көп жануарлар қиын жағдайға тап болып жатады. Осындай кезде тез қимылдаймыз. Біздің қаламызда жануарларға қастандықтар өте көп жасалады. Мысық, иттерді аяусыз ұрып-соғып қоқысқа тастай салады. Оны көрген қала тұрғындары, біздің оқырмандарымыз бізбен байланысып мекен-жайды көрсетеді. Сондай кезде оқиға орнына тез жетіп оларды өлім аузынан арашалап қалуға тырысамыз.

-Біздің база кішкентай, барлық жануарды қамти алмаймыз. Қазір бізде 100 ит, 30 мысық тіркеуде бар. Оларды күн сайын тамақпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырамыз.

-Мемлекеттен ресми түрде ешқандай көмек жоқ. Бірақ былтыр 3 миллион теңге жануарларға стерилозовация жасауға бөлінген болатын. 200 ит пен 200 мысыққа сол кезде стерилозовация жасалды. Биылдыққа мемлекет тарапынан ондай бағдарлама болмады. Тек ақкөңіл халық пен еріктілердің арқасында бар көмегімізді беріп отырмыз.

Жан түршігерлік қастандықтар әлеуметтік желіде

Жануарларды аяусыз қорлау барысын түсірген бейнелер БАҚ пен әлеуметтік желілердің беттерінде желдей есуде. Мәселен, осыдан 2 ай бұрын Алматы облысында 2 жасөспірім күшікті тірілей қапқа салып өртеп жіберген. Қарағандыда ер адам мысықты баспалдақ темірімен өлгенше ұрып кеткен. Ал, Атырауда мылтық асынып онымен иттерді атқандарын өздері бейнеге түсіріп ғаламторға жүктеген. Сонымен қатар, Атырау өңірінде иттің басын тоңазытқышпен жаншып өлтірмекші болған ер адам жауапқа тартылып артынша кешірім сұрау арқылы ғана жазасын өтеген.

   Ит пен мысықтан бөлек, жабайы, саны азайған жануарларда қылмыскерлердің қолынан жапа шекуде. 2017 жылы Маңғыстау облысында жол бойындағы қасқырды көлікпен жаншып өтіп, кейін аяусыз ұрған жігіт жауапқа тартылды. Өз қылмысын ұялы телефонның камерасына түсіріп, өз әлеуметтік желісіне жүктеген қылмыскер көпшіліктің наразылығына душар болған еді.  Кейін әлеуметтік желілерде Қорғалжың қорығындағы сайгакты ұрып соққан Қазақстандықтардың видеосы шықты. Одан бөлек, осы жазда «Қызыл кітапқа» енген  Қазақстандағы Каспий теңізінен басқа өңірде кездеспейтін  Каспий итбалығын таяқпен бір топ демалушылар ұрған еді.

Жануарларға жапа көрсеткендерге қандай жаза қолданылады?

Жануарларға қастандық мәселесі заң бойынша әлі де шешімін таппай келе жатыр. Бұл зұлымдықтарды жасаушылардың өз жазасын алғанын қоғам көп кезде байқай бермейді. Жалпы Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыскерлер  жан-жануарларды қинап өлтіріп, немесе жарақат тигізген болса, оларға қарсы қылмыстық баптар жұмыс жасайтын болады.

316 ҚР  бабы бойынша, қылмыскерге 120 МРП дейін айыппұл (333 360 теңге, 1 МРП = 2 278 теңге 2021-жылғы есеп бойынша), 120 сағат қоғамдық  жұмыс немесе 30 күнге бас бостандығынан айырылады.

Іс жүзінде заңға тартылғандардың тек 1%  өз жазасын өтейді. Құқықтық комитеттің статистикасы бойынша, 2015-2019 жылдары, 2021 –жылдың ақпан-наурыз айларында 316 Қылмыстық кодекс бойынша бар болғаны 7 адам заңға тартылған. Оның 4 –і айыппұл төледі, 3-і қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұдан бөлек 636 адамның қылмыстық ісі  тоқтатылған, 6 қылмыстық істің мерзімі өтіп кеткен.

Қылмыстық істерді әртүрлі жағдайда тоқтатып тастайды, мысалы: алғашқы жасалған қылмыс болса, істеген ісіне өкініп қоғамнан кешірім сұраса, жасы кәрі немесе кәмелеттік жасқа толмаса қылмыстық іс жабылып қалады.

ШЕТ ЕЛДЕРДЕ БҰЛ ҚЫЛМЫСҚА ЖАЗА БАР МА?

 Өзге мемлекеттер бұл қылмысқа бізден гөрі қаталдау қарайды. 2017 жылы Парламентаралық Ассамблеяда БҰҰ елдері арасында «Жануарлармен жауапты қарым-қатынас» жөнінде заң енгізілді. Аталған заң бойынша барлық мемлекеттерге ортақ заң ережелері жаза үлгілерін белгілеп береді. Бұл заң өз күшіне енгеннен кейін Ресей мемлекеті «Жануарлармен жауапты қарым-қатынас» туралы заңды 2018 жылы қабылдап қойды. Осы заңнамаға байланысты қылмыс жасалған адам бірден жауапқа тартылып, жазасын өтейді. Ешқандай кешірім сұрау арқылы жазадан жалтара алмайды.

1987 жылдан бері Еуроодақта жануарларды қастандықтан қорғау жөнінде Конвенция енгізілген. Германияда 2002 жылы жануарларды қорғау туралы заңды Конституцияға енгізген. Италия мен Канада елдерінде де қастандық жасаушыларға қатаң түрде жаза қолданылады.

 Бисенова Рысжан

Халел Досмұхамедов атындағы АтМУ 3- курс студенті



Бөлісу: