«Алматы-Music» театры «Жазығым не менің, мама?» атты тағы бір драмалық мюзиклын көрермен назарына ұсынды. Жанры «сахналық катарсис» деп белгіленген бұл драмалық мюзиклдың көтерген мәселесі қазіргі замандағы ең өзекті тақырыптардың бірі – балалар өміріндегі қиындықтар. Қойылымның балалар алдындағы ата-ана жауапкершілігінің қаншалықты маңызды екенін ашуға жасаған талпыныс өте сәтті шешімін тапқан. Бірнеше монологтан құралып, әр монолог әнмен қоса өріліп отыратын бұл сахналық туынды біртұтас дүниеге айналған. Әр монолог сайын балалар өміріндегі қасірет дәптерінің бір беті ашылып, адам баласының қолымен жасалатын қатыгездіктің шегі жоқтай көрінеді.
«Жазығым не менің, мама?» қойылымы балалар өміріндегі шырғалаңдарды көз алдымызға айқын елестететін әлденеше ситуациялардан құралған.
Тың пішіндегі жаңа қойылымды өмірге әкелген театрдың бұл драмалық-мюзиклі біз білмейтін сәби-дүние қасіреттерін көз алдымызға әкелу арқылы үнемі біздің назарымызда болуы тиіс мәселені қоғам талқысына ұсынып отыр.
Біз ұлт болашағы үшін тер төгіп жүрген театрдың алдағы уақыттарда да еңбегі жемісті бола беретініне сенім артып, ризашылығымызды білдіргіміз келеді. «Алматы-Music» мюзикл театрының алар асуы, шығар биігі көп болғай.