Жазмыштан озмыш жоқ

Жазмыштан озмыш жоқ
жеке
блог

       Бір кісі Сүлеймен пайғамбардың сарайына сәске уақытында есі шыға жүгіріп келіпті. Тығыз шаруасы бар екендігін айтқан ол, Сүлейменмен (а.с.) кездестіруді өтініпті.Дегбірі қашып, өңі құп-қу болып кеткен оған Сүлеймен пайғамбар: – Жайшылық па? Мұнша неге қорықтың? Себебі не? – деп сұрапты.Әлгі кісі бойын билеп алған үрейден әлі де арыла алмаған кейіпте: – Бүгін ертеңгісін дәл қарсы алдымнан өңі сұсты Әзірейілді (а.с.) көрдім. Маған тесіле қараған күйі алыстай берді. Шамасы, менің жанымды алуға ниеттенген секілді, – депті жан-жағына жалтақтап.– Сонда менің не істеуім керек? – деп сұрапты өлімнен мұнша қорыққан әлгі бейбаққа көз тастаған патша-пайғамбар Сүлеймен.– Сізден бір көмегіңізді өтінемін, – депті сонда әлгі кісі сөзін жалғап, – Сіз – аң-құс біткеннің тілін білетін, жан-жануар, тау-тасқа әмірі жүретін үлкен патшасыз. Қолыңыздан бәрі де келеді. Желге айтып, мені сонау Үндістанға ұшырып апарып жеткізуін бұйырыңызшы, – депті жалына, – мүмкін сол кезде жан алғыш Әзірейіл менен көз жазып қап, өлімнен құтылармын.Сүлеймен пайғамбар жыламсырап тұрған әлгі адамға жаны ашығандықтан, желді шақырып, оны Үндістанға апарып тастауын бұйырыпты.Жел патша жарлығын екі етпестен құйындатып ала жөнелген күйі жаңағы адамды бірден Үндістандағы жапан бір аралға апарып тастапты.Түске қарай қарамағындағылармен жиналыс құрып отырған Сүлеймен келгендер арасынан Әзірейілді де байқап қалыпты. Бірден қасына шақырып алып: – Ей, Әзірейіл! Сәске кезінде әлгі бейбақтың жүрегін ұшырып, сонша қорқытқаның не? Неге алайып қарадың? – деп сұрапты.Сонда Әзірейіл (а.с.): – Уа, әлемнің баға жетпес патшасы! Мен оған сұс көрсетпедім, тек таңғала қарадым. Өзі қорқып кеткен болар. Мен оның осы жақта жүргеніне таңырқаған едім. Өйткені Аллаһ тағала маған оның жанын бүгін кешке Үндістанға барып алуымды бұйырған-ды. Мен оған қарап тұрып «Бұған жүз қанат бітсе де Үндістанға, әй, бүгін жете алмас» деп таңғалған едім. Таңғалыспен жүзіне тесіле қарағаным да сол болатын, – деп жауап берген екен.