"Жаза алғам, жазғам, жазықты болғам..."
блог
***
...Бір жарық мекен байқала ма алдан?
Болмаса, тоқта, мен түсем!
Духаналар мен мейханалардан
Мұңымды ішем,
Дерт ішем!
Алдымнан менің жарқылдап, күліп,
Ақжайнақ қалқа қарсы алар!
Маэстро-дос
Саңқылдап тұрып:
«Шайыр келді!» деп жар салар!
Шайыр келді деп, шарабын құяр,
Қыздың ерніндей шарабын.
Даяшы қыздың жанарында ұяң,
Жалт ете қалар жанарым...
Жалт етер сәуле «өкінбе!» деген,
Үнсіздік – әулие,
сөз батар...
Маэстро-дос
«Жетімдер»
менен
«Өкіл әкені» боздатар!..
Қоздатар бәрін, боздайды дүние,
Бозүміт, бозой, бозарман,
Дәл мендей өлең жазбайды дүние,
Мен дүниедей жаза алман!
Жаза алғам, жазғам, жазықты болғам,
Майына көздің жиі аққан...
Әлемнің мынау нәзіктігі – ардан,
Мықтылығы да – ұяттан!
Ей, сұлу қыздар,оқыңдар өлең,
Іштегі арман текке өлер...
Қорықса егер ақындар неден,
Дәл соған түбі тап келер!..
Жетті енді, өшір!
Жарықты да өшір!
Жүдедім,
Жаздым,
Қамықтым,
Сағынғам,
Сүйгем,
Жалықтым, кешір,
Бәрінен, досым, жалықтым!
Жүректің қанын қотарып іштім,
Көтеріп іштім көз жасын,
«Ең ұлы ақын» атанып іштім,
Сенбегенменен өз басым!
Ішпеймін енді!
Мейханалардан,
Алып кет алыс жолдарға!
...Бір жарық мекен байқала ма алдан,
Бір жарық жүрек бар ма алда?!
***