Жаз келе барлығымыз көптен күткен демалыста әлдебір жаққа аттанып, жаңа әсерлер алып, күнге қыздырынып, суға шомылып, жыл бойына жететін күш-қуат жинап алуға тырысамыз. Біреу демалыс дегенді тек шетел асумен байланыстырса, басқалар өз еліміздің көркем табиғатына жететіні жоқ деп санайды.
«Кешкі кездесу» бағдарламасының алдағы шығарылымы осы демалыс тақырыбына арналмақ. Студияға жасы 80-нен асқан Лена Тоқсанбаева әже келеді. Ол зейнетке шыққан сәттен бастап, шетел аралауды бастаған. Немересі Айдын Тоқсанбаева екеуі Еуропада, Америкада, Азияның бірнеше елдерінде болған. 80-нен асқан әжей құрлықтан құрлыққа ұшақпен қиынсынбай жол жүреді. Одан бөлек, студияға демалыс үшін тек Түркия мен Мысырды таңдайтын Арай Дегенбаева мен Жұлдыз Дүйсенова келеді. Олар отбасымен ылғи 1 млн. теңгеге қыдырады екен. Ал 35 елде болған саяхатшы әрі журналист Роза Есенқұл керісінше 300 мың теңге ғана жұмсап, демалуға болады дейді. Өзі оның жолдарымен бөліседі. Бағдарламаға қатысатын профессор, медицина ғылымдарының докторы Оразбай Әбдіқадыров тек елде демалған дұрыс деп санайды. Ол көбіне шипажайда демалады екен. Студия қонағы ретінде шақырылған шипажай өкілдері мен тіс қаққан туристер қай жерде көп шығындалмай, жақсы демалуға болатынын айтып береді.
Алдағы демалысты қызықты еткіземін десеңіз, Еуразия бірінші арнасындағы «Кешкі кездесу» бағдарламасын сенбі күні сағат 21:00-де тамашалап, кәдеңізге жарайтын көптеген пайдалы мәлімет алыңыз.