Атам қазақтың не нәрсеге болсын атты дәл тауып қоятындығы қашаннан таңдай қақтырмай қоймайды.Мәселен жыл мезгілдерін алатын болсақ қыста қысыласың десе көктемде көктейсің дегені.Ал жазды қытымыр қыстың қақаған аязынан жазыласың деп жаз десе керек шамасы.Иә, дәл тауып айтқан.Көктемде жер түлеп, көктер бүр жарып табиғат ана бір бусанып жатса жазға таяу бүл процесс әбден гүлденген шағына жетеді.Абайша айтатын болсақ:«Жаздыгүні қалмайды қыстың сызы,масатыдай құлпырар жердің жүзі.»
Міне достар сол айтқан, бәріміз асыға күткен жазда әне-міне дегенше келіп те қалды.
Қыстың көзі қыраудан құтылып жаз жаулауға көшіп мәре-сәре болатын байырғы қазақтардың қәзіргі ұрпағы мына біздер де жазды ерекше ықыласпен күтеміз.Дала қазақтарынан гөрі қала қазақтарының жазда жасар жоспарлары көп-ақ.Студенттер сессия бітісімен ауылдарына тартып отырса мектеп оқушылары «жазда атамның аулына» деп ауылдағы туыстарына қыдырады.Ал жыл бойы күйкі тіршіліктен мезі болған олардың ата-аналары жазды саяхатпен өткізсек деген ниетте болары сөзсіз.Олардың бір бөлігі жазда Ыстықкөлде демалуды қанағат тұтса бір бөлігі құрлық асып әлемнің көрікті жерлерінде тыныққанды дәстүрге айналдырған.Дегенмен күйбең тіршіліктен бір сәт миымды тынықтырам деген Отандастар үшін «өз ел, өлең төсегіміз» қазақ жері де тарлық қылмайды.Шетел асып қыдырған қандастарымыздың көбейгендігі көңілге қуаныш ұялатады.Әйтседе көрікті жерлер Қазақстанда да жетерлік екенін осы орайда айта кеткенді жөн санадық.
Бұл жаздың тағы бір ерекшелігі тойлардың көп болатындығы.Ұзату, құдалық, үйлену тойы секілді ірілі-ұсақты тойлардың денін қазақтар жазда өткізгенді ұнатады.Лайым қазақтың әрбір шаңырағы тойдан арылмасын!!!
Алдағы жаздың ауыз толтырып айтатын басты жаңалықтарының бірі биылғы рамазан айының жазға сәйкес келуі.Құтты болған қасиетті айда жаздың аптап ыстығына қарамастан Хақ Тағаланың ризалығына жетулері үшін барша мұсылмандар күндерін оразамен өткізеді.Алдағы келер қасиетті айда ораза ұстамақ ниеттеріңіз болса Аллаһ сіздерге де жеңілдігін бергей!!!
Иә, осылайша жаздың артықшылығын жаза берсең айтылар қызық таусылмайды.Қалай болғанда да жаздан әркімнің алар несібе үлесі көп-ақ.Жоғарыда әңгімемізді «жаз» сөзінің мағынасымен бастаған едік.Енді тағы сол тақырыппен аяқтасақ дейміз.Жаз деген сөздің мағынасын көбісі «арқаңды кеңге жай, жазыл, жадыра» деп түсініп бұл мезгілді демалысқа арнағылары келсе біз секілді шығармашылық адамдары «жаз» сөзін «шығарма жаз, ән-күй жаз» деген мағынада түсінеміз.Яғни, «жаз» сөзі біздер үшін «шығарма жаз, халыққа жаңа дүниелер ұсын» деген мағына. Сондықтан мен және менің «Алдаспан» тобындағы достарым алдағы жазда да тыңдармандарға жақсы дүниелер ұсынып құантсақ па дейміз.Ендеше біз сіздермен жазда да бірге боламыз!Алда біздерді қиында қызықты шығармашылық қызу жұмыстар күтіп тұр.Баршаларыңызға сәттілік тілей отырып жазда әрқайсысыңыздың ойлаған мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектестігімді білдіремін!
Ізгі ниетпен Мақсат Хасанов