Жаз 2014: Ауылдың бизнес-трендтері

Жаз 2014: Ауылдың бизнес-трендтері
жеке
блог

Ауыл - құдайдың рахаты. Нақ экологиялық таза аймақ десе, дегендей-ақ. Өз ауылыма жауап беріп, айта аламын. Тек заман көшінен біраз артта қалғаны болмаса, БИЗНЕС дегеннен кенде емес. Мейлі желі ұстамай, интернетте өз өнімін жарнамалауға жағдайы келмесе де, қолдағы барын пайдаға асырып отырған жәйі бар. 

  • Жыл бойы жалғасатын бизнес

 Сонымен, биылғы трендтегі үздік "бес бизнес" туралы айтайын. Менің субъективті пікірім бұл. Ауылға ат басын бұрған күндері байқаған бизнесім - жұмыртқа. Иә, тауықтың жұмыртқасы деп нақтылай түсейін. Бізде инкубатордың жұмыртқасы жоқ. Барлығы үйдің "домашний" жұмыртқасы. Демек, бағасы да, сапасы да сәйкес. Қалаға жәрмеңкеде апарып сату - баяғыдан бергі кәсіп. Ал, ауылда өз арамызда ше? Бұрын есімде, сағыз алу үшін жұмыртқа ұрлап,арақтың шынысын жинап, тапсырушы едім. Ол кезде ондай актуальды емес еді. Биыл күрт өскен. Былтыр ғана тек жағдайы нашар отбасылар ғана жұмыртқа, сары май, айран мен сүт өнімдерін өткізіп, қарыздарынан құтылушы еді. қазір олай емес. Ол да қайнап жатырған бизнес. 15 теңгеден сатасыз, 20 теңгеден өткізеді. Есептеңіз, үйіңізде кем дегенде 20 тауық бар, тауық күніне бір жұмыртқалайды (кейде екі рет, берген жеміне байланысты енді). Бір айда 20*30=600 жұмыртқа. Оның 500 данасын сатарсыз (балаларыңыз да аш қалмауы керек қой.) Бизнестің басты шарты - зардап шегуші болмауы тиіс. Әйтпесе, кіріс болғанымен, береке қашады (өз ойым). 500*15=7500 тг. Бұл бір жұмыртқадан ғана. Ойласаңыз, бізде бір айлықты 3 адам бөліп алып отырғандар да бар. Оның қасында мынау балаңыздың балабақшасының ақшасын жауып тұр. Бұдан өзге аталған сүт өнімдерінің өзі қаншама. Біздің үй сияқты "сиырсыз" үйлер қаншама? Амал жоқ, сатып аламыз. Бұл да - бизнес.

* Сурет tengrinews.kz сайтынан алынды

  • Ауылдың "рафаэллосы"

Барлығы біліп қойды не жайында айтқалы тұрғанымды. Иә, келесі мықты бизнес - құрт жасау. Көлеміне, дайындау рецептісіне байланысты бағасы да түрлі. Айталық, 5 теңгелік құрт - титімдей, әрі қарай кете береді. Ащы, тұщы, қайнатылған, бор қосылған, тіпті лимон дәмімен жасалатын да құрт бар. Ауылда бір апа бар бізде Қамаш есімді. Өзі еңбекқор. Ол жағынан сөзім жоқ. Бизнесті игергені сонша, жұрттың үйіне қонақ келсе, шелегін ұстап ол да жетеді. Ақтаудан біліп келген, арнайы ешкімге айтпайтын рецептісі бар құртының жарнамасын жібереді. Содан оптом и в розницу алдап-алдап, қалай шелегін көтеріп, келесі рейске кеткенін байқамай қаласыз. Сонымен, құрттан қаншалықты пайда бар? Миллионер туралы естіп пе едіңіз? Қалай миллионер болды дейсіз бе? 1 тал құртты 1 теңгеден сатып, миллион данасын ерінбей жасасаңыз, бір сәтте миллионер боласыз да шығасыз. Сізге ол үшін қырғын капитал да, техника да керек емес. Тек үйде әйеліңіз, қызыңыз не анаңыз тиянақты болса, болды. Ақша табамын деушілерге жол ашық. Тек әдеттегі жалқаулық. Бірақ, бұл да - бизнес.

* Сурет ВКонтакте желісінен алынды

  • Қыстың қамын, жаз ойла

Енді келесі кәсіп - мал шаруашылығына байланысты. Шөп шабу, егін егу - ешкімге жаңалық емес. Мынаның да жаңа ештеңесі жоқ. Бірақ, қатты дендеп барады. Олай дейтінім, өз көзіммен көрдім. Өз ауылыма ғана жауап беретінімді ескертемін. Бұрын тек той боларда, мектепке балаларын дайындау барысында, яғни, керек кезінде ғана мал сатуға баратын. Аудан орталығына бармас бұрын сізге құжаттар жинау керек. Бірақ, бір дайындаған соң, етіңіз үйреніп кетеді де, әкімшілікке барып анықтама алу сіз үшін түкке тұрмайтын мәселе боп қалады. Ал, енді мал сату. Жазда көбіне ірі-қарадан бұрын ұсақ мал, қой-ешкі өтімдірек. Бір жағы асқазанға жеңіл, екінші жағы - бағасы арзандау. Менің көршім әр аптаның сенбі-жексенбісінде жәрмеңкеге кетеді. Кем дегенде 28000-30000 арасында ақша табамын дейді. Жіліктеп сататын кез болады, кейде бір қойды бір-ақ алып кететіндер бар екен. Сонымен есептейік, бір айда кем дегендей 25000 теңгеден 4 аптада 8 рет мал сатуға барасыз. Демек, 25000*8=200000 тг. 3 айда 600000 тг. Болды, үлкен қызыңыздың ЖОО-на түсетін ақшасын артығымен шығарып алдыңыз. Бұл да - бизнес. 

* Сурет voxpopuli.kz Сайтынан алынды

  • Көктемнен бастау алып, күзге қарай аяқталады

Жұмбақ сіздерге. Бұл не? Бұл - қойкезек деп аталады. Аты айтып тұрғандай, қойды кезектесіп бағу. Ауылдың белгілі бір арақашықтығында орналасқан үйлердің бір айға есептеп, кезекпен қойды бағуы. Өзім де талай таңнан кешке дейін "қап-қара" болып қой баққанмын. Сол себепті, қаншалықты қиын кәсіп екенін білемін. Біздің үй жақта 18 үй бар, демек бір айда кезек кейде 1 рет, кейде 2 рет келеді. Маған биыл қой бақтырмады, ағаларым жұмыста. Бұл дегеніңіз - қой бағатын адамды жалдау керек деген сөз. Қой бағу қанша? Күніне - 2000 тг. Бірінші жылдары 500 тг болатын, бензинмен бірге бұл да өсіп келеді. Еңбегі зор ғой деп қоя саламыз. Кейде қонағыңдай күтіп, шәй беріп, түстенгенінше қойды қарап та келесің. Мен 9 сынып оқитын қойшы баланың жаздық "күндік табысын" айтайын. Ол кем дегенде 10 үйдің қойын тұрақты бағады. Яғни, 10*2000=20000 тг. Бұл - бір айда. Қой кезек мамыр айында басталып, соңы қарашада тәмамдалады. Бұл дегеніңіз 7 ай, немесе 6 ай деп есептейікші. 20000*6=120000 тг. Бала тек қана кәстөм-шалбармен өз-өзің қамтамасыз етпеді, қосымша табыс әкелді. Міне, пысықтық қайда жатыр? Бірақ, зиянын да айта кету керек. Таңғы 6:00ден кешкі 7-8 шамасына дейін күннің астында қайқиып жүру деп оңай емес. Обал дейсің сол кезде. Енді екінші нұсқа айтайын: Ол - қойшылық. Бірақ ол тұрақты болады. Бізден өзгелер солай бақтырады. 6 үй ғана бірігіп, бір қойшыға бағындырады. Айына 30000 тг. Аз демеңіз, есесіне қой да, үй де аз. Нәп-нәрмәлні табыс қой. Құр босқа қол қусырғаннан ол да жақсы. Бір жазда 90000 тг. Есіңізде болсын, бұл да - бизнес.

Сурет abai.kz сайтынан алынды

  • Және соңғысы - маусымдық бизнес

Біздің жақта егін, мұнай, мал бар. Бірақ, қауын-қарбыз онша жолға қойылмаған. Адам өзінде жоқ нәрсеге қызығады. Бұл дәлелденген. Дәл сол сияқты, сол жоқ қауын-қарбызды шеттен әкеліп, пайдаға қарық болады жаз бойы саудагерлер. Және оңтүстіктің арзан бағасы бізде жоқ. Мен тамызда кеткен кезде 80 тг боп әрең түскен. Ал, Шиеліден 9 кг қарбызды 200 тг-ге сатып алғам. Айырмашылық бар ма, қалай? Жаз болса бітті, барлығымыздың аңсарымыз ауатыны да - қауын-қарбыз. Қауындар да ұшып тұратын. 500 тг болатын басында. Үйіміз қауынға қатты қызықпаған соң ба, әлде өзім жемеген соң да онша темасына кірмедім. Ал, қарбызды білееемін. Сонымен, есептейік: 10*80=800. Бір ғана қарбыз. Ал, апта сайын камазбен қаптап келетін қарбыздардың санына кім жетіп жатыр? Бұл да - бизнес.

* Сурет remarka.kz сайтынан алынды

Иә, сонымен, пайдаға белшесінен батыратын кәсіптер осы. Әрине, жаз айына есептелген. Бұдан өзге де ұсақты-ірілі пайда көздері бар, бірақ акцент түсетіні осылар.

P.S Ешкімнің қалтасындағы ақшасын санау ойымда жоқ. Бар болғаны заманға сай талаптарға жауап берейік дегім келген. Аталған кәсіптер адал жолмен келеді, бастымы, қолыңнан келеді. Кім де болсын өз өмірін жақсартуға тырысады. Бірақ, әркім әрқалай жолмен. Бірі - адал, бірі - арам, бірі - қиын, бірі - оңай. Кәсіптің де түрі бар. Бастысы - адал маңдай теріңмен келген кіріс болсын! Барлығымыз бай-қуатты болайық! Рухани да, материалды да тұрғыда!