Жайық қызына
Аңқитұғын ғасырлардан бүгінге,
Сол кешегі Күнікейің гүл өңмен
Келді десе, сенем не бар?
Түбінде;
Шын ғашықтар қосыларын білем мен.
Ғашықтықтан аңсап бір ән айттым,
(Құшағымды шаттыққа аз жайыппын).
Сені күтіп сарылған бұл Алматы,
Жібергісі келмегенмен Жайықтың.
Ол жайлы айтсам бал – ертегі ,бал – аңыз,
Жалықпайды жатқа айтудан даламыз.
Шақырымдар құлаштаймын қиялмен,
Ақырында, мүлдем жақын арамыз.
Бақыт сүйген жүрегімді байытып,
Қияндарға жетелейді мені өлең.
Сені мәңгі сүйетінімді айтып,
Саған қарай құстай ұша жөнелем.
Көк жүзінен тамған миллион нұр сынды ең,
Тұрам сосын мен мәнгіге нұр құшып.
Кеудемдегі тым тентектеу дүрсілмен,
Бара жатам саған қарай бірге ұшып.
Бұрымыңды толқи келіп бал сіңген,
Самал сүйсін ,мейлі, оған да көн еркем.
Сұлулары бағзының кіл бәлсінген,
Мақтан қылып айтар ,бәлкім, сені ертең.
Бақыт сүйген жүрегімді байытып,
Қияндарға жетелейді мені өлең.
Сені мәңгі сүйетінімді айтып,
Саған қарай құстай ұша жөнелем!
***********
Алматы тағы қабарып алды,
Ауыртты жанын аусар күн.
Бүк түсіп жатыр Алатау,
Бұйығып жатыр бау шалғын.
Тілегім өзің тілдесер,
Қабырғам өзің кеңесер,
Сен жоқта жанды таусар мұң.
Жо. Жо. Жоқ, білем таусылман,
Бойда жоқ бөтен сыр тегі.
Қырмызы сонау көктемгі,
Елестететін қыр сені.
Тасынбай жүрген тамырдың
Бай бүлік түсті қанына,
Бұлқынып барып бұрқ етті,
Бұзылмай жүрген бір сеңі.
Көшті бұлт менің көгімнен,
(Алматы сені білмедім.)
Шаттық құсының қарсы алдым,
Қасқая тұрып кіл легін.
Шын жылап ем ғой сәби боп,
Өмірге ,ойхой, келгенде.
Осы екен менің тұңғыш нақ,
Тым еркін тасып күлгенім.
Сәуірде сенің жамалың,
Шілдедей жылы шырайың.
Құласам егер мен енді,
Бақыттан танып құлайын .
Адалдығы үшін махаббат,
Биіктігі үшін бұл бақтың
Риза саған құдайым,
Разы маған құдайым.
Шүкір!
Етпеймін бекер шығын сөз,
Сәт мынау тұрған саз аңқып.
Ән деген тәйірі не өзі?
Балқытар бойда күй бар да
Жуымақ емес ғазал түк.
Еркелей келіп сүйін жел!
Мен сүйген жанның өзгеден
Өкпесі, балдай назы артық.
Жалт ете қалған сәтіңде,
Жал асқан күндей көркіңмен,
Күй кешкем сосын тұтанған
Сөнбеуі тілек өртіңмен.
Қарамау үшін шараптай
Мас етер демі сұлуға,
Көзімнің құртын семірген
Мен сонда ,қалқам, өлтіргем.
Тізіліп өтті үзілмей,
Үзілмегі хақ тізбе-күн
Бауырын сызға төседі
Орады мұңға күз көгін.
Алаулап тұрар сені ойлап,
Төлеген ақынша айтамын сосын
Мұндай байлықты берген деп
Сірә, сізге кім?