Жайнамаз үстіндегі ой...

Жайнамаз үстіндегі ой...
Құдіреті күшті бір Алланың атымен бастайын!

Түн ауып Алматыда бара жатты,
Өшпейтін шам-шырағын қала жақты.
Аспанның кеудесінен қар төгіліп,
Ақ жапты күрең түстес дала бақты.

Сезініп осы сәтті ұйып тұрмын,
Уақытты Құдайыма қиып құрбым.
Жарықтық дүниеге сыймаушы едім,
Жарты бұл жайнамазға сыйып тұрмын.

Алланың ниет етіп алдындамын,
Жасауда күнәhар ми ардың қамын.
"Ықылас" сапарына шығып кеттім,
Бөгеттеп бөтен маған жолдың бәрін.

Сап түзеп жайнамаздың үстіндемін,
Сезінді тұла бойым іштің демін.
Қызыл тіл жаңылмайды тек дұғадан,
Санамда алуан ойдың құштым кебін.

... Я, Құдай! 
Саптай көрме көр етігін,
Әлі көп әлім жетсе көретінім.
Тап бірақ, миым жетпей жүр мынаған,
Рас болса, неге тудым өлетінім?!

Күнәhар тағы менмін бүлік қылсам,
Жайнамаз жығылғанда жылып тұрсам.
Несіне күндер бердің кешіп көр деп,
Я,Алла! Ертеңімді біліп тұрсаң?!

Кетеді біреуде әйтеу есе неге?
(Келеді сол біреуің кесенеме...)
Несіне өмір сүрем өзім болып,
Жаратқан, бәрін жазсаң пешенеме?!

Жүрегім лас әлемге ән қайырды,
Ақ сумен жібіткенмін таңдайымды.
Құдай-ау, көріп тұрып... Сәждеге әкеп,
Тигізген өзің тағы маңдайымды.

Барлығын біліп тұрсың, Жаратқансың,
Дегенің болар бәлкім талаптансын.
Несіне біліп тұрып ұшар басты,
Хақ ием, құбылаға қаратқансың?!

Бітпейтін ойдың шеті осы дайым,
Ал, тасбих тарта отырып басылайын.
Я,Құдай! Шүкіршілік. Сен де біліп,
Өзім де біліп іштей бас ұрайын!

Мадағым, саған Алла кешірімді,
Кешерсің есеп күнде кесімімді.
Зар қылма жайнамазға қағатұғын,
Бес уақыт күнде барып "есігіңді" ...

Бұл- мата. 



Бөлісу: