"Жәй өтірік" деген өтірік болмайды
блог
***
Алла қалауымен кішкентай ғана ханшайымның Анасы болсам да, өзіме де әлі де Ана керек екен...
Ешкім туған Анаңдай болмайды, бола алмайды...
Менің де бөбегіме ешқашан, ешкім дәл мендей бола алмайды, болмайды да...
***
Бәрі де уақытша"."
"Бәрі де уақытша" дегеннің өзі де уақытша...
***
Адам өзге адамның ауруын сезінбейді, сеземін десе де, түсінбейді, түсінемін десе де. Мейлі ол жан, не тән ауруы болса да. Мейлі ол қаншалықты жаныңа ең жақын адам болса да... Адам өз басынан өткермей өзгенің тіпті қолына кірген тікеннің қалай ауыртатынын, не тістің қалай ауыратынын да сезбейді, түсінбейді...
Әркімнің тән жарасынан бөлек жан жарасы бір төбе...
***
Көңілдің жыртығын материалдық дүниемен жамай алмайсың...
***
Біреудің өмірін бақылап, біреудің өміріне қызығып, біреудің өмір сүру салтынан үлгі алып, біреуге ұқсауға тырысамын деп қаншама пенденің өз өмірі босқа өтіп жатыр...шіркін... Ешқашан ешкім ешкімнің орнын баса да алмас, не сол басқа біреудің өмірін бұған берсе, сүре алмас еді. Әркімнің ниетіне қарай... Әсілі, пешенесіне жазғанын көреді де. Еліктеу деген не сөз? Жақсы ісін, жақсы мінезін, қылығын тек түртіп қойып қойын дәптерге, керек кезде керек деп тапса, пайдаланса болмас па? Қанша еліктесең де ешқашан өз болмысыңнан асып кетпессің, кем түспессің де. Қандай барсың, сондайсың. Тек өзіңді бар күйіңде қабылдасаң болғаны. Мінез, әдет, болмысыңмен қоса... Бәрібір ешқашан ешкімге жақпайсың. Ол - анық.
Дұрысы- әркім "өзі" болып өмір сүрсе жақсы. Ешбір рөл екі адамға жазылмаған...жараспайды да екі рет қайталанса...
***
Жәй өтірік деген өтірік болмайды(!).
Тіпті үйде адам болып, үйде ешкім жоқ деп немесе үйден шықпай жатып, жолдамын деп немесе барды жоқ, жоқты бар деп "жәй" айта салсақ та, ол - өтірік. Өтіріктің бір-ақ түрі бар, басқа нұсқасы жоқ...***
...билікке құмарлық деген жаман әдет қой. Әр адам өз ойынша өзінен әлсіздеу деп тапқан кез келген әйтеуір біреуді билеп, біреуге үстемдігін жүргізіп, айтқанын істетіп, сөзіне ергізгісі келеді. Аға ініге, әпке сіңліге, бастық қоластындағыларға...тағысын тағы дегендей... Тіпті кішігірім жанұяда да сондай...
Мойындайық... мойындамайық... Дегенмен барлық адамның бойында билікке деген титтей болса да құмарлық бар-ау...
***
Енең анаң емес. Себебі сен оның қызы емессің. Рас. Бірақ сені қызындай көретін анаңа ұқсайтын енелер болады дейді. Қайдам...
***
Біз бала кезде үйімізде бөлме атауымен жоқ болатын. Барлығы тек үй ішіндегі үй еді: қонақ үй, шәй ішетін үй, айнасы бар үй, жататын үй. Ал дәлізіміз "дала" еді. Даланы сыпырдың ба, даланы жудың ба...дегендей. Қызық.
Ал қазіргі балалар қалай атайды екен..
Жәй есіме түсіп кеткені...
***
Жасы үлкендердің бәрі әркез дұрыс сөйлей бермейді. Себебі, қаншалықты сенен көбірек өмір сүрсе де, өмірден көргені, көргенінен көкірекке түйгені сенен аз болуы мүмкін. Сондықтан, өзіңнен үлкендермен сөз таластырып, не қате ойлағанын, дұрыс түсінбей қалғанын түсіндірудің қажеті жоқ. Сені, жағдайыңды түсінбеген адам, сөзіңді қайдан түсінсін...
Адам ақылды болған соң қартаймайды, қартайғанның бәрі ақылды емес...
***
Біреудің сөзі жүрегіңе ауыр тигенде барып, мен қашан, кімді ренжіттім екен және қандай сөзбен деп ойланасың. Басқаны білмеймін, мен солай ойлаймын. Себебі, сені біреу ренжітсе, демек, одан бұрын сен де біреуді ренжіттің дегені шығар... Сөз - бумеранг.