"Жаужүрек мың бала"

Негізі, тарихтың тармақтары режиссердің талғамына бейімделе бастағанда бір жақты қабылдануы – бекер. «Қазақфильмнің» осыған дейін бұдан бірнеше рет опық жеп, бармақ тістегені бар. Тістегені несі, осы уақытқа дейінгі барлық жобалардың сиқы тырнақтан тырнақ қалдырмай тастаған да болуы керек. Бірақ, әңгіме басқада…

Әңгіме – Ахан Сатаевтың кезекті, иа-иа, тарихи жобасы туралы болмақ. Осы уақытқа дейін қаланың қалтарыстарындағы қараңғы істер туралы түсіріп үйренген Сатаев тарихи, тіпті патриоттық фильмге кіріскен екен. Не ғой, кіріскенде, фильмнің түсірілімі бітіп, 3-ші мамыр күні тұсаукесері де жоспарланып қойылған.



«Жаужүрек мың бала» — халықтың басына қара бұлт үйірілген тұстағы жасөспірім балалардың әкелерінің иығының артына тығылмастан, жаудың бетіне, қауіптің көзіне тіке қарағандығы туралы тарихи, жартылай аңызға құрылған фильм. Фильмді әкесі көз алдында жоңғарлардың найзасына аяусыз іліккен Сартайдың бірінші – өз туыстары, екінші – өз халқы үшін жылдап ішінде сақтап келген кек алу тарихы десе болады.

Сартай жеті жасынан он бес жасына дейін ішінде толғатып келген ұлы кек алу жоспары жолындағы дәл өзі секілді ниеттес балалардың тобын жасақтайды. Белгілі болғандай, жоғары пафосты бастаулардан құралғанымен, бұл топтың ішінде де көре алмаушылық, ауыз біршіліктің болмауы, сатқындық, қайта оралған достық – бәрі бар. Қысқаша айтқанда, фильм көрерменнің жүрегінің қалауына дөп тиіп, назарын өзіне байлап алуы үшін голливудтық жинақтың бәрі қамтылғандай-ақ екен. Бұған не дейсің, — Ахан Сатаев.


Әдеттегідей, бәрі де мамыражай күннен басталады. Бейқам, қойын алаңсыз бағып жатқан ауылға жоңғарлардың басып кіріп, назарға іліккен еркек кіндіктінің бәрін жаншып өлтіреді. Ары қарайғы оқиғаның өрбуі көзі қарақты көрерменнің бәріне бірдей мотивте жалғасады. Кек алуды өмірлік мақсатына айналдырып, ешкімнің айтқанына көнбестен, Сартай жоңғарлардың ірілі-ұсақты жасақтарын бір-бірден жойып отыруға көшеді. Бұл әрекеті туралы өсек-аяң бүкіл даланы шарлап кетіп, жан-жақтан жетімдер, жәпір көргендер, жақынынан айырылғандар жинала бастайды. Бір қараса — бір жасақ қолға айналған Сартайдың әскері Аңырақай түбіндегі шайқастан бір-ақ. Тіпті, сол соғыстың шешуші факторы рөліне де кірісіп кетеді.

Әбден ажалдылардың арасында күйбең тірлік кешіп үйренгендіктен бе, кім білсін, әйтеуір фильмдегі жоғары пафосты диалогтар мен адам сенбес кейбір жанкешті оқиғалар күлкіні де келтіреді екен. Яки, фильмнің алдына қойған мақсатына жету жолында жасанды да әрекеттер жасалғандай көрініп-ақ тұрды. Дегенмен, бұл «трюк» фильмнің қазақстандық өзге осы тектес фильмдердің фонында бағасын да, бәсін де еш түсірмесе керек-ті.



Жас актерлердің ойыны таң қалдырды. Таң қалдырғаны – бұл фильмнің ол актерлер үшін алғашқыдебюттік болғандығы. Бұл туралы сөзді сапырып айта беруге болады. Бәрі бір-ақ нәрсеге келіп тіреледі – қазақ кинематографиясындағы жаңа серпінді фильм. Ал, фильмдегі операторлық шешімдер, кейбір панорамалар мен оқиғадағы адамдардың эмоциясын жеткізудегі ракурстық шешімдер – қуантты, қуантып қана қоймай, біздің кинематография үшін сенімнің қайта оянуына түрткі болды. 

Қысқасы, 3-ші мамыр күні еліміздің барлық кинотеатрларында «Жаужүрек мың бала» фильмін қараңыздар, еш өкінбейсіздер. Бір жылға татитын патриоттық заряд пен мақтаныш сезімі баурайтынына сенімдімін. 

Киностан



Бөлісу: