Жауған аппақ қардай таза жүректен жыр шықпау мүмкін бе?!
блог
Сәлеметсіздер ме?! Сабақтан қол босамай кетті ме, өзімнің сылтауларым көбейіп кетті ме, "Массагетке" ең болмағанда, оқырман ретінде кіріп тұрушы ем. Оны да ұмытып кеттім. Осы неге жас болып, көп шаршайды екенбіз. Сабақты тәп-тәуір оқып келе жатып, бірден бәрін қойып, тәртіпсіздердің қатарынан табыла саламыз. Сосын түк болмағандай, "қой, есімді жинайын" деп, қайта кірісеміз. Соңғы күндері өлең де жазбай кеттім. Сосын алдыңғы күні отырып, дәптерімді ашқанымда шабыт келіп, "неге өлеңімді жазбай жүрмін" деген ой келді. Содан осы ойдың жетегімен 3-4 шумақ жазып жібердім. 2 күннен соң "БАҚ дизайны" деген сабақ болатын. Аты ғана болмаса, оқытушысы Қойшыбек Мүбарак ағай басқа тапсырмалар беріп жүреді. Дегенмен, рухани пайдасы бар - белгілі ақын-жазушылардың кітабын оқуға беріп тұратын. Ал, кейбір кездері ойда жүрген өлең немесе мақала жазып, ағайға оқып беретінбіз, содан балл алымыз. Әңгімеме қайта оралайын. Содан Қойшыбек ағайдан үй жұмысын істемедім. Сөмкемді ақтарып отырсам, сол шығарған өлеңім тұр екен. Алып, оқып бере салған едім.... Қап! Бір жағынан өкінішті, ал екінші жағынан ағайдың ақылын тыңдадым. Ол айтты: "Сен жассың, бойыңдағы Алла берген керемет дарынды болмашы сөздерге жұмсап, өлеңнің қадірін кетірме. Жауған аппақ қардай сенің жүрегіңнен жыр шықпауы мүмкін емес" деді. Енді бұдан былай, "жаман болса да, мақала мен өлең жаза беремін" деп шештім. Солай шығармашылықты шыңдамасам, жалқаулық деген сылтауға бастар жол екен. Мынау есімді жинауыма себепші болдырған өлеңімнің нұсқасы:
Тимегелі көп болды қолға қалам,
Қалды ойлар қағазға жолдамаған.
Кешір мені, ұмытсам өзіңді, өлең,
Қалай десем, өзімді қорғай алам.
Енді мені назың мен сөгерің бар,
Сөгіп менен кегің мен керегіңді ал,
Алматыға келгелі жазбай кеткен,
Жалыны өшкен жырымның себебі бар.
Ұлы арманмен оқуға келді кеме,
Оқымауға бір төккен терді жеңе.
Үлкен қала, көп адам достасқанға
Сан қызыққа тіл салып, ерді деме.
Сені, жырым, батпаққа батырғам жоқ
Расын айтсам, өзіңнен жақын жан жоқ
Тек мына бір арманшыл Алматыда,
Алатауға қараса ақ парағы
Тік тұратын, желқалам ақындар көп.
Ұшқыр ойлар алатын жанап бәрін,
Толғанысқа толтырған тағат тамын,
Мүмкін менің, лап еткен осы оттардан
Күйген шығар, кім білер, сабақтарым?!
"Олар менен асты" деу ойға сыйман,
Өзімнен де айып бар ой жасырған.
Қалмай ерген жанына жалынсыздың
Жалқаулығым тағы бар бойға асылған.
Бүгін, міне, ойланып осы жайды
"Неге" деп мен "басымыз қосылмай жүр?!"
Жырымменен өзімше бір сырластым,
Санамдағы сауалдар басылмай бір.