Жауап беріп көріңіз...

Жауап беріп көріңіз...
жеке
блог

  Туған жерді, өскен елді соңғы кезде сағынып жүргенім рас-ты. Қазіргі жай-күйі қандай екен?. Бірақ ол мекеннен көшіп кеткенбіз... Бәрібір қанша алыстасаң да, туған жерге деген сағынышың күн санап еселеп артары хақ.  Уақыт тауып барып қайтсам ғой деген ойда жүргенмін...

 Біздің жаққа биыл күз ерте түскен-ау шамасы, жер жүзі сарғайып кетіпті. Қызып жатқан тіршіліктің нышаны байқалмайды. Қалаға қарай көшіп кеткен адамдардың үйлерінің қабырғалары алыстан менмұндалап көрінеді. Біздің үйдің де қабырғалары қаңырап тұр. Еее бұл жерде менің балалық шағым өткен. Қандай ыстық! Кезінде қайнап жатқан ауылдың тіршілігі құрдымға кетіпті. Күні неткен ыстық еді - деп барлығын ой елегінен өткізіп қоямын. Бейне бір жүріп емес, ұшып келе жатқандаймын ба, қалай... Кейде алыстан бірең-сараң адамдар қарасы көрінеді. Төменде машина жүретін жол бар-ды. Сол жолмен атам кетіп барады екен. Мені байқамады-ау шамасы. Қарсы алдымнан бірнеше кісі шыға келді. Танымадым. Олар да мені көзіне де ілмей өте шықты. Мына төбешіктің қандай құдіреті барын осы түсіне алмай-ақ қойдым. Басқа жердің шөбі сарғайып кетсе де, осы маңның шалғыны жап-жасыл болып жайқалып тұратын. Бүгін де солай. Жанымнан атпен атам тағы шауып өте шықты. Мені тағы байқамады. Мен енді айқайлайын дегенде көз ұшына ұзап кетеді... Кенет жасыл төбешіктің басынан камера ұстаған бірнеше адамның қарасы көрінді. Жақындап бардым. Байқасам, Қайсар Қауымбек екен. Біздің ауылда неге жүр? Мына шыжыған ыстықта, көк түтін көкке көтерілмейтін далада камераға не түсіріп жүр?-деп ойлап болғанымша болған жоқ, микрофонды алдыма тартып:

- Айй, осы жігіт сұхбатты жақсы береді. Камеранды бері бұр. Бірнеше сұрағымызға жауап берсін-демесі бар ма?

- Қайсар аға мен сұхбат беруге дайын емес едім...

- Ештеңе етпейді, еркек деген мүдірместен жауап береді. Мінезіміз солай ғой...( Қайсар Қауымбектің дауыс мәнерін есіңізге түсіріңіз). Сұрағын қоя бастады.

 - Қолыңда жоқ дүние саған қаншалықты қымбатырақ?...

- ??? 

 Сұрақтың төркінін ұғар емеспін. Қиналып кеттім. (терлеп те кеттім-ау шамасы). Жауап бере алмадым. Мұндай да сұрақ болады екен-ау...Қатты қиналып кетсем керек-ті...Оянып кеттім. Сөйтсем түсім екен... Сонда да сұраққа іштей жауап іздеп бірінші, екінші, үшінші мынаны айтамын қазір деп қайта жаттым. Бейне бір қайтадан келіп сұхбат алардай... Бірақ таңертең сол бірінші, екінші, үшінші айтамын деген жауабымды есіме түсіре алмадым...

  P.S. Бірақ сол күні расымен-ақ massaget.kz сайтына шағын сұхбатым шықты. Бірақ бұл жолы Қайсар Қауымбек емес, Еркебұлан Қайрахан сұхбат алған-ды.