Айгерім бастаған эстафета маған тисе қайтер екем, бар шындықты жайып салайын ба, әлде үзік-үзік сәттерін беріп құтылайын ба деп ойланып жүргенде Жұлдыз Әбіл қарындасым (ренжісе де) маған таяқша ұсыныпты. Қабыл алдық.
Қай-қайдағыны еске түсіріп «сендер де!» деген сыңаймен кейігендей, екі тіземді уқалап, анда-санда «Аллааа-ай» десіп, сақалын сипап отырған қарт кейпінде көрдім-ау өзімді
Сонымен, шырақтарым біздің кезде бізден кейінгілер көрмеген «система» бар еді. Иә, иә «система». Құйып берудің орнына, ішіп алады. Түтікшесін тығып қойып. Нені, нені? Қаныңды да!
Ең бірінші күн... жатақхана... Сол байооооғы (ол кезде жөндеу көрмеген, есіктері сықырлаған, сұп-сұр!) 17 жатақхана еді ғой ол кезде. Сендер қазір Қайсарды көке көресіңдер, ал мен сол Қайсарларың жоқ кезде-ақ, 2007 жылы келгем. Сүлдер сүйретіп жүрген (кәдуілгі духпыз ғой) кездер ғой олар. (Сонымен, ҚазҰУ дегенің Юрфак жақтағы кіре беріс жер екен деп, ал ректорат жақты қаланың басқа бір мекемесі шығар деп ойлап жүрген кез еді ол. Рас, солай ойладық).
Әлдекімдерге ұқсатып, мені шешем не әкем әкелген жоқ. « - Осында ма, - Иә осында!» деумен нағашы ағаммен келдім. Дөкүмент өткізген соң-ақ ол ағам да ұшты-күйлі, жоғалды. Жатақтың алдына бардым. Мая деген бір семіздеу коммендантымыз бар екен. Түріне қарасаң ауылдан келген өңшең қара сан балаларды қадым заманғы молдалардай шыбықпен таспалап жатқандай. Көрінгені жаңа жиһаз екен. Оны тасып жатқан өзімдей жігіттер. Ыстық па, әйтеуір шешініп тастаған. Мына көріністен жүректерің шайлығып отырған шығар. Сырттай ғана қарап тұрған маған мұның бәрі де бейтаныс, бөтен көрінді. Сонымен орналастым. Ерте келген екем. 28-ші тамыз. Ешкім жоқ. Анда-санда екі-үш жігіт есік алдына шығып отырады. Мен 8-ші қабаттан бірақ шықтым. 813! Айтпақшы киім тасып жүргенде «уот-әкеңаус!», «уот-әкеңаус!» деп жүрген бір жігіт бар еді. Сол күйі бұл сөзді кім айтып жүргенін, осында тұра ма, жоқ па, старшак па, әлде жұмысшы ма – түсінбей кеткем. Әлі де білмеймін. Тағы да біреуі келді де «шөлдедім» деді. Қалтамда ақша буулы. Соның бір қағазын алып алдым да «макси-чай» әпергем. Старшак болып шықты. Оспанбек екен аты. Сол күйі қорыққаннан әпергендей болғаныма жоғары курстарға өткенге дейін қысылып жүргенім рас.
Қысқасы былай, бөлмеде қонып шыққан ертесі күні зіңгіттей-зіңгіттей екі жігіт кіріп келді. Соңынан бір әйел кірді. Бірінің шешесі екенін ұқтым. Биік бойлы сары жігіттің емес, бұйра шашты «модниктың». Ала сөмкесінен бөлмеге кірген бойда банкамен варенье, салат, тағысын-тағылар шығарып жатыр, шығарып жатыр. Кеше ішкен котлет жұғым болмады ма, көзім жайнап кетті. Тәәәк, «Аттарың кім болады?»
- Мен Әурен
- Мен Жұбаныш...
Бірі Талдықорғандық, ал бірі Жамбыл облысынан... Екіншісі мен жақтан екен. Зема! Өйдөйт деген! Содан не керек, екеуі де кішіпейіл, ақжарқын жігіт екен. Араласып, құрласып кеттік. Сол күні, талдықорғандық Жұбаныштың туысы ма, әлде сыныптасы ма, басқасы ма, құдай білсін – Айкөрім деген бір сары тапал қыз (өзім биіктей бір) келіп-кетіп жүрген. Оған. Жұбанышқа. Кешкісін бөлмеге келгем ғой, төсегімнің қабырғасына жапсырғыш қағаз қалдырыпты. Хат! «Сәлем, сұлу жігіт! Таныс болайық! I love you!». Уот-әкеңаус! Не дейді?! Кеше ғана көріп қалған, сөйлесіп көрмеген, ой-ауанымды танымаған, мүлдем бөтен қыз осылай жазып отыр. Бірден-ақ қой дестік. Сөйтсек, менен кейін келген тағы да бір жігіттерге жазыпты. Барып тұрған... Жә, қойшы, өзі білсін.
Тағы бірде... Әурен жақсы жігіт еді. Анау мен мынауды айтып отырғанда былай деді «Жігіттер, лампочка алайық – 15 теңгелік. Соған... ренжімесеңдер 5 теңгеден шығарайық...». Екі көзім атыздай болды! Мынадай ұсақтық болар ма! «Мә қоңқай 50 теңге!» Бар да, қалағаныңша ал! Ол риза. Кетті. Солай, сондай да типаждар көрдік. Одан кейін тамақ турасында әңгіме болды. Оны қойшы, айтпай-ақ өтейін. Кейін шағын кафетерий ашылып, сонда 4 жыл бойына тамақ ішіп жүрдім. Қарызға да...
Жалпы, есте қалғандарын айттым, айта берсе, көп қой... Оның бәрі жадыда қалсыншы...