Туған жер. Әрине, ыстық. Алыста - Алматыда жүргенде сағынасың. Биылғы жыл кешегідей емес, өзгеше. Оқу орнын да бітіргем. Жұмысқа енді орналасамын деп жүргенімде әскерге "шақыру билетін" жіберді. Бұл "той" маған аса қызық емес. Ауылда - Байқоңырда жатқаныма екі айдан асты.
Байқоңыр. Оразаны өткіздім. Тамызды "тамыздым". Алматыға кетуіме екі апта қалғанда ағамның үйінен бір-ақ шықтым. Сарай салғантұғын. Банясы бар, құдық сарайы бар. Бүгін-ертең үстін жабатын да шығар. Есімде, осыдан бір апта бұрын қолыма күрек ұстадым. Негізі, ақ саусақпын. Құралым - қалам. Балшыққа да екі аяғыммен кіріп, үсті-басыммен батып, жұмысқа бойымды да үйретіп алғам. Арбамен саз, құм тасып, сарайдың төбесіне шығып, төменде жүріп неше түрлі жұмыстарда "өнерімді" паш еткем. Әрине, 3-4 күн қатарынан белім ауырды, сүйектерім мүжілді, еттерім жылжыды. Дегенмен, мен мұндай ауыр жұмыстардан рахатымды таптым. Есіме түсіп отыр: бірде кездесуде Дүкең (Дулат Исабеков) мектеп кезінде бір қызға ғашық болғанын айтқан. Көрші ауылдың қызы болса керек. Жиені ме, әйтеуір, бір туысымен барған үйіне. Қыз шәй қойған. Ол замандағы қыздардың мінезі бүгінгі заманның қыздарына миф, аңыз, ертек. Қысылып, әңгімелесе алмаған жөнді. Дүкеңнің ойы сезіммен арпалысып жатса, туысы шәй іше беріпті. Енді әдейі қастарында қалғысы келген ғой. Оны далаға шығарып жіберіпті. Сөйтіп, Дүкең көп сөйлемей, бірден үйленуге ұсыныс жасапты. Қыз келісіпті. Туысы екеуі үйіне кеп, Дүкең ағасына үйленемін депті. Ағасы оттама деп қамшымен сабапты екеуін де. Әбден ұра берген соң, қамшы құйрығына батқан болу керек, үйленемін деуін қойыпты Дүкең көкем. Мен де дәл сол сияқты жұмысқа әбден берілгендіктен, шаршап-қиналғандықтан, сүйсініп жүрген адамымды мүлдем ойыма алмадым. Тек енді-енді ойыма орап жүрмін қиял арқылы. Көптеген адамдардың ғылымға, қызметке ден қоюы тегін емес. Сондай сезімдерден арылғысы келетіні ғой сондағы.
Аула. Үй жаққа қарасам, бұрынғы біз азаннан кешке шейін доп қуалап ойнаған жер боп-бос. Бірде-бір баланы көрмейсің. Есесіне, Королев 32-де интернет кафе ашылған екен, сонда балалардың көбісі. "Бастауыштан" белі шықпаған балаларда iPhone мен Galaxy. Балалық шағының қызығы сол экран ішінде өтетін болды ғой, қайран! Біз бала кезімізде доп тебуден басқа ойынды ойнамайтынбыз. Бір гол үшін төбелес, бір гол үшін бір-бірімізді боқтап, жасырып жүрген сырлардың бәрін быт-шыт қып жариялап, сол бір гол үшін бірнеше күн ренжісіп... Дарияға да шомылдық, биік жерден де секірдік, тығылыспақ та ойнадық... Ал қазір ше? Үй жағымда ондай ойындарды көзім еш шалар емес.
Осы кезде өз туған жерімде қонақта жат жерде жүрген сияқты сезіледі. Ешкім мені танымайды, мен де. Танысам да, алыстан қарап, қызығып қоямын. Айтпақшы, бағана горбәлінсада ЭКГ-ге кезекте тұрғанымда көрші сыныпта оқыған екі қызды көргем. Өсіп кетіпті. Күйеуге де шыққан шығар, бәлкім... Мені олар мектеп кезінде де танымаған. Тоғыздан кейін кеткен ғой олар. Мен мектепте кластан шықпайтын оқушы едім. Тек соңғы жылы ғана аздап шығып, өзімді көрсете бастадым. Есіме түсіп отыр: бағана кезекте отырғанымда, бір 4 жасар кішкентай қыз былай да былай жүгіріп жүрген, ойнап. Сәлден соң мамасы келді ме, әйтеуір, сұрады. Қалай сұрады? Басын қазақша бастады, бірақ даусы жөнді шықпады. Қасымда орыс қатындар отырған, соларға орысшалап айтты... Ооооуу, жаман айтты!=) "Не видели молоденькую девушку?" деп сұрады. Мен қаттым да қалдым. Нұрхан кластасымның "орысшасы" ойнап қалды. Баяғыда 9-класта мілісә қатын "қайда болдыңдар" деп орысшалап сұрап еді, Нұрхан да орысша жауап берген. Дене шынықтыру сабағынан қашып кеткенімізді орысшалап олай ешбір адам айтпаған шығар! "Дене убежали" деп бәрімізді күлкіге қарық қылды. Біз бәріміз қарқ-қарқ боп қалдық.
Балалық шағымның компьютерсіз, теліпонсыз, жоқшылық пен қарапайымдылықта өткеніне шүкірлік етемін! Шүкір, компьютерді білемін, теліпондарды ұстап көргем. Ештеңеден құр қалған жоқпын.
Алматыға кеткім кеп жүр. Жұмыс жасағым келеді. Өмірімнің "сценарийін" жазғым келеді. Бәріміз есейдік...